Құрылыс өндірісі қайткенде өрге басады?
Мемлекеттік бағдарламаларды қаржы институттарының еш кедергісіз қаржыландыруының маңыздылығын жергілікті кәсіпкерлер де сезініп, кірпіш зауыттарының салынуына айрықша құлшыныс танытып отыр.
Құрылыс өндірісі қайткенде өрге басады?
Мемлекеттік бағдарламаларды қаржы институттарының еш кедергісіз қаржыландыруының маңыздылығын жергілікті кәсіпкерлер де сезініп, кірпіш зауыттарының салынуына айрықша құлшыныс танытып отыр.
ҚЫЗЫЛЖАРДЫҢ ҚЫЗЫЛ КІРПІШІ
немесе оны өзінің бұрынғы атақ-даңқына қайта оралтудың ішкі-сыртқы мүмкіндіктері
Кезінде облыс құрылыс материалдарының нешеме түрлерін шығарып, елімізбен қатар Ресейдің көршілес облыстарына да жеткізетін. Олардың ішінде беріктігімен, сапалылығымен ерекшеленетін «Қызылжардың қызыл кірпіші» деген атқа ие өтімді өнімге сұраныс жоғары болатын. Өкініштісі сол, осы салаға маманданған Петропавл, Затон, Қызылту силикат зауыттарының жиі ауысқан иелері жаңа жағдайға бейімделудің орнына банкроттыққа ұшыратты. 2000 жылдардың басында «Жансая» ЖШС өз жұмысын тәп-тәуір бастап, жылына 20-30 миллион дана кірпіш шығаруға міндеттенгенімен, көрші елден әкеп, орнатқан ескі құрал-жабдықтар мен қондырғылар сыр беріп, ақыры істен шықты. Арзанның жілігі татымас деген осы.
Бүгінде өңірде Мичурин кірпіш зауыты ғана жұмыс істеп тұр. Аты дардай болғанымен, 10-12 адам ғана еңбекке тартылған. Техникалық базасы шағын, әлеуеті шектеулі. Өндіріс қуатын жаңғыртуға қаражат тапшы. Несие алайын десе, банктердің талабы күшті. Жергілікті шикізат материалдарын пайдаланатын серіктестіктің арзан өніміне қызығушылар қатары артқанымен, «жалғыз шапқан аттың жүйріктігі білінбейді» демекші, сұранысты қанағаттандыра алмасы бесенеден белгілі. Сол себепті құрылыс материалдарынан тапшылық көріп отырған құрылыс ұйымдарының сырттан сатып алуларына тура келеді. Ал, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар тұрғызу және қалпына келтіру қарқыны жыл өткен сайын артып келеді. Облыстық құрылыс басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, биыл бұл салаға 11 миллиард теңге бөлініп, жыл аяғына дейін 110 мың шаршы метр баспананы пайдалануға беру көзделген. Алайда, істе кідірістер мен қолбайлаушылықтар жоқ емес. Мәселен, жаңадан бой көтерген «Береке» шағын ауданында салынып жатқан көп қабатты тұрғын үйлерді көкшетаулық «ENKI» компаниясы кірпішпен уақытылы қамтамасыз ете алмай отыр. Сол себепті қымбат болса да Омбы мен Челябінің өнімдеріне «құда түсушілер» қатары көбеймесе, азаятын түрі байқалмайды. Осылайша, қазақстандық нарық аймағында ресейлік кәсіпкерлердің аты озып тұр. Тұрғын үйлер мен ғимараттардың өзіндік құнының аспандап кетуінің бір ұшығы жергілікті құрылыс материалдарының жетімсіздігінде, амалсыздан шеттен әкелінетінінде жатса керек. Осы күні облыс орталығы аумағында үй салу үшін жер алу кезегінде тұрғандардың саны 5 мыңнан асып жығылады. Олардың қажеттіліктерін өтеу мақсатымен 2020 жылға дейін «Солнечный», «Жас өркен», «Кирпичный», «Шығыс», «Южный», аудандарына басымдық беріліп, көп қабатты тұрғын үйлер салынатын болып шешілді. Ал, жағдай жоғарыдай жалғаса берсе, қолжетімді баспана көзден бұлбұл ұшқалы тұр демеске лажымыз жоқ. Оның үстіне 2011-2020 жылдарды қамтитын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы ел тұрғындарының тұрмыс сапасын және жайлы тұрғын үй деңгейін көтеруге бағытталған. Бұл міндеттерді шешу барысында пәтерлерде тұру жағдайын жақсарту, көп пәтерлі тұрғын үйлердің пайдалану сапасын талаптарға сәйкестендіру, кондоминимум нысандарының ортақ мүліктеріне күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары қарастырылған. Республика бойынша тұрғын үй қорының 50,1 миллион шаршы метрі немесе 32 пайызы шұғыл күрделі жөндеуді қажет ететінін ескерсек, жергілікті құрылыс өнеркәсібін өркендетудің, кешенді құрылыс комбинаттарын салудың маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Ел ауқымында атқарылып жатқан осынау шаралы істе Солтүстік Қазақстан облысының да алар үлесі зор.
ТҰТЫНУШЫ ТІЛЕГІН РЕТТЕУДІҢ ЖОЛЫ
бар ма деген сұрақ төңірегінде ой қозғасақ, тығырықтан шығу амалдарын іздестірген кәсіпкер кірпіш зауытын салуға кірісіп кетті
Облыстық әкімдікте аймақ басшысы Самат Ескендіровтің төрағалығымен тұрғын үй және әлеуметтік нысандар құрылысына арналған келелі кеңес өтіп, қатысқанымыз бар. Сонда бір аңғарғанымыз, құрылыс компаниялары басшылары тарапынан өңірден жеңілдікпен шикізат материалдарын ала тұра, кірпіш өнімдерін жеткізіп беруге уәде еткен компаниялардың құлықсыз әрекеттеріне реніштер айтылмай қалған жоқ. «Кісідегінің кілті аспанда» деген бекер сөз емес. Олардың басым көпшілігі облыстан сырт жерлерде орналасқандықтан, өз міндеттемелеріне жүрдім-бардым қарап келгені қатаң сын тезіне алынып, олқылықты түзету талап етілді. Тұйықтан шығудың бір жолын «Алаугаз СК»» ЖШС-нің директоры Александр Фильдман ұсынды. Ол кірпіш зауытын салу үшін мемлекеттік бағдарлама бойынша төмен пайызбен несие алмаққа қанша ұмтылса да, банк тарапынан түрлі кедергілерге кездескенін, әкімнен осы мәселеде ықпал жасауын өтінді. Демеуқаржы берсе жетіп жатыр, басқа ешқандай жеңілдік сұрамаймыз, уақтылы қайтаруға қауқарлымыз. Өнімнің нарықта үлкен сұранысқа ие боларына кепілдік береміз, деді кәсіпкер.
Қарап отырсақ, облыста құрылысқа аса қажетті материалдар шығарумен шұғылданатын ұйымдар жетіп артылады. Бірақ көпшілігі материалдық-техникалық базаның әлсіздігінен үлкен тәуекелге бара бермейді. Қолдағыны місе тұтып, өз қазанында қайнағанды құп көреді. Араларында «Единство-Бірлік» сияқты оза шауып, қара үзгендері некен-саяқ. Бұл кәсіпорын осыдан 15 жыл бұрын құрылып, бәсекеге қабілетті өнімдер өндіру технологиясын жан-жақты меңгеріп алған. Түрлі қалыптарда құйылатын темір-бетон бұйымдарына жергілікті материалдар қолданылатындықтан, өзіндік құны төмен. Қазір мұнда қуыс темір-бетон төбе жапқыш плиталар, төрт қырлы қадалар, бітеу қабырғаларды қосатын темір-бетон қаламалар, кәріздік су құбырлары шығарылады. Механикалық цехы, зертханасы бар жаңа ғимаратқа қоныс аударып, бетон езіндісін миксерлерге берудің екінші кезеңі қосылғалы күрделі құрылыс тапсырмаларын орындайтын дәрежеге жетті.
– Осы уақыт аралығында өндіріс көлемі 1 миллион теңгеден жарты миллиард теңгеге дейін ұлғайды. Біздің ұжымда еңбек адамына жан-жақты қамқорлық көрсетіледі. Мәселен, 100 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейін пайызсыз несие беру дәстүрі бар. Зейнетке шыққан кезде 5 айлық жалақы мөлшерінде сыйақы тағайындаймыз. Тұрғын үй, саяжай салатындарға өнімдерімізді қолжетімді бағамен босатамыз,–дейді кәсіпорын директоры Марат Мергенов.
Демек, осы мысал арқылы-ақ жағдай жасаса, тау қопарып тастауға тас-түйін орта және шағын бизнес өкілдерін неге қолдамасқа деген қорытынды жасауға болады. «Алаугаз СК» серіктестігі осы санат қатарында. Оның атауына қарап кімнің болса да оны бірден газ тасымалымен және өткізумен байланыстырары анық. Шындығында 2002 жылы құрылған кәсіпорын Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында газбен жабдықтау желілерінің техникалық металл құрылымдық құрылыс жұмыстарын жүргізеді. Оған айрықша көңіл аударуымыздың себебі, компания басшысының өздерінде салынып жатқан кірпіш зауыты үшін алған несиенің пайыздық мөлшерін демеуқаржыландыру туралы өтінішінің мақұлдануы еді. Өйткені, сырт көзге өндірісі газға байланысты кәсіпорынның кірпіш зауыты құрылысымен айналысуы таңданарлықтай жай екені сөзсіз. Сондықтан істің мән-жайына қанығу үшін серіктестік директоры Александр Фильдманға жолыққан едік.
– Негізінен техникалық металл құрылымдық құрылыс жұмыстарымен айналыссақ та, кірпіш материалы ауадай қажет екенін сезіндік. Облысымызда құрылыс кірпішін шығаратын зауыт жоқтың қасы, оны қымбат бағамен сырттан тасымалдауға мәжбүрміз. “Жұмыспен қамту-2020" бағдарламасы бойынша Вагулино ауылында бір пәтерлі үш тұрғын үй және 320 басқа арналған мал шаруашылығы кешенін салып жатырмыз. Мал шаруашылығы кешенінде негізгі қора құрылысы аяқталды, қазір сауын бөлімшесінің құрылысын жүргізудеміз. Сонымен бірге, қосалқы мердігерлікпен қаладағы бірнеше тұрғын үй құрылысына қатысудамыз. Осы тұрғын үйлер түгелдей дерлік кірпіштен қаланады. Оның мұқтаждығын қатты сезініп, өңірде кірпіш шығару ісін жаңғыртуды қолға алып отырғанымыз сондықтан. Алыстан арбалағанша жақыннан дорбалағанымыз әлдеқайда тиімді болмақ, – деді Александр Юрьевич.
Жұдырықтай жұмылып жұмыс істейтін ұжым өткен жылы 247 миллион теңгенің жұмысын атқарыпты. Жекелеген санаттар бойынша, атап айтқанда, білікті токарь, дәнекерлеуші және слесарьлардың айлық табысы 120-130 мың теңгені құрайды.
– Керамикалық кірпіш зауытын өз күшімізбен тұрғызудамыз. Ол үшін кәсіпорынның іргесінен 1,5 гектар жер алып, зауыт құрылысына осы жылғы сәуір айында кірістік. Оның басты кірпіш формалаушы нығарлағыш қондырғысын 120 мың долларға Қытайдан сатып әкелдік. Соған “ВТБ” банктен 25 миллион теңге несие алдық. Банктің пайыздық мөлшері 14 пайызды құрайды. Облыстық әкімдікте мен сөз еткен мәселе – осы пайыздық мөлшерге мемлекеттік демеуқаржы алу жайы. Бұл мәселемен айналысатын арнайы комиссия бірден қолдау таныта қоймағандықтан, оған үлкен жиында назар аударуыма тура келді. Нәтижесінде өңір басшысы Самат Ескендіровтің тікелей ықпал етуімен демеуқаржыға қолымыз жетті. Сөйтіп, банктің пайыздық мөлшерін жартылай өзіміз, жартылай мемлекет көтеретін болды. Инвестициялық бағдарлама бойынша көрсетілетін бұл да бір мемлекеттік қолдау түрі. Одан басқа бірінші жылдың несиемен есеп айырысуын келесі жылға қалдыру жеңілдігі тағы бар. Облыс әкімінің іске көмегі тиді, оған өте ризамыз, – деді серіктестік басшысы.
Кәсіпорын директоры “арық айтып, семіз шыққанды” қалайтын сияқты. Әйтпесе, серіктестіктің бұл жобасы өте ауқымды, 25 миллион теңге несиемен біте қоятын шаруа емес. Бұл басты станокқа бірден қолма-қол қажет болған қаражат қана, ал жобаның толық құны 800 мың АҚШ долларына тең. Яғни, басқа негізгі жұмсалымдарды кәсіпорын өзінің өндірістік айналымдары мен қаржылық қорлары есебінен көтеруді ұйғарып отыр. Қалай дегенде де, кірпіш зауытын жедел іске қосу қажет болып тұр. Ана бір жылдардағы дабырасы күшті болған кірпіш кәсіпорындары жабылып, қирап қалды. Сырттан тасымалданатын кірпіш өте қымбат, ең жақын жердегі Рудныйда шығарылатын кірпіштің бір данасы 60 теңге тұрады. Ал, оның жоспарлы бағасы 45-ақ теңге, сонда әр кірпіштен ғана 15 теңгеден артық ақша жұмсалады. Зауыттың жылдық қуаты 4 миллион дана кірпішке есептелінген болса, жылына ол баға айырмашылығынан ғана 60 миллион теңгедей тиімділік берер еді. Яғни, зауыт өзін-өзі 2-3 жылдан қалдырмай толық ақтап шығары сөзсіз.Қазір зауыттың іргетасы қаланып, тірек темір конструкциялары қойылып, енді қабырға жақтаулары толтырылып, алдағы айларда шатыры жабылады және едені бетондалады. Сосын қондырғылары мен құрал-жабдықтары орнатыла бастайды. Содан кейін оларды біртіндеп іске қосу, реттеу жұмыстары жүргізіледі. Сөйтіп, жыл соңына дейін зауыттың негізгі корпусы пайдаланылуға берілетін болады. Кәсіпорынның өндірістік басшысы Анатолий Слепцов жетекшілік ететін осы басты буында негізгі металл өңдеу цехы жұмыс істейді. Онда 4 токарьлық, 2 фрезерлік және бір бұрғылау станоктары бар. Дәнекерлеушілер звеносы мен слесарьлық бөлім де осы цехтың құрамында. Онда барлығы 17 адам еңбек етеді, олардың тең жартысы – жастар. Сондағы жас механик Александр Боцвин екі жылдың ішінде кірпіш зауытына қойылатын ленталы транспортерді жалғыз өзі құрастырып шыққан. Негізгі металл құрылымдық жұмыстар осы цехта атқарылады. Кәсіпорын биыл өзінің оттегі цехын жасап алды. Енді құрылыс жұмыстарын оттегімен жабдықтауда ешқандай қиындық болмайды. Негізгі жұмыс түрі газ желілерімен жабдықтау болғандықтан, басым бағыт саналатыны сөзсіз. Бүгіндері серіктестіктің мамандары Ақмола облысының Степняк қаласында газбен жылыту желілерін жүргізуді аяқтап қалды. Кәсіпорын жұмысшыларының тағы бір тобы Петропавлдағы элеваторда 120 тонна астыққа арналған газ-кептіргіш орнатуда. Сондай-ақ, жекелеген тұрғындардың тапсырмасы бойынша газбен жылыту қондырғыларын орнату қызметтерін көрсетуде.
Механикалық цехтың басты жұмыстарының бәрі кірпіш зауытына қажетті құрал-жабдықтарды жасауға бағытталған. Қазір онда кірпіш тасымалына керек шағын вагонеткалар мен транспортерлер бөлшектері, зауыттың темір қақпақтары дайындалу үстінде. Ал, кірпіш өндірісіне қажетті құм тасымалдау техникаларын Қытайдан алмақшы.
– Аспанасты еліндегілермен хабарласып, қажетті техникаларға алдын-ала таңдау жасап қойдық. Бір балшық тиегіш кран-манипулятор және өзі қотаратын екі автомашина алмақшы ойымыз бар. Олардың шағын 8 тонналық жүк көліктері біздегі қойылатын жол талаптарына сәйкес келеді. Кірпіш соғатын балшық жөнінде қам жемейміз, ескі әуежай жақтағы құмы мен балшығы жоғары техникалық сараптамадан өткен “Южный” карьерінің қоры 30 миллион тоннадан асады. Ол кемінде 40-50 жылға жетеді деген сөз. Оған қосатын таза көмір күлін №2 ЖЭО-дан алатын боламыз. Бір сөзбен айтқанда, жаңа жылдан бастап, жаңа керамикалық кірпіш шығаруды көздеп отырмыз, – дейді директор.
Құрылысқа қат болып отырған кірпіш өндірісін жолға қойып, өңір экономикасын, соның ішінде құрылысты дамытуға құлшыныс танытып отырған кәсіпорынның игі қадамы өзгелерге үлгі боларлық озық жоба екені айқын аңғарылады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Тоқтар НҰРАХМЕТҰЛЫ,
журналист.
Солтүстік Қазақстан облысы.