Елордадағы коллекторлар жеке тұрғын үйлердің нөсерлік кәріз жүйесіне заңсыз жалғануынан қоқысқа толған. Бұл туралы әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.
Қаланың нөсер кәріздерін толық тексеру кезінде коллекторларға 60-тан 100%-ға дейін қоқыс толғаны анықталды. Сол себепті қатты жаңбыр кезінде су құбырлардан өтпейді.
"Тексеру барысында заңсыз жалғанған фактілер жиі кездесетіні анықталды: жеке тұрғын үйлердің, кеңселердің және басқа да құрылыс иелері кәрізді өз нысандарынан нөсер жүйесіне жалғап шығарған. Ағынды суларды, тұрмыстық қалдықтарды, құрылыс қоқыстарын, жуғыш заттар мен басқа қоқыстарды рұқсатсыз төгу нөсер кәрізі мен тазарту қондырғыларының жұмысына салмақ түсіреді, сондықтан сорғылар үнемі бітеліп қалады", деп түсіндірді ұйым өкілдері.
Бұл мәселені шешу үшін коммуналдық кәсіпорын нөсер кәрізінің барлық жүйесінде жиналған құмнан, тұнбадан және басқа да қоқыстардан тазартып, ауқымды жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта тазарту жұмыстары қаланың барлық аудандарында жүруде. 150 тоннадан астам қоқыс пен балшық шығарылған.
Нөсерлік тазарту қондырғылары жаңбыр, еріген және жер асты суларын бұруға арналған. Олардың арнайы сүзгілері осы суларды тазартып, өңдейді, бірақ тұрмыстық қалдықтарды өткізе алмайды. Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабындағы үйлер, Агроқалашық, Көктал, "Артем" базары ауданы және басқа да жеке секторлар өз бетінше нөсер кәрізіне қосымша байлам жалғаған.
"Elorda Eco System қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігімен және экологиялық полициямен бірлесіп тұрақты түрде өнеркәсіптік, шаруашылық-тұрмыстық қалдықтарды қалалық нөсер кәрізіне заңсыз төгу фактілерін анықтау бойынша рейдтер жүргізуде. Бүгінгі күні 762 жаңбыр құдығы тексерілді. Бұл бағыттағы шаралар қаланың барлық төрт ауданында жалғасады", деп атап өтті коммуналдық кәсіпорын өкілдері.
Рейд барысында 40 заң бұзушылық дерегі анықталды. "Хан Шатыр" СОО ауданында және Хусейн бен Талал көшесінде нөсер кәрізі желісінде таза емес суды ағызудың екі жағдайы тіркелді. Сондай-ақ айыппұл салынғандардың бірі екінші рет заң бұзған жағдай тіркелді. Аталған факті бойынша тексеру жүргізілуде.
Барлық тәртіп бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 222 240 теңге айыппұл салынды. Елорданың төрт тұрғыны ескерту алды.Нөсер кәрізіне рұқсатсыз байламдар жалғану бойынша заң бұзушылық расталған кезде, меншік иесі анықталады. Кейіннен оған су бұру жүйесін сәйкестікке келтіру қажеті туралы хабарлама жіберіледі. Белгіленген факті жойылмаған жағдайда, экологиялық полициямен бірге жауапкершілікке тарту бойынша заңды шаралар қолданылады. Құқық бұзушыларға «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексіне сәйкес 20 АЕК (55 560 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Заңды тұлғалар үшін жаза мөлшері әлдеқайда жоғары. Айта кетейік, қаланың нөсерлік кәріз жүйесіне 26 мың жаңбыр құдығы, 354 км коллектор және 56 км арық кіреді.
Қала көшелерін су басуды болырмау үшін 3 ірі нысан кәріз және тазарту құрылыстары жүргізілуде. Ауқымды жобалардың бірі – "Молодежный" шағын ауданында (Тәшенов және Амман көшелерінің қиылысы) тазарту құрылыстарын салу. Бұл Тәшенов, Бараев, Уәлиханов, Иманбаев көшелері және Республика даңғылын су басуын болдырмауға мүмкіндік береді. Жоба 2021 жылы толығымен аяқталады.Биыл күзде Б.Момышұлының проблемалық учаскесінде нөсер кәрізінің магистралды коллекторының құрылысы аяқталады (Дауылпаз көшесінен Елим-ай көшесіне дейін). Осы жылдың соңына дейін Тельман тұрғын алабында тазарту құрылыстары мен магистральды коллектордың құрылысы аяқталады. Қуаттылығы тәулігіне 36 мың текше метрден асады. Жобаны іске асыру Тельман тұрғын алабын, № 27 көше бойындағы перспективалық құрылыс аймағын және т. б. қамтитын жер үсті ағындарын бұруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2019 жылы Мыңжылдық аллеясы ауданындағы екі учаске бойынша нөсер кәрізі мәселесі шешілді.
Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.