Сенат депутаты Н.Қылышбаев Алматы облысының аудандарына барды. Жергілікті жерлерде ол «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламаларының орындалуын тексеруде.
Алакөл ауданында ауыз су жүйесінің құрылысы, емхана мен мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, сонымен қатар жалпы сомасы 4 млрд 717 млн теңгені құрайтын тағы 53 жоба іске асырылуда. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша мұнда 1200-ге жуық жұмыс орны ашылған.
Көксу ауданының Балпық би ауылында ауыз су жүйесінің құрылысы жүріп жатыр. Мұнда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша көп пәтерлі тұрғын үй салынуда, соның арқасында жақында аудан орталығынан 60 отбасы қоныс тойын тойлайды. Ал Қаратал ауданында сенатор Үштөбе қаласының орталық алаңын күрделі жөндеу барысымен танысып, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатқан басқа да әлеуметтік нысандарды аралады.
Текелі қаласында Жұмыспен қамтудың жол картасының аясында 13 нысан салынып, жөнделеді, мұнда бүгінге дейін 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылған. Осы мақсатқа шамамен 2 млрд теңге бөлінген. Бос жұмыс орындарының жартысынан көбі қызметкерлермен толыққан. Мұнда сенатор қалалық мәслихат депутаттарымен де кездесті. Кездесу барысында Н.Қылышбаев Қоғамдық кеңестер мен мәслихаттар тарапынан мемлекеттік қаражаттың пайдаланылуына бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті.
Ескелді ауданында сенатор 22 білім беру нысаны мен 16 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарындағы жөндеу жұмыстарын тексерді. Әр аудан мен кентте сенатор азаматтарды жеке қабылдады. Жергілікті тұрғындар ел халқының өмір сүру деңгейін жақсарту бойынша туындаған проблемалар мен тілектерін жеткізді. Сенатор Парламенттің алдағы жұмысында азаматтардың барлық өтініш-тілектерін ескеруге уәде берді.
* * *
Сенат депутаттары Н.Бекназаров пен А.Қапбарова Шымкент қаласындағы ситуациялық штабта болып, Денсаулық сақтау вице-министрінің қатысуымен өткен аймақтағы эпидемиялық ахуал мәселелері жөніндегі кеңеске қатысты.
Шымкентте КВИ жұқтырудың 5 мыңнан астам жағдайы тіркелген. Бірақ ауру деңгейі төмендеуде, бүгінге дейін 4 285 пациент емделіп, үйлеріне оралды. Қалалық денсаулық сақтау мамандары пневмония туралы мәліметтерді де хабарлады: жыл басынан бері 15 300-ден астам жағдай тіркелген, 11 620 науқас сауығып шыққан. Әкімдік коронавируспен және пневмониямен ауыратын науқастарды қабылдау және емдеу үшін 3 мыңға жуық төсектік орын жасақтаған.
Штаб отырысында сенаторлар мен денсаулық сақтау саласы өкілдері пандемиямен одан әрі күрес шараларын талқылады. Қалалық денсаулық сақтау мамандары эпидемия қайталанған жағдайда Шымкенттің барлық медициналық мекемелері екі айлық дәрі-дәрмек қорымен қамтамасыз етілгенін айтты. Сонымен қатар дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында арнайы семинарлар мен басқа да профилактикалық іс-шаралар өткізіліп келеді. Қала бойынша 211 мобильді бригада құрылып, олар қазірдің өзінде 22 мыңнан астам науқасқа үйде көмек көрсетіп үлгергенін айтқан жөн.
Сенаторлар жергілікті атқарушы органдарға санитарлық талаптарды сақтау және пандемиямен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерді көтермелеу қажеттілігі туралы еске салды. Депутаттар сапар барысында сенаторлар ауруханаларға, дәріханаларға және жедел жәрдем стансасына барды.
* * *
Сенат депутаты Ғ.Дүйсембаев Атырау облысының Құрманғазы ауданында болып, 75 орындық жаңа аурухананың құрылысымен танысты. Клиникада 10 орындық инфекциялық бөлімше, 10 орындық балалар бөлімшесі, сонымен қатар ас блогы, кір жуатын орын, медициналық қалдықтарды кәдеге жаратуға арналған полигон болады. Аурухананың айналасында емделушілердің демалысы мен қалпына келуіне барлық жағдай жасалған. Ауруханада толыққанды және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін заманауи жабдықтар орнатылады. Жобаның құны шамамен 2,5 млрд теңге. Сенатор медицина қызметкерлерімен кездесіп, пациенттердің жағдайы мен денсаулық сақтау саласының проблемалық мәселелерін талқылады. Сондай-ақ депутат Атырау – Астрахань автокөлік жолы, Ақкөл ауылындағы 290 орындық балабақша, Құрманғазы – Бірлік тас жолы құрылысының сапасымен, Шарон өзенінің түбін тереңдету жұмысымен және Хиуаз ауылындағы мәдениет үйінің жобасымен де танысты.