• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 14 Тамыз, 2020

Мемлекеттік орталық музейі қоры онлайн-жоба ұсынды

197 рет
көрсетілді

Мемлекеттік орталық музейі жыл сайын музей қорындағы құндылықтарды дәріптеу бағытында танымдық мәдени-білім беру бағдарламаларды жүйелі түрде музей көрермендеріне ұсынып келеді. Елдегі қазіргі жағдайға  байланысты орталық музей өз жұмысын белсенді түрде онлайн режімде жалғастырып отыр.

Осы орайда көрермендер назарына «Байланыс және телекоммуникация құралдары» тақырыбында мәдени-білім беру онлайн-жобасын ұсынады. Жоба аясында оқу орындарының оқушылары үшін әртүрлі байланыс құралдары мен телекоммуникацияларды дамытуға арналған: «Жазу-коммуникация құралы», «Радио», «Пошта. Телеграф», «Теледидар», «Патефондар. Магнитофондар», «Телефондар», «Компьютер. Ғаламтор» тақырыптарында онлайн музейлік сабақтарды ұсынады. Орталық музей мамандары дайындаған музей сабақтары студенттерді ақпарат беру процесінде маңызды рөл атқарған алғашқы жазу машинкаларының үлгілері, телефон және телеграф құрылғылары, телеқабылдағыштар мен радио аппараттардың сирек кездесетін үлгілерімен таныстырады.

Алматы қаласы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің мәліметтеріне сүйенсек, ұсынылған музей экспонаттарының коллекциясы ерекше әрі саналуан. Жазу тарихы бойынша музейлік сабақ ерекше қызығушылық тудырады. Мұнда ақпарат алмасудың ежелгі тәсілдері – вампумдар, кипу, пиктограммалар, петроглифтер, иероглифтер туралы айтылады. Сонымен қатар Қазақстанның ғылым, білім және мәдениет қайраткерлерінің жеке кешендеріндегі музейлік заттар негізінде қауырсын қаламнан бастап шарикті қалам мен жазу машинкаларына дейінгі жазу құралдарының алуан түрлерімен  таныстырады. Олардың арасында 1933 ж. Германияда шығарылған«Mercedes» механикалық жазу машинкасы және профессор, орнитолог А.Ковшарьдің жеке кешеніндегі ҚазКСР Қызыл Кітабының қолжазбасы терілген «Оптима» жазу машинкасы ерекше назар аударады. Сондай-ақ,  өз кезеңінде сымды пошта байланысының бір түрі ретінде кең таралған Морзе телеграф аппараттары, телетайп және т.б. қызығушылық тудырады.

Радио мен теледидарды ойлап табу – адамзат өнертабысының ең үлкен жетістіктерінің бірі. Музейлік сабаққа қатысушылар радио тыңдаушылар арасында кең сұранысқа ие болған радиола, «Муромец», «Эстония-3», «Сириус-5», «Маяк-2020» радиоқабылдағыштарымен кеңінен танысады.  Сондай-ақ,  теледидар туралы, атап айтқанда, алғашқы кеңестік сериялық КВН-49 үстел теледидары, «Рекорд -331» қара-ақ бейнелі теледидары, «Березка» жартылай өткізгішті теледидары туралы мәлімет алу қызғылықты болары сөзсіз.  Қазіргі таңда біздің өмірімізді телефонсыз елестету мүмкін емес. Музей сабақтарына қатысушылардың назарына алғашқы және қазіргі заманғы телефон аппараттары – 1928 жылы «Красная Заря» Ленинград зауытының телефон құрылғысы, ғалым-геолог Қ.Сәтбаевтың телефоны, 1960 жылғы дискілік телефон және алғашқы мобильді құрылғылар ұсынылды. Байланыс құралдарын дамытудағы нақты революция компьютердің және ғаламтор желісінің пайда болуымен байланыысты екендігін ерекше екшеп атап өтуге болады. Музейлік сабақта балалар музей коллекциялары мысалында байланыстың даму тарихы туралы пайдалы әрі танымдық ақпарат алып, онлайн-викториналарға қатысып, тақырыптық сұрақтарға жауап бере алады.