• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Тамыз, 2020

Жасырын арақ өндірісі (Контрафактілік алкоголь көбейіп тұр)

460 рет
көрсетілді

Енді қазақстандықтар темекі мен алкоголь өнімдерін сатып алатын кезде құжат көрсетуге міндетті. Яғни бала-шағаны айтпағанда, тіпті, сатушы үлкен­дерден де құжат талап етіледі. Бұл талапты Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстен көруге болады.

Кодексте темекі өнімдерін, оның ішінде қыздырылатын темекіні, қор­қорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электронды жүйелерін және оған арналған сұйық­тықтарды сататын адамдар жеке басты куәландыратын құжатты көрсетуді талап етуге міндетті екені жазыл­ған. «Егер жеке басты куә­ландыратын құжат көрсетілмесе, он­да сатушы бұл тауарларды сатудан бас тартуға міндетті», – делінген құжатта.

Мұндай норма алкогольдік ішімдік сатушыларды да айналып өтпейді. 110-баптың 18-тармағында егер жеке бас­ты куәландыратын құжат көр­сетілмесе, алкогольді өнімді сатудан бас тартуға міндетті екені айтылған.

Сол сияқты бұдан бөлек 2021 жылғы 1 шілдеден бастап тағы бір өзгеріс болуы мүмкін. Темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекіні, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электронды жүйелерін жә­не оған арналған сұйықтарды шы­­ғарып және ашық көрсете отырып сатуға тыйым салынады. Бұл туралы 110-бап 4-тармағының 16) тар­мақ­шасында тайға таңба басқандай жазылған.

Алайда, бұл шешімнің нәтижесі қаншалықты тиімді болатынын уақыт көрсете жатар. Ал оған дейін айтпа­ғымыз, тек соңғы айларда бес литрлік «баклажкаға» құйылып сатылатын суррогат алкогольден 27 адамның ажал құшқаны жайлы ресми дерек бар.

Осы арада аттап өтпейтін және бір мәселе бар. Мәселен, карантин ке­­зінде алкогольдік ішімдіктер ең өтім­­ді тауарлардың қатарына қо­сы­лып қана қойған жоқ, түрлі отба­сылық кикілжіңдер мен қайғылы оқи­ғалардың түрткісі де болды. Арақ – індеттің алдын алады деген сылтау – ішімдікке үйір адамдардың ден­саулығын одан бетер нашарлатты. Өз кезегінде дәрігерлер алкогольдік ішімдіктерді ұдайы қабылдау ешқандай індеттің алдын алмайтынын, керісінше иммунитетті төмендететінін дәйектеп берді. Дегенмен, қандай тауар өтімді болса, соны қолдан жасап, қарпып қалуға дайындар қай кезде де табылатынына таңғалмайтын болдық.

Өз кезегінде Қазақстан алкоголь нарығының қатысушылары елде кон­трафактілік өнімдердің көбейгеніне алаңдап отыр. «ҚазАлкоТабак» қауым­дас­тығының президенті Әміржан Қалиев: «2019 жылы алкогольдің заңды нарығына тықыр таяды. Егер 2013-2014 жылдары Қазақстанда жылына 40-45 млн литр ішімдік өндірілсе, 2019 жылы оның көлемі екі есеге азайып, 20 млн литрге дейін төмендеді. Ал тұтыну көлемі бұрынғы деңгейде қалды. Себебі азаматтар оның орнына арзан контрафактілік арақтарды сатып алып, іше бастады», дейді.

Ақпараттық порталдардың жазуына қарағанда, пандемия уақытында елімізге этиль спиртін антисептик деген желеу­мен тонналап жеткізіліп жатыр. Ол сосын астыртын жолмен араққа айналып, бес литрлік пластик құтыларымен сатылымға шығарылады. Биыл мамырда жедел алдын алу шаралары барысында Алматы облысы экономикалық тергеу департаменті 30 тонна этил спиртінің заңсыз тасымалы мен оның астыртын өткізілетінін анықтаған. Ал маусым айында «Қарасу» шекара бекеті арқылы жүк көлігімен неинвазивтік өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппаратын алып өтпек болған тұлғалардан 11 тонна этил спирті тәркіленді. Олар заңсыз тауарды антисептик ретінде жалған құжаттар рәсімдеу арқылы әкеле жатқан.

Жоғарыда атап өткендей, соңғы бір­неше айда суррогат алкогольден 27 қазақстандық қайтыс болды.

Ақпараттық агенттіктердің жазуынша, шілде айының өзінде ғана Ақмола облысында суррогаттық алкогольден 18 адам уланған. Олардың ішінде 12 адам өмірден өткен. Өлімге уланудың әсерінен болған өткір геморрогиялық панкреатит себеп болған. Қостанай облысында «этонолдан уланған» деген диагнозбен 13 адам жансақтау бөліміне жеткізіліп, олардың 11-і қайтыс болды.

Ақмола облысы Жақсын ауданы Жаңа Қима ауылында осы кезеңде 4 адам өмірден өтті. Олар 5 литрлік «баклажка» ыдысқа құйылған жасанды арақтарды сатып алып ішкені белгілі болды. «Зертханалық тексерулер барысында 8 түрлі сынаманың ешқайсысы талапқа сай емес: органолептикалық көрсеткіштер – тұнбасында бөтен заттары қалқып жүрген иісі бар сұйық­тық; метил спирті құрамында метил спиртінің көлемі 20 есе артық екені анықталды», делінген ақпарат құрал­дарындағы мәліметтерде.

Астыртын жолмен жасалған алко­гол­ьдердің қандай қатері бар? Бұл сұ­раққа Әміржан Қалиев былай деп жауап береді: «Бірінші мәселе – алкогольдің суының сапасыздығы. Зауыт өнімде­рінде арақ жасауға арналған суға деген талап қатаң сақталады. Екіншіден, алкогольдік өнімдерді шығару кезінде зауыттар ас шикізатынан әзірленетін этил спиртін ғана қолданады. Ал то­лық тазартылмаған, құрамында метил спирті бар арақ өнімі адамдарды улайды. Ішім­дік құрамында 0,05% метил спирті болған жағдайда, адам өміріне қауіп төн­діреді. Сондай-ақ алкоголь өнімі плас­тикалық араққа құйылып сатылса, қауіпті.

Қазақстанда алкоголь құятын құтыға бай­ланысты бекітілген нормалар мен қатаң талаптар бар. Мысалы арақ­ты темір қалбырда, сырадан басқа, күш­тілігі 12 пайыздан асатын өнімдерді пластикте немесе этикеткасыз ыдыста сақтауға тыйым салынған. Оған сыра өнімдері мен құйылмалы сыралар жатпайды».

QazSpirits алкоголь және никотинді құрамы бар өнімдерді өндіруші және импорттаушы қауымдастығының атқа­рушы директоры Дмитрий Жуков­тың сөзіне қарағанда, заңды жолмен жүрген кәсіпорындардың беделіне нұқсан келіп жатыр. Егер оның бренді мен атауы қылмыстық жолмен жасалып, таратылса айтарлықтай нұқсан болады. Жақын шетелдерде қазақстандық танымал өнімдер астыртын жолмен жасалып, ешқандай акцизсіз немесе сапасы қадағаланбаған күйде саудаға түскен. «Контрафактілік және суррогат өнімдерден тыс «коньяк» деп аталатын тауарлар да коньяк спиртінен емес, ректификацияланған бидайдан жасалған. Бұл дегеніңіз – бояу­лы арақ. Себеп қандай? Себеп – коньяк пен брендиге арналған акциз мөлшері араққа қарағанда 1 есе төмен», – дейді Дмитрий Жуков.

Ал Әміржан Қалиев елде астыртын арақ өндірісі мен нарықтағы алкоголь өндірісінің жағдайы жаға ұста­тарлық екендігін алға тартып отыр. Оны бір арнаға түсіріп, қалыпты жағ­дайға келтіру үшін төмендегідей ұсы­ныстар айтады: «Біріншіден – араққа акцизді төмендету керек, екіншіден – шекарадағы қырағылықты арттырып, пластик құтымен сатылып жатқан арақ­тардың кіруіне тыйым салу керек. Соның ішінде Қырғызстаннан келіп жатқан өнімдерді шектеу керек. Себебі ол елде акциз екі-үш есе төмен».

Дмитрий Жуковтың айтуынша, «елде заңды алкоголь өнімдеріне деген салықтық ауырпалықтарды азайту – ең дұрыс шешім: прогрессивтік шкала құру қиын емес, ол арақты тұтынуға деген стимулды арттырмайды, тек бағаны реттейтін болады».

«Біз мемлекеттік ведмостволарға осы тығырықтан шығудың түрлі жолдарын ұсындық. Ол астыртын арақ өндірісін жойып, қазынаға салықтың түсімін арттырады. «Баклажкамен» сатылатын арақтардың саудасына қоғам болып қарсы тұрып, оны сататын нүктелерге қатаң бақылаулар орнату маңызды», дейді ол.

Қысқасы, алкогольдік ішімдіктер мәселесіне келгенде, мораль тақырыбын қоя тұрып, оның сатылуы мен сапасына баса назар аудару керек.

 

АЛМАТЫ