Көгілдір отын тұтыну жөнінен алдыңғы орында тұрған Алматы қаласы маңында да көгілдір отынның қол жетімділігі толық шешімін тапқан жоқ. Яғни, тұрғын үй секторы мен өндіріс орындарының әлі күнге дейін орталық газ желісіне қосылмауы қоршаған ортаның ластану қауіпін жоғарылатып, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан да сын болып тұр, - деп хабарлайды egemen.kz.
Және бұл жағдай мемлекет алдындағы өткір мәселенің бірі екені тағы анық. Осы жерде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Алматы облысы аумағындағы табиғи газбен қамту жұмысын сынға алып, тиісті ескерту жасағанын еске түсірген абзал. Қазір Президент тапсырмасынан туындаған міндеттер іркіліссіз жүзеге асып, аймақтағы жұмыс біршама ілгеріледі. Бірақ, көгілдір отынға қосылу бағасының қымбат болуы жұрттың жаппай газ тұтынуға деген ынтасын басып отырған сияқты.
Дерекке жүгінсек, Алматы облысында 144 елді мекен газдандырылған екен. Яғни, табиғи газға 1,1 млн адам немесе тұрғындардың 56 пайызы қол жеткізген. Саралап айтқанда, аймақтағы 5 ауданның тұрғындары үшін көгілдір огтын әлі арман күйінде қалып отыр. Бірақ, бұл бағыт бойынша жерглілкті билік қол қусырып отырған жоқ. Қазір облыс әкімідігі ұзындығы 224 км болатын "Талдықорған-Үшарал" және ұзындығы 118 км болатын "Шелек-Кеген" магистралды газ құбырының құрылысын қолға алудың қамы жасалып жатыр. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 149,1 млн теңге бөлініпті. Жоба іске асса, қазір газ иісі жетпеген 5 аудандағы 91 елді мекеннің табиғи отынға қол жеткізу мүмкіндігі артады. Ал бұл дегеніңіз 300 000 тұрғын үй газға қосылады деген сөз. Рас, бұл болашақтың жоспары. Ал қазіргі міндет мегаполис маңындағы аудандардың тұрғындарын толықтай көгілдір отынмен қамту болып отыр. Мысалға, Іле ауданының тұрғындары үй іргесінде тұрған газ құбырына қосылудың құны қымбат екенін айтады. Газ тасымалдаушы компаниялардың қызметі үшін төлейтін артық ақша таппаған адамдар несие алуға мәжбүр болады екен. Ал Іле ауданы аумағындағы ауылдарда газ желісіне жалғау мен құжат рәсімдеу құны 300 000 теңгеден 450 000 теңгеге дейін барады-мыс. Мәселен осы ауданның Байсерке ауылдық округіне қрасты Қоянқұс ауылында газға қосылу жұмысы 400 мың теңгеге бағаланған.
- Біздің ауылымыз қала шекарасынан 1 шақырым ғана қашықтықта орналасқан. Мұндағы тұрғын үйлер бау-бақшалық мақсаттағы жерге салынып жатыр. Аты айтып тұрғандай, бау-бақшалық мақсаттағы жерге жергілікті атқарушы билік тарапынан коммуникация жүргізу міндеттелмеген. Қол созым жерден газ магистралі өтіп жатыр. Осыдан 4 жыл бұрын тұрғындар ортақ ақша шығарып, газға қосылу үшін келісім алдық, көгілдір отын әр отбасына 400 мың теңгеге түсті. Қазір біздің қаржымызға тартылған желі «ҚазТрансГаздың» иелігіне өтті. Ал көбіміз сол үшін алған несиемізді әлі төлеп отырмыз, - дейді "Қоянқұс" бау-бақша серіктестігінің төрайымы Гүлжиян Нұрғалиева.
Айтпақшы, Алматы облысында халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына қолдау көрсету мақсатында абоненттерді газбен жабдықтауға қосу қызметтерінің құнын арзандату бойынша "Талдықорған қаласы мен Алматы облысының елді мекендеріндегі тұрғын үйлерді газдандырудың" қаржылық-экономикалық негіздемесі әзірленген. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты біз айтып отырған мәселені шешу екен. Яғни, газбен жабдықтау жүйесіне абоненттерді қолжетімді бағамен және бөліп төлеу мүмкіндігін қолдана отырып қосу жайы шешімін таппақшы. Осы шаруа үшін облыстық бюджеттен 500 млн теңге көлемінде қаражат та бөлінген. Істі жүргізуді, басқаша айтқанда бөлінген қаржыға иелік ету "Жетісу-ОблГаз" компаниясына жүктелген. Қазір бұл мекеме абоненттерді газға қосу жұмысын жүргізетін серіктестіктермен консорциум жасау үстінде. Осы консорциумға сәйкес бір абонентті толық қосу құны орташа есеппен 250-300 мың теңге болады. Бұл ретте құрылыс материалдары мен жабдықтарының барлық түрлері абоненттерге 8 ай мерзімге пайызсыз бөліп төлеу арқылы беріледі екен.
Алайда, бұл жобадан біз тілге тиек етіп отырған Іле ауданының тұрғындарына келіп кетерлік пайда жоқ сияқты. Ащыбұлақ ауылдық округіне қарасты Төле би ауылының тұрғындары газға қосылу құнының қымбат екендігін айтып, ауыл, аудан әкімдерінің табалдырығын тоздырып болдық дейді. Ауыл тұрғыны атынан бізге хабарласқан көп балалы ана Дина Достыбаева халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына қолдау көрсету мақсатында бөлінген қаржыға кімдердің қол жеткізе алатынын түсіндіретін билік өкілін таппай жүргенін айтады.
- Біз "Жетісу" теларнасының жаңалықтарынан облыстағы көп балалы отбасылардың үйін газға жеңілдікпен қосу мақсатында қомақты қаржы бөлінгенін естідік. Бірақ, оның игілігі кімге бұйыратынын білмейміз. Мен өзім көп балалы анамын. Жанармай құю бекетінде оператор болып жұмыс істеп жүрмін. Бұл жердегі жұмыс кезекпен, аса қиын емес. Ал күйеуімнің тұрақты жұмысы болмағандықтан атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш беріп үлгермедік. Соған қарамастан ешкімге алақан жайып отырған жоқпыз. Жерді несиеге алып, үй салдық. Енді газға қосылуды армандап жүрміз. Оның құны 350 000 теңге шамасында. Мұндай қаржыны бізге банк те бермейді. Енді көп балалы отбасыларға жеңілдік болады деген соң, ауыл әкіміне барсам, нақты жауап жоқ. Газ тартатын компаниялардың телефонын беріп, «Өздерің сөйлесіп, жағдайларыңды айтып, жеңілдік сұраңдар..." деп шығарып салды, - дейді көп балалы ана Дина Достыбаева.
Осы жерде газ желісіне қосылудың құнын нарықтағы сұраныстың белгілейтінін ескеру керек. Өйткені мегаполиспен шектесетін аймақтардағы жаңа елді мекендердің жылдам бой көтеруі тұрғындардың көгілдір отынға деген сұранысын жыл сайын арттырып келеді. Мысалы, қазір қала маңы аудандарының есебіне кіретін 187 елді мекенде 993,8 мың тұрғын бар. 134 ауыл ғана табиғи газға қосылған. Көрсеткіш 71,6 пайыз шамасында екен.
Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.