Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында бюджеттік заң жобалары қаралды. Бұл жолы депутаттар 2014-2016 жылдарға арналған бюджет жобасын талқыға салды.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында бюджеттік заң жобалары қаралды. Бұл жолы депутаттар 2014-2016 жылдарға арналған бюджет жобасын талқыға салды.
Алдымен күн тәртібінде Бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістерді қарастыратын заң жобасы қаралды. Енгізілген түзетулерге сәйкес бекітілетін шығыстарды жергілікті бюджеттен қаржыландырудың ең аз көлемін олардың басымдығы мен әлеуметтік маңызын ескере отырып, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық және жергілікті уәкілетті органдардың айқындауы көзделіп отыр. Бұл ретте Үкіметтің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есебіне талдамалық есепті бөлу жөніндегі нормаларды алып тастау көзделген. Сондай-ақ, концессиялық жобаларды қолдауға Үкімет немесе жергілікті атқарушы орган айқындайтын бір заңды тұлғаның орнына бірнеше заңды тұлғаны тарту жөніндегі талап та өзгертілген. Және де Үкімет немесе жергілікті атқарушы органдар айқындаған заңды тұлғалардың концессиялық ұсыныстардың негізділігіне жауаптылығын белгілеу де қарастырылған. Заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.
Сонымен қатар, Мәжіліс кешегі отырыста Салық салу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтыруларды қарастыратын заң жобасын мақұлдады. Онда белгілі бір кезең ішінде игерілмей жатқан жерлерге жоғарылатылған салық мөлшерлемелерін енгізу нормалары көзделіпті. Бұдан басқа, заң жобасына сән-салтанат заттарына (темекі және алкоголь акцизі, көлік құралы мен мүлік салығы) салық салу кезінде жекелеген салықтардың фискалдық функциясын күшейту бөлігінде бірқатар нормалар енгізіліп отыр.
Ұлттық қордан 2014-2016 жылдарға арналған кепілдік берілген трансферт туралы заңдық құжат та депутаттар тарапынан қолдау тапты. Кепілдендірілген трансферт көлемі жыл сайын 1 380 миллиард теңге көлемінде айқындалып, үстіміздегі жылдағы деңгейде сақталыпты.
Кешегі жалпы отырыста Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала, Астана бюджеттері арасындағы 2014-2016 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлеміне қатысты заң жобасы да мақұлданды. Заң жобасында Астана мен Алматы қалаларының жоғары коэффициенті сақталған. Ал жергілікті бюджеттің шығыс базасына бұрын республикалық бюджеттен қаржыландырылған нысаналы трансферттер, оның ішінде 2014 жылы 215 миллиард 700 миллион теңге, 2015 жылы – 214 миллион, 2016 жылы 220 миллиард 400 миллион теңгелік тұрақты сипаттағы шығындары берілген. Бұл ретте 2014 жылғы күрделі шығыстарға қарастырылған қаражат 2013 жылмен салыстырғанда 60 миллиард 100 миллион теңгеге ұлғайғандығын айта кету керек.
«2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы бойынша баяндамаларды Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев пен Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов жасады. Министр алдымен 2014-2018 жылдары әлемдік экономиканың баяу, бірақ 3,8-4,3 пайыз қарқынмен үдемелі өсуі болжанып отырғандығын алға тартты. Мұнай бағасы 90 АҚШ доллары деңгейінде белгіленген. Оның айтуынша, ішкі жалпы өнім 2014 жылы 38,6 триллион теңгеден 2018 жылы 65,9 триллионға дейін өседі. 2014 жылы жан басына шаққанда ІЖӨ 14,6 мың АҚШ долларын құрайтын болса, ол 2018 жылы 24 мыңға жетеді деп күтілуде. 2014-2018 жылдары еліміз экономикасы 6,0-7,1 пайыз деңгейінде болжануда. Мұнай өндіру 2014 жылы 83,0 миллион тоннаны құраса, 2018 жылы оның көлемі 110,0 миллионға жетеді деген үміт бар. Осы жылдар аралығында инфляция 6,0-8,0 пайыз шегінде жоспарланған. Тауарлар импорты 2014 жылы 58,6 миллиард доллардан 2018 жылы 93 миллиардқа дейін ұлғаяды деп күтіліп отыр. Сонымен, 2014 жылы бюджетке түсім 2013 жылғыға қарағанда 532,3 миллиард теңгеге өсіп, 5 760,7 миллиард теңгені; 2015 жылы 468,9 миллиардқа өсіп, 6 229,6 миллиард теңгені және 2016 жылы 643,8 миллиардқа өсіп, 6 873,4 миллиард теңгені құрайды деп болжанған. Бюджеттің шығыс бөлігі 2014 жылы 6 703,1 миллиард теңге, 2015 жылы – 7 207,2 және 2016 жылы 7 836,9 миллиард теңге деңгейінде белгіленіпті.
Орайы келгенде депутаттардың білім беру, денсаулық сақтау, көгілдір отынмен қамтамасыз ету, көлік инфрақұрылымын дамыту және тағы бірқатар ұсыныстарына 2014 жылы – 50,5 миллиард теңге, 2015 жылы – 39,1 және 2016 жылы 64,3 миллиард теңге қарастыру шығыстарды қайта бөлу есебінен жүзеге асқандығын айта кету керек.
Министр білім беру саласына үшжылдық бюджет жобасында 1 267 миллиард теңге қарастырылғандығын, электрондық оқыту жүйесін енгізу бойынша шығыстардың 5 миллиард теңгеге қысқарғанын, есесіне депутаттар ұсынысымен жалпы білім беруге 19,7 миллиард теңге қосымша қаржы көзделгендігінен хабардар етті. Ал денсаулық сақтау саласы бойынша 2 035 миллиард теңге көзделсе, депутаттар жыл сайын денсаулық сақтау объектілерін салу және қайта жөндеуге 5 миллиард теңге бөлгізуге қол жеткізген. Осы орайда мәдениет және ақпарат саласына үш жылдық кезеңге арналған шығыстардың 191,5 миллиард теңгеге жеткендігін айта кеткен жөн. Е.Досаев денешынықтыру және спорт саласында үш жылдық кезеңдегі шығыстардың 133,4 миллиард теңгені құрайтындығын тілге тиек ете келіп, еліміздің 6 өңірінде 15 денешынықтыру-сауықтыру кешендерін салуға 3,3 миллиард теңге қарастырылғандығын жеткізді.
Бұдан басқа үшжылдық бюджет жобасында «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына 460 миллиард теңге, «Ақ бұлақ» бағдарламасына – 323,9 миллиард, «Өңірлерді дамыту», «2012-2020 жылдары моноқалаларды дамыту» және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламаларына – 253,7 миллиард, «Агробизнес-2020» салалық бағдарламасына – 453,2 миллиард және көлік инфрақұрылымын дамытуға 994,4 миллиард теңге қарастырылып отыр.
Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовтің мәліметінше, жыл басынан бері еліміздің алтын-валюта қоры мен Ұлттық қорда шоғырланған қаржы көлемі 5,5 пайызға өсіп, үстіміздегі жылдың қыркүйегіне қараған күні 90,8 миллиард АҚШ долларына жеткен. Ұлттық қор активінің шетелдік валютадағы көлемі 66,6 миллиард доллар екені де атап айтылды.
Депутаттар баяндамашыларға сұрақтарын қойып, өз ойларын да ортаға салды.
Мәселен, мектептердің жайын сұраған Қуаныш Сұлтановқа берген жауабында Үкімет басшысының орынбасары Ербол Орынбаев қазіргі таңда елімізде үш ауысымды және апатты мектептерді қоса есептегенде 500 жаңа мектеп салынуы қажеттігін атап көрсетті. Әсіресе, демографиялық өсімі басым Оңтүстік Қазақстан, Алматы және Қызылорда облыстарында мектеп жетіспеушілігі қатты сезілуде екен. Олай болса, жаңа оқу орындары да осы өңірлерде салынатын болады.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бюджет жобасының Елбасы жүктеген барлық тапсырмаларды орындауға мүмкіндік беретінін ерекше атады. Спикер сөз орайы келгенде мемлекеттік бюджет мемлекеттік саясаттың тұтастай көрінісі екенін, сондықтан да, екі ай бойы Мәжіліс Үкіметпен бірлесе үш жылдық бюджетті мұқият қарап шыққандығын алға тартты. «Ашығын айту керек, кей жағдайда бюджеттік тапсырыстар шала жасалып қана қоймай, толығымен бюджеттік заңнамаға қайшы келіп тұрды. Сондықтан да, ондайға депутаттар қағидатты түрде қарсылық білдірді. Мұны Үкімет те түсінеді деп ойлаймын. Келешекте Үкімет бюджет жобасын Парламентке әкелгенде осыны ескерулері керек. Сонда ғана біз Мемлекет басшысының тапсырмаларын тиянақты орындай аламыз», деді палата Төрағасы.
Осылайша, талқыдан өткен бюджеттік заң жобалары толықтай депутаттар тарапынан қолдауға ие болып, Сенатқа жол тартты. Кейбір салаларда қаржы аздап қысқарғанымен, бюджеттің әлеуметтік сипатынан арыла қоймағандығы анық.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».