Жыл басынан бері еліміздің порттары арқылы 3,4 млн тонна жүк тасымалданды. Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі хабарлайды, деп жазады Egemen.kz
Биылғы 7 айда еліміздің теңіз порттары арқылы 3,4 млн тонна жүк ауыстырып тиелді. Бұл - өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткішке тең.
Теңіз порттарында жүк таситын автокөлік құралдарын ауыстырып тиеу көлемі 100 % артты. Яғни, ол көрсеткіш өткен жылы көрсетілген уақыт кезеңінде 3 766 бірлік болса, биыл 7 540-қа жетті.
Сондай-ақ, контейнерлерді ауыстырып тиеуде оң динамика байқалды. Бұл көрсеткіш 16% өсіп, 17 079 бірлікті құрады.
Отандық сауда флотымен осы кезеңде Каспий теңізіндегі порттар арасында 1,32 млн тонна жүк тасымалданды. Оның ішінде 7 910 контейнер Ақтау – Баку фидер желісінің үлесінде.
Биыл бірінші жартыжылдықтың қорытындысында ішкі су жолдары бойынша тасымалдау көлемі 845,1 мың тоннаны құрап, 2019 жылғы көрсеткіштен 65,8% өсті. Оның ішінде 138 мың тонна Ресей бағытында болды.
Шлюздерді күрделі жөндеу шеңберінде ауданы 6 610 м2 темір-бетон құрылымдарына жөндеу жүргізілді.