• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 18 Тамыз, 2020

Саңлақ суретші

1162 рет
көрсетілді

Сембіғали десем, көкейіме «кетсе саған кетсін» деп, Құдай тағала бір басына «графика» десең – сыза алатын, «кескіндеме» десең – жаза алатын, «мүсін» десең – бал­шық илеп, мыс құятындай қы­лып, картина танығыш, композиция дегенді сонадайдан «оқығыш» етіп жаратқан, жан-жақты, бір орнында тыншып отыра алмайтын жігерлі, қағылез де шапшаң һәм мына жағы Бейжің, Шанхай, ана жағы Любляна, Мәскеу, Дюселльдорф, Амстердам, Вена, Венеция, Париж, Мюнхен, Лон­дон аралап жүретін жаһангез суретші келеді...

Ол картинаны да молынан жазды. Орам-орам қағазға суретті де аямай тү­сірді. Астананың көрнекі жерлеріне жа­саған мүсіндері де бой көтерді, салтанатты сарайлардың төрінде монументті шығармалары, айшық росписьтері де түсті. Вернисаждарын да жыл құрғатпай ашты, марапатын да алды. Еуропа мен Қытайдың «Мәдениет пен өнерді қолдау» қоры тағайындаған «Еуропа Парламенті Өнер Кавалері» орденін де тағынды.

Илья Жақанов, Сабыр Мәмбеев се­кіл­ді жақсылардың да жанында жүрді. Қиян­дағы Михаил Шемякинді алдырып, иек артпадағы Еркін Мергеновті шақырып, суретшілер арасына салып, сұхбат та құрды. Алуан түрлі көр­ме­лер, сан қырлы симпозиумдар ұйым­дастырды.

Оның ұйымдастыру қабілетінің бір қыры сонау Солтүстік Кипр симпозиумында жарқырай көрінді. Суат Гюнсельдей миллиардердің тілін тауып, қаншама жас суретшілерді Нико­сияға шақырып томағасын тартты. Алысқа самғатты. Алғысқа да бөленді.

* * *

Сембіғали Абзалбекұлы десем, көз алдыма оның шығармасындағы жыл­қылар образы келеді, көкейге Қамбар ата бейнесі қоса түседі. Ғасырлар бо­йында мал өсірумен, ұзара көшіп, тежеле қонумен тірлік еткен елдің ұрпағы – жануардың ішіндегі адамға ең ыстығы, қадірлісі аттың бағасын өзгеше түсініп, ерекше сезінген, жылқы мінез суретші елестейді.

Ол – еркіндік символы, ер қанаты жылқыны (түу, о баста) шығармасына кілт қылып алды да, «Сыншы», «Ертең бәйге», «Бұғаусыз тұлпар», «Аңшылар», «Сұлтан Бейбарыс», «Жалаңтөс батыр», «Кентавр биі», «Мың жылқы», «Түйтенің көк шағыры» деп күллісін тізсек, ұзақ бір керуенге жүк болатын ұзын-сонар картиналарының өн бойын ылғи қыл құйрықтыға толтырды. Ол картиналар өңкей бір қылаң, ақ, көк, боз, сұр, бурыл, бөрте, құла жылқыларға толатын. Ол шығармалар ылғи бір баран: қара, торы, шабдар, жирен, күрең жануарларға кенелетін. Оның аттары ахалтеке шалыс та емес, жұрт сала беретін арабы да емес, қазақтың шыдамды қаба жон тарландары, мойымас қазанаттары болып келеді.

Оның аттары қозғалып бір кетсе – аяңы (жел аяң дейсіз бе, көсілген аяң дейсіз бе) білінетін, желіп бір кетсе – бөрі бүлкек желіс пе, бұлаң құйрық желіс пе, сар желіс пе, зар желіс пе, көрініп тұрады. Шабысынан жай шабыс па, шоқырақ шабыс па, текірек пе, ағынды шабыс па байқалып тұратын. Әгәрки, тайпалап бір кетсе – жол жорға ма, қой жорға ма, жортақы жорға ма, он екі құлаш па, су шайқалмас жорға ма, ажырата салады. Жануарды салып отырып (баяғы бала кезіндей, көзін жұмып тұрып, аттың әрбір бұлшық етін зерттеп, алақанына толтыра жентектей қысып, рахаттана сипағанындай) жұлығы қайсы, көбе, шаша, жая, сәрбек, сауыр, сағақ, бөктеріншек, өндіршек, төс сүріншегі қайда, құндызығын сезіне отырып дәл, дөп салады. Мінез-құлқын таниды. Құлағын жымып, мойынын төмен сала, тұра ұмтылған айғырдың да емеурінін жазбай танып отырып салады.

Оның бейнелеген жылқыларының тоқпан жілігі, төс сүйегі анық білініп, сауыры кең, қабырғалы, жоталы, бөлек-бөлек омыраулы, күшті болып келеді. Бауыры жазық, шідерлігі жуан болып та келеді. Оның жылқылары, Абай айт­қандайын, сүрінбей, иек қағып, еліріп басады.

...Несін айтасыз, Сембіғали жылқы­ның әсем жаратылысын нақпа-нақ, дәл салады. Оны бейнелеу өнеріндегі «атбегі» дерсіз, «атсейіс» дерсіз.

Осы сөзіміздің дәлеліндей қылып суретші:

Тіпті, оның асауды үйретіп, аяғына бүкпені салып жүргенде, студент кезінде жазған «Менің әкемнің аттары» (1987 ж.) Мәскеу қаласындағы Шығыс халықтары музейінде сақтаулы тұр емес пе?

* * *

Ол картина жазғанда, адамның қа­сы-көзі, кірпігін санап, аттарды жазса, әрбір тал жал-құйрығын тізбелеп, шұқылап деталь қуалап отырмайды. Монументалды етіп, картинаға тұтас қарап, бастауын да біліп, бітерін де болжай, кесек-кесек, қауырт жазады. Қалың-қалың жақтауларға үлкен-үлкен кенептер тартқызып, оған қарын­да­шы мен қағазында түсіп, миы мен жү­регінде әбден пісіп, композиция­сы дертіп тұрған суретті тұтқиыл түсі­реді де, палитра-қа­ламын алып жібе­ріп, жанын шығара, дүрілдете, «ала өгіздей мөңірете» жа­зады. Жалпақ қыл қаламмен, көз қыра­ғылығын, қол қуатын, білім қорын сарқа, сендіре, серпіп жазады. Құлағын жымып, қол­тығы сөгіле, сауыры жазыла шапқан аттайын кетеді, самғап...

Суретшінің көкейінде сан алуан бояу, реңктер жүреді. «Шеберханада қамалып, саусақтан сорып жазбай, табиғатқа шы­ғып кетіп, әлем аралап жетіп, палитра жаңартып жазу керек» дейтін прин­ципінен ажырамай келіп, тапқанын «Кер дөненнің әлемі» мен «Қорқыт», «Қызыл уық» картиналарына түсіреді. «Абыздың жорамалы», «Ағыбай батырдайын» қисапсыз көп шығармаларына кіріктіреді.

Шебердің көңілінде (былайғы жұрт­қа бей-берекет көрінетін) әр ирегі­нің бо­йында мән-мағына жатқан, үзіл­мейтін, бітпес сызықтар жүреді. Сол сы­зықтар кезек-кезегімен «Бурыл айғыр», «Жазу», «Уақыт наме», «Қыз әлемі», «Табиғат» картиналарының таби­ға­тына барып түсіп, өз орындарын таба, дари сіңеді.

Оның қарындаш, көмірмен салған суреттері қағазға қуатты сызықтармен, әсем ырғақпен түседі. Графикасының қағаздан майы шығып, тері шыпшып, суреттің өзіне тән «хош иісі» бұрқырап тұрады. Ақ қағазға сызылған қара су­рет­тердің ертең-ақ «Көке», «Жез киік­тің Қанат Нұрбатырға келуі» сыпатты үлкен-үлкен картинаға айналып ке­тетіні сезіліп, күретамырлары адыра­йып, тыныс­тап тұрғаны.

Қабылан ерткен аңшылар, жетіген шалған кейуана («Көкала үйлек»), арбасына мүйізді ат жеккен батыр қыз («Томирис») дейсіз бе, әуелі графика болып түсуімен-ақ құнды жәдігерлер.

* * *

Картина мен графикасы көрушіге тек келбетін, әмсе ажарын танытса, «Квадриго» сынды, «Дабыл», «От­қа табынушылар», «Бас түрік», «Хор қызы», «Бақыт», «Үш арыс» тә­різ­ді мүсіндерін, (Сембіғалиды мүсін­ші ретінде қалыптастырып, суара шың­даған) «Қазақ елі» монументін, ондағы аттылы хан, сауытты-жарақты батырларды шыр айнала көресің. Пластика рахатын сезіне, толып жатқан рельеф, горелефтерінің салаларын саусақпен сыза, сипай көресің.

Сембіғали сонау Кипр аралында, Никосия қаласына арнап «Құт иесі» атты мүсінін жасады.

Бұл мүсін – жаратылыстың негізгі қарама-қайшылықтары, оң мен теріс зарядтардай, күн мен түндей, жарық пен көлеңкедей, алар дем мен шығар демдей ажырамас қос ұғымның бір парасы, Еркек пен Әйел, олардың бұл фәнидегі таусылмас та үзілмес үйлесіміне бағыш­талған. Табиғаттың тұқым беруші, қо­ры, құты, қасиеті – Еркек пен ұрпақ әке­луші, жалғастырушы, бала өсіруші – Ұмай ана, Жер ана сынды образдарды жұптаудан туған ерекше шығарма.

Осы екі образды салып, бейнелеп, мүсін жасайтын кездерінде шығарма иелері Құт тұлғасын ер-азамат қылып, киім кигізіп, сауыт-сайман асындырып, қолына қару ұстатқаннан гөрі, Кентавр бейнелі, бұқа тұрпатты, қошқар, теке секілді (еркектігі анық көрініп тұратын) жануарлардың тұлғасымен ишаралап, бұла күшін меңзеп салу үрдісін қолданады. Керегінше пластикалық әдістерін тауып, неше түрлі форма, алуан диаметрдегі саңылау салып, созып, ұзартып, кесіп жатады. Сембіғали да бұл екі образдың түйінделер жерін, түйсігін, үндестігі мен сәйкестігін іздеп тауып, Солтүстік Кипр еліне, оған ағылған мың­даған туристер назарына осы «Құт иесін» ұсынды.

* * *

Сембіғали Смағұлов десем, көкейге «композитор» суретші келеді.

Оның композициясындағы сызық­тар бір-бірімен әсем өріліп, жеке плас­тикасына бағынып, қызыл бояуы көк­пенен ұстасып, жасыл түсі сарымен ашы­лып, ағы қарасымен ұйымдаса тұтасып, әсем би ырғағына ұласады. Оның картиналары бейне қамшы өрі­міндей. Тып-тығыз қылып өрілетіні сон­ша, картиналарының еш жерінен басы артық деталь шықпайды. Кенеп бетінен бірде-бір тұлғаны сылып алып тастай алмайсың.

Оның қолынан шыққан картина­лар – ақындар айтатын балталаса бұзыл­майтын ұйқастай, тұтас-сом дүниелер. Арғы, Қайта өрлеу заманғы Италия су­ретшілері, күллі Еуропа бейнелеу өне­рі саңлақтарынан, алдыңғы күнгі Ни­кита Фаворский, кешегі Мақұм Қиса­мединов композицияларынан нәр алған (бүгінгі фотографиядан алып кө­шіру, интернеттен «жұлып» жапсыру өлшемімен еш ымыраласпайтын), авторлық жұмыстар санатында.

Қараңызшы, «Қас-қағым жаратылыс»1 картинасында өрнегі барыспен астасып, барысы жыланмен шырмалып, жыланы самұрықпен өріліп, самұрығы шеңбер сызықпен байланысып, ол кіші шеңбермен шендесіп, тап ортасынан сары шаянның символы көрініп, композиция бітпей, «белден асып, белден асқан бұлтпенен араласып» кете барады емес пе? Әрбір адам, әрбір аң картина ішінде өмір шын сүріп тұрған жоқ па? Өзінің сөзімен айтсақ, «әңгімені пластикаға емес, пластиканы әңгімеге бағынтып» тұр ғой? Картина – бір ды­бысы да оқшау шықпаған, алып, бір­тұтас (суретші дейтін дирижерге бағын­ған), симфонияға айналады емес пе?

Зады, оқу орындарында жүргізіле­тін композиция сабағы шартты түрдегі пән. Композиция әркімнің өзіне тән махаббаты секілді. Үйретуге, телуге келмейтін жеке үлесі, дара несібе тұр­патты. Әр суретшінің тәлейіне жазыл­ған қол бедері секілді шытырман лаби­ринті іспетті. Бұл ретте Семкеңнің жо­лы болған, жұлдызы жоғары суретші. Өнердегі талғамы қалыптасып, тәжі­рибелік, концептуалдық, экспери­мен­талдық жолдардан саты-сатылап өткен, тереңдей, кеңи-созыла, биіктей өскен суретші.

Сембіғалидің символизм композициясы – көлденең көк атты келіп, оңай түсініп, жеңіл бөктеріп кетуге келмейтін жағы. Оның композициясы – далалықтардың тұспалдап, орағытып ұқтырмай сөйлейтіні секілді ме? Ым-ишара тәрізді, жұмбақтап, астарлай жеткізгені сияқты ма? Ирек сызығы не береді, қос сызығы не тұспал? Дөң­гелегі, доғасы, шеңбері, нүкте менен ноқаты ше? Қатпарлы тәсілін түкпірлей танытпай, шыңырауда жатқан сырын таптырмайтыны қалай? Ойлап, бойлай аларсыз ба? Әйтеуір, емеурінмен айтқанын көрнекке, арзан талғамға салғанын көрген емен.

Сембіғалидің қолынан шыққан символизм болмысты, айтар ойға бай, об­разға шүлен картинасының бірі – (орыс тіліндегі «моя вертикаль» деген ұғымға аса жақын келетін) «Менің биі­гім». Бұл – айқыштың, яғни крестің (тік сызық пен көлденең сызықтың) үй­лесіміне арналған картина. Ақ пен қара­дай, күнес пен көлеңкедей кереғар һәм бір-бірінсіз тұра алмайтын екі ғаламды бір кенепке тоғыстырған шығарма.

Айқыш (крест) символы түрлі елдерде, әр алуан халықтар ұғымында бір-бірімен еш ұқсамайтын түрлі ма­ғы­налар берсе, «Менің биігімде» сурет­шінің алып отырған айқыш белгісі – шартты. Сембіғали Смағұлдың пайымынша, «өнер адамдары рухани әлемге, тіке, жоғары қарай, вертикаль бойымен бір-біріне еш кедергісіз Жаратқан Иеге қарай тежеусіз дамиды. Сөйте тұрып, олардың пендешілігі, нәпсісі көлденең сызық бо­йымен, күйкі тірлік, дүние, материалдық байлыққа қарай да ұмтылады».

«Менің биігім» – шаршы кенепке жұм­сақ, қызғылт буалдыр тұмандай гам­маның үстіне ап-айқын түскен үш жо­лақ, бірде қос ай, енді бірде домалақ, сосын айқыш, доға, тоға, асыл тас, вазалы гүл нышанды сызықтар болып, сатылап көтеріле барып, қоржындас, қос шеңбермен тәмамдалады. Кар­ти­наның қызғылт гаммалы фоны – әлем­нің біртұтастығын әйгілесе, төмен­дегі ирек сызық – суретшінің пайда бол­ған­дағы һәм өнерге келгендегі ре­ңін, гүлденуін білдірсе, одан жоғары «қос ай» – Сембіғалидің екі әлемде, яғни материалдық әлем мен рухани әлем­­де жүргенін ишараласа, ортадағы «доға­ның» – муза екенін, «тоғаның» – шабыт, «асыл тастар» – өнер бейнеті, қызығы мен шыжығы, «гүлді ваза» – уни­версум гимні, ал қос шеңбер шек­сіздік екен.

– Баяғыда, – дейді Сембіғали, – мә­дениеті мен өресі биік, байлығы мен дәулеті жетіп артылатын орыс арис­то­краттары өздеріндегі жоқты, жүре­гін­дегі тапшыны рухани әлемнен, ғы­лым мен өнерден іздейді екен. Көрме жа­сағандарға жақын болып, театр-сахна иелерімен табысады екен. Соның бі­рін­де, әлдебір шалшықта мас күйінде жат­қан суретші Саврасовты іздеп тауып, одан кірәжіп-жиіркенбей, жуындырып-ша­йындырып, бойына фрак кигізіп, мойнына бант тағып, салтанатты балға өз ор­та­ларына алдырыпты дейтін сөз бар. Әне, көлденең мен тік те биік сызықтың үйлесі!

Картина – биік өнерде белгілі меже, айқын шекара болмайды дейтін пайым­ға бас ұрады. Суретшінің көкейінде шамам жеткен шексіздікке дейін барсам де­ген арман тұрады. Сальвадор Далидің «Кемелдіктің шегіне шығамын деп дә­ме­ленбей-ақ қой. Ол саған ешқашан жет­кізбейді» дейтін астам пікіріне де саяды.

* * *

Сембіғали суретшінің өз бойындағы мәрттік, һәм өнері мен мінезіне арнал­ған тағы бір картинасы «Менің үш кием» деп аталады.

Картина шартты – сызықтар, дақтар, шеңберлермен қиыннан қиыстыра өріліп, сөзбен суреттеуге ең қиын реңк­термен шешілген. Онда үш адам қатар­лай отырған сынды. Бастарына жирен жылқы, көк бөрі, қанатты қара барыс тәрізді, саңылаулы бас киімдер киген бе дерсіз. Бірінші тұлға жылы фонға оранып, жылы реңде жазылса, ортаңғысы көкшіл келбетті, ақшыл киімде аспан көк жамылса, үшіншісі қан қызыл жолақпен іргелес сұрқай фонда, қара-қоңыр түспенен әдіптелген.

Картинада алдымен суретшінің мәрт­­тігі айтылды десек, көз алдымызға қо­лына қарындашты дұрыстап ұста­ғалы бергі қазақтың бейнелеу өнері қор­жынына салып отырған көл-көсір картина мүсін, графикалары келеді (оны еліміздің айтулы музейлерінің, жеке картина жинаушылардың тұтынып отырғаны қоса келеді).

Келесіде суретші көруші назарын ортаға бағыттайды. Өнер образына бейіл түсіріп, оған ұзағырақ қарауға «бұйырады». Иә, Сембіғалидің өмірін өнерінсіз елестету мүмкін емес. Оның кескіндемелі, графикалы, мүсінмен астасқан Өнері – суретші өміріне мықан ағаш, жұлын тұта. Аторай. Темірқазық.

* * *

«Менің биігім» демекші, біз осы эссе жазба барысында Сембіғали су­рет­шіні шама-шарқымызша айнала қа­­рап, көз шоламызды оның тік өнер биігіне, яғни вертикаль өрісіне салдық. Суретшіні замандас-әріптес ретінде жанында жү­ріп, әр қырынан бақылай, жанымыз қа­лаған тұсынан бажайлап қарап, оның адами кейпін қадари-ха­лімізше танып, шығармашылық кел­бе­тін ақ қағазға эссе қылып түсірдік. Тап­қанымызды өршіл портретіне штрих қылдық.

 

Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ,

суретші