• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Білім 14 Тамыз, 2020

Оқушыларға қажет гаджеттер үлестіріледі

619 рет
көрсетілді

Қамқорлықты қажет ететін білім алушыларға көмек көрсетуді көздейтін «Оқушыны қолда» республикалық қайырымдылық акциясы басталды. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Іс-шарада сөз алған Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төр­ағасы Есенғазы Нұртөлеуұлы аталған акция Білім және ғылым министрлігінің «Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасы жанындағы «Менің атамекенім» қоғамдық бір­лес­­тігімен бірлесіп қолға алынғанын жеткізді.

«Бұл акция меценаттар, волонтер­лер­дің көмегімен қолдау мен демеуге аса мұқтаж оқушыларды қашық­тан оқуға қажетті техникалық құ­рал­дармен, сондай-ақ жоғары жыл­дам­дықтағы интернетпен қам­та­масыз етуге бағытталған. Біз барлық қазақстандықтарды, кәсіпорындар мен ұйымдарды, компанияларды акцияға белсене қатысуға, бала­лар­дың қашықтан қиындықсыз оқуы­на көмектесуге шақырамыз. Ми­нистрлікте ең алдымен көмекке аса мұқ­таж білім алушылардың тізімі жасалды, олардың қатарына бірінші жетім балалар және жағдайы төмен отбасылардағы оқушылар енгізілді. Сонымен қатар акция аясында өтінім беру үшін арнайы «qoldau.edu.kz» сайты ашылды», деді Е.Нұртөлеуұлы. Комитет басшысының баяндауына қарағанда, тізім бойынша техникаларды таратуда атаулы әлеуметтік көмек алып отырған, көпбалалы отбасыдан шыққан, ата-анасы мүгедек және жалғызілікті ата-анасы бар балаларға да басымдық беріледі. Өтінім берушілер мен көмек қолын созғысы келетін қайырымды жандар туындаған сұрақтары болса, Балалардың құқық­тарын қорғау комитетінің телеграм чаты және комитеттің басқа да әлеуметтік желілердегі парақшалары, оқушының өз мектебі арқылы мамандармен байланысып жауап ала алады.

Ал «Менің атамекенім» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Ләззат Алтынбекқызы акцияны жүзеге асыруда қолданылатын сайтты аталған бірлестіктің тегін жасағанын айтты. «Біз qoldau.edu.kz сайтын мүмкіндігінше жеңіл қолдануға ыңғайлап жасадық. Онда бір батырмадан соң екіншісін басудың немесе алғашқы санаттан келесісіне өтіп отырудың қажеті жоқ. Барлығы бір бетте анық көрініп тұр. Порталда қазірдің өзінде министрлік растап берген жеке компьютері жоқ 20 мыңнан аса оқушының тізімі бар», деді Л.Алтынбекқызы.

Арнайы тізім енгізілген сайтта көмекке мұқтаж білім алушылар «жетім балалар, ата-ананың қам­қорлығынсыз қалған балалар және әлеуметтік аз қамтылған отбасы­лардың балалары» деп үш санатқа жіктелген. Бұдан бөлек ауыл балаларына арнап 4-санат та қосылыпты. Ата-аналар білім алушының жеке сәйкестендіру нөміріндегі соңғы 3 цифрды теріп, баласының енгізілген-енгізілмегенін анықтай алады.

«Егер балаңызды тізімнен таппаса­ңыз, уайымдамаңыз. Бұл – бар болғаны бірінші кезең. Көмекке аса мұқтаж білім алушыларды техникамен қамтамасыз етіп болғаннан кейін екінші кезеңді бастаймыз. Осы ауқымды істі жедел жүргізу – сіз бен біздің қолымызда. Кәсіпкерлер қауымы, сонымен бірге жеке тұлғалар да сайтымыз арқылы төлемді оңай әрі тез жасай алады», деді «Менің атамекенім» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры.