Қазақстанның Израильдегі Елшілігі, сондай-ақ Израильдің экспорттық институты және «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ» бірлесіп «Қазақстан-Израиль инвестициялық және іскерлік ынтымақтастығының жаңа көкжиектері» атты онлайн-конференция өткізді. Бұл туралы Egemen.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Конференцияға ауыл шаруашылық, жер қойнауын пайдалану, жоғары технология салаларындағы 60-тан астам израильдік компаниялар, сондай-ақ халықаралық инвестициялар саласындағы мамандар қатысты. Олардың қатарында «Bermad» және «Netafim» су компаниялары, «Eurotech Communication» телекоммуникация компаниясы, «Israir» авиакомпаниясы, «LR Group» агротехнологиялық компаниясы, «Ol Investments» қаржы компаниясы және т.б. болды.
Өз сөзінде Елші Сатыбалды Бұршақов Қазақстан мен Израиль арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына тоқталды. Елші израильдік кәсіпкерлерді инвестициялық ынтымақтастықтың әлеуетін тиімдірек пайдалануға, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен арнайы экономикалық аймақтардың шетелдік инвесторларға ұсынып отырған перспективті жобаларын жүзеге асыруға қатысуға шақырды.
Елшінің пікірінше, «Israir» авиакомпаниясымен келіссөздер барысында қол жеткізілген Тель-Авив пен Алматы арасында тікелей рейс ашу туралы келісім, сондай-ақ тараптардың қарастыруында жатқан Қосарланған салық салуды болдырмау туралы конвенция жобасына қол қою мәселесі, сөзсіз, екі ел арасындағы іскерлік байланыстардың кеңеюіне ықпал ететін болады.
Бұған жауап ретінде, Израиль экспорт институтының төрағасы Адив Барух қазақстандық тараптың бастамаларын құптай отырып, өзі басқарып отырған мекеме Қазақстан мен Израиль арасындағы тауар айналымын арттыруға бар күшін салатынына сендіріп, ол үшін Израиль компанияларын Қазақстан ұсынған жобаларды зерделеуге ынталандыруға дайын екендігін жеткізді.
«Kazakh Invest» басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Өзбеков конференция қатысушыларына еліміздің инвестициялық артықшылықтары туралы айтып берді. Ол Израиль капиталын іздеу мен оны Қазақстанға тартудың практикалық құралдары туралы, сондай-ақ дағдарыс және дағдарыстан кейінгі жағдайларда инвесторлармен жұмыс істеу тетіктерін құру туралы пікірімен бөлісті.
Ғ. Өзбеков тарихи тұрғыдан алғанда әйгілі Жібек жолының бойында орналасқан еліміздің Еуропа мен Азия арасында, оның ішінде ЕАЭО және «Бір жол, бір белдеу» бастамалары аясында үлкен транзиттік әлеуетке ие екендігіне назар аударды.
«Kazakh Invest» өкілдері әлеуетті инвесторларды Қазақстан экономикасына капитал жұмылдыруды салалар тұрғысынан бөліп, атап айтқанда ауыл шаруашылығына инвестициялау мүмкіндіктерімен және жалпы шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдау шараларымен таныстырды. Осылайша, инвестицияларды тартудың түбегейлі жаңа тәсілдері анықталып алынды – бұл біртұтас қосымша құн тізбегін қалыптастыру бойынша инвесторлармен тікелей жұмыс. Экономиканың басым салаларына салынатын стратегиялық инвестициялар үшін жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз ететін заңнамаға түзетулер қалыптастырылды.
Вебинарға қатысушылар әлемдік пандемия кесірінен енгізілген шектеу шаралары жуық арада алып тасталынып, екі елдің бизнес-топтарына іскерлік белсенділікті жаңадан бастауға мүмкіндік болатынына үміт білдірді. Іс-шара нәтижесінде ауыл шаруашылық, киберқауіпсіздік және жер қойнауын пайдалану салаларындағы компаниялар еліміздегі инвестициялық жобаларға қатысуға қызығушылық танытты.
Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.