Жұмыр жердің жартысын жайлаған жаман тұмау көктемде өршіп-ақ тұрды. Жер сүмесімен игілігін үйіретін диқан қауымның көңілі күпті еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 31 наурыздағы мәлімдемесінен кейін диқан қауымның көкірегінде үміт оты тұтанып, бел буып, шаруа қамына кіріскен болатын.
Мемлекет басшысының тапсырмасына орай көктемгі егіс науқаны үшін қосымша 100 миллиард теңге қаржы бөлінді. Оның үстіне Үкіметке жанар майдың нарықтық бағасын 15 процентке арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндеті жүктелді. Бұл ауыл шаруашылығының шағын құрылымдары үшін өте көп көмек болатын.
Осы қамқорлықтың арқасында облыста 4905,9 мың гектар алқапқа жаздық дақылдар тұқымы себіліп, күні бұрын межеленген жоспар толығымен атқарылып шықты. Негізгі азық-түлік дақылы – жаздық бидай 3698 мың гектар алқапты құрайды. Іріктелген арпа тұқымы – 651,6 мың гектарға, сұлы – 60 мың гектар алқапқа себілді. Сондай-ақ тары, қарақұмық, ноқат, бұршақ, майбұршақ және жасамық дақылдары да егілді. Бір айта кетерлігі, облыс диқандары егіншілікті әртараптандыруды берік дәстүрге айналдырып, 4447,1 мың гектар алқапта бұршақ дақылдарын өсіріп отыр. Бұл – былтырғы көлемнен біршама артық көрсеткіш. Оның үстіне егіншілер 239,1 мың гектар майлы дақылдардан, 442,6 мың гектар мал азығын өскіндерден, 16 мың гектар картоп пен 3500 гектар көкөніс алқаптарынан өнім жинауға кірісіп кетті.
Биылғы жаз диқан қауымы үшін қырын қабақ танытты. Жаз бойы Ақмола өңірінде бұрын-соңды болмаған аптап ыстық тұрып алды. Кейбір аудандарда ылғал да аз түсті. Негізінде бұл өңір тәуекелді сипаттағы аймақ екендігін әркім біледі. Дәтке қуаты күзгі жер жыртудан бастап, оны қапысыз өңдеудің технологиялық жиынтығы сақталуының арқасында ырыздықтан үміт бар. Үстіміздегі жылы ылғал сақтау, топырақтың құнарын жоғалтып алмау шаралары бірінші кезекте тұрды. Әйтеуір, осы талпыныстың игі әсері тигендігін де екпін түсіріп айта кеткен жөн. Кәнігі диқандардың айтуына қарағанда, биыл егістікті кеш аяқтаған диқандар бармағын тістеп отырғанға ұқсайды. Кешігудің өзіндік себебі бар, шағын шаруашылықтарда қауқар аз. Сол себепті науқандық жұмыстарды уақытылы атқара алмай отыр. Әлі күнге дейін көктемгі егіс жұмысын ерте бітіргендерге еккізіп, күзде екінші біреулерді жалдап, орғызып аламыз деп үміттенетіндер де бар. Оның үстіне машина-трактор паркін жаңалауда да олқылықтар аз емес. Біз бұл туралы ел газеті – «Егеменде» жазған болатынбыз. Бірақ әлі де сол көріністің оңалмай тұрғандығы анық.
Жалпы, мониторингтік талдау бойынша дәл қазіргі уақытта 2791,2 мың гектар дәнді және бұршақ дақылдары алқаптарының 62,8 проценті жақсы деп бағалануда. Ал 1533 мың гектар алқаптың жағдайы қанағаттанарлық деңгейде ғана. Майлы дақылдардың 61,3 проценті жақсы болса, қалғаны қанағаттанарлық. Сөз реті келгенде, Атбасар және Жақсы аудандарында бұрын-соңды болмаған оқиға орын алды. Жаз айларында ақбөкен табындары 16 мың гектарға жуық егістік алқабын таптап кетті. Бұл да айтарлықтай шығын.
Жоғарыда егінге күтім жасау және сүдігер жерлерді өңдеуге барынша көңіл бөлінгендігін айтқан болатынбыз. Енді осы сөзімізді тірілте кетейік. Мәселен, 3,8 миллион гектарды химиялық өңдеу жоспарланса, бұл жұмыс 102,3 процентке орындалды. Қосжарнақтыларға қарсы 2,5 миллион гектар, арамшөптерге қарсы 1,3 миллион гектар алқап химиялық тәсілмен өңделді. Зиянкестермен күреске бюджетке 49,9 миллион теңге қаржы бөлінді. Сол қаржының арқасында шегірткеге қарсы шаралар толық жүзеге асырылды. Республикалық бюджет есебінен 10,4 мың гектар алқап италиялық прусқа қарсы дәрілермен залалсыздандырылды.
Қазіргі таңда облыс шаруашылықтары сүдігер жерлерді өңдеуде қажырлылық танытуда. Үстіміздегі жылдың 4 тамызына дейінгі дерек бойынша 758,7 мың гектар алқап агротехникалық шаралармен толық қамтылған. Бұл былтырғы көлемнен 37,1 мың гектарға артық. Сонымен қатар 777,6 гектар алқап екінші ізбен, ал, 754,4 мың гектар алқап үшінші ізбен өңделіп, бұл орайдағы жоспар асыра орындалды. Үстіміздегі жылы жергілікті тауар өндірушілер 61,3 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алуға келісім-шарт жасалған. Тыңайтқыштың 52,3 мың тоннасы 1300 гектар алқапқа сіңірілді. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасуда.
Мемлекет тарапынан мықтап қамқорлық көрсетіліп отырғанын екпін түсіріп айтуға әбден болады. Мәселен, ағымдағы жылы тыңайтқышты субсидиялауға – 4,1 мың миллиард теңге, тұқымға 659,2 миллион теңге бөлініп, толық игерілді. Жер сүмесімен күнелтетін диқан қауымы үшін орасан зор көмек екендігі әбден түсінікті. Әйтсе де қаржы тапшылығы 149,1 миллион теңге көлемінде сақталып отырғанын да сыналап айта кетуіміз керек. Пестицидтерді субсидиялау бағдарламасы талап деңгейінде. Бұл мақсатқа 8,8 миллиард теңге бөлініп, ай сайынғы бекітілген кесте бойынша жеткізілуде. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы осы шаруаға қатысты 3780 өтінімді мақұлдап отыр.
Там-тұмдап болса да жаңа техника алынып жатыр. Биылғы жылдың егін орағына 8100 астық комбайны қатысады. Мұның 3660-ы жоғары өнімді заманауи техника, ал қалғандары жамап-жасқап, әйтеуір кәдеге жаратып жатқан дүние. Дегенмен басқарма басшылары техника жүз процент дайын деп сендіріп отыр. Облыста соңғы үш жылда 929 комбайн, бір мыңнан астам трактор, 269 дана егіс кешені сатылып алынды. Егер көктемгі және күзгі науқан қас-қағым сәтте өте шығатындығын ескерсек, машина-трактор паркін әлі де жаңарта түсуіміз керек. Сонда ғана көктемгі егісті кешіктірмей, орақ науқанын Арқаның қара жауынына іліктірмей, тап-тұйнақтай етіп аяқтай алар едік.
Күзгі дала жұмыстарына 74,7 мың тонна дизель отыны, 4,4 мың тонна дизель майы және 6,8 мың тонна бензин қажет. Облысқа 73 мың тонна дизель отынының кепілдендірілген көлемі бөлінді. Павлодар және Шымкент мұнай өнімдері зауыттарынан тамыз, қыркүйек, қазан айларына бекітілген кесте бойынша жеткізіліп отырылады.
Зор еңбекпен жиналған алтын астықты сақтау да айрықша маңызды. Үстіміздегі жылы астықты қабылдауға арнайы лицензияланған 66 кәсіпорын жұмылдырылмақ. Жалпы сақтау сыйымдылығы 4,1 миллион тоннаны құрайды. Бұл тарапта облыс республикалық көрсеткіштің алдыңғы сапында тұр. Тәулігіне 100 тоннадан астам астық кептіруге мүмкіндігі жететін 240 кептіргіш дайындалған. Ендігісі осы қуатты тиімді пайдалану.
Ақмола облысы