• RUB:
    4.97
  • USD:
    493.85
  • EUR:
    519.04
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Тамыз, 2020

Бақша еккеннің бейнеті қашан бітеді?

1508 рет
көрсетілді

Қазір Қызылордада қарбыз-қауынның саудасы қызатын сәт. Бірақ базарға бара қалсаңыз, теңкиіп жатқан ала қарбыздар, қарала, сарала қауындар көзге түсе бермейді. Аула аралап жүріп сататындар да жоқтың қасы.

Фермерлерге арнайы ұйым керек

Жалпы, жыл өткен сайын баяғы шырын қарбыз, тәтті қауынның дәмі ұмытылып бара жатқандай. Ертеден-ақ бақшаның бабын білген жұрт қазір сырттан келген өнімдерді қанағат тұтып отыр. Әйтеуір, жоқтан жақсы демесеңіз бұл шіркіндердің дәмі баяғының ширегіне де жуымайды-ау. Ау, сонда Сырдың жергілікті сұрыптары қайда?

– Осы сауалды қайталап жүргенімізге кемі жиырма жылдың жүзі ауды. Негізі бая­ғы­ның ізсіз кетуі мүмкін емес, ел ішінде диқаншылық дәстүрден айнымағандардың қолында тұр. Бізде соны қайтаратын ниет бар, бірақ шама жоқ. Өңірдің топырақтық-климаттық жағдайы бақша өнімдерінің қай түрін де егуге қолайлы. Тек осыны дұрыс пайдалана алмай отырмыз, – дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Жара­тылыстану институтының директоры, ауыл шаруашылығы ғы­лымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы Самалбек Қосанов.

Жаратылыстану институты көп жылдан бері көкөніс-бақ­ша өнімдерінің мәселесімен айна­лысып келеді. Институт басшы­сының осы саладағы ұзақ жылғы тәжірибеден түйгені – бая­ғыны қай­­таруға болады. Қазір Сыр­дария ауданының Іңкәр­да­рия, Ай­дарлы ауылдары, Шиелі­нің бір­қатар елді мекендері қауын­­ның жергілікті сұрыптарын егіп ке­леді. Бірақ олардың өнімі сырт­қа кетіп жатыр. Ал Жаңа­қор­ған­ның Жайылмасының қарбызы бір­­ден Ресейге жол тартады. Осы­­лай­ша өнімімізді экспортқа жібе­ріп, өзіміз сырттан келген қауын-қарбызға қарап қалған жайы­мыз бар. Бұдан кім ұтты, кім ұтылды?

Жыл сайын алушысы табылып, өнімі өтімді болып тұрса да көкөніс-бақша егетіндердің бүйірі шыққан емес. Тапқанын несиені жабуға жұмсап, қалғанына тұқым алады. Жұмысын жеңілдететін арнайы техника алуды білсе де оған артық ақшасы жоқ. Бақша өндірісі күріш шаруашылығы секілді механикаландырылмаған. Қазіргі жаңа технология бұл салаға әлі жете алмай жатыр. Барлық жұмыс қолмен бітеді, тіпті, ерте көктемде егілген дақылға пленканы да қолмен жабады. Осындай бейнеті бес елі тірліктен кейін де шаруаның шекесі бәрібір шылқи қоймайды.

– Біз осы уақытқа дейін айтып келе­міз. Тағы да қайталауға тура келіп тұр. Біздің өңірге көкөніс-бақша өнімдерін егетін шаруалардың басын қосатын ұйым қажет. Бұл керегі жоқ кеңес беріп, жиі жиналыс жасайтын емес, фермерлерге нақты көмек беретін құрылым болуы керек. Бұл тарапта, әрине облыс әкімдігінің қолдауы керек. Мысалы, қауымдастық құрылып, соның негізінде әр аудандағы көкөніс-бақша егетіндерге шағын тракторлар алынып берілсе, бақша еккен диқанның бейнеті жеңілдер еді, – дейді Самалбек Оразбайұлы.

Қазір көкөніс өсіріп, бақшасын жайнатып отырғандардың көпшілігі тез пісетін, тасымалдауға қолайлы шетелдік тұқымдарды егіп отыр. Қолда жергілікті дән болса диқандар да сырттың тұқымына көз сатпас еді. Осы күні бейнеттеніп бақша еккендердің бар­лығы дерлік алыпсатарлардың же­міне айналып отырғаны байқалады. Қауын-қарбыз, қызанақ-қияр піскен кезде бақша басынан табылатын саудагерлер өнімді көтере алып кетеді де базарға әкеліп қымбатқа саудалайды. Егер фермердің жоғын жоқтайтын ұйым болса мұндайға жол берілмейді. Өнім­­ді қауымдастық фермерден көңіл­ге қо­нымды бағаға сатып алып, тұтыну­шы қалтасына лайық құн қояр еді. Әрі са­тып алушы алған затының сапасын да осы ұйымнан сұрайды. Демек, бұл қай тарапқа да тиімді бастама. Қазір Шие­ліде тары, Жаңақорғанда қарбыз отба­сы­лық бизнеске айналды. Енді оны ұжым­дық бизнес деңгейіне көтеру қажет.

 

Қолдау болса – бастама көп

Соңғы жылдары Шиелінің қызанағы Түркістан, Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе облыстарына аса бастады. Көкөніс-бақша шаруашылығы жақсы дамыған түркістандықтардың Қызылорда өңірі­нен өнім тасымалдауы бұрын-соңды болмаған құбылыс. Қазір жекелеген диқандар осы Шиеліде 5 гектар жерге қызанақ егіп, оны тамшылатып суарып отыр. Енді осы кәсіптің тиімділігін арттыра түсу керек.

– Қазір күріш пайдасы мол кәсіпке айналды. Осы шаруашылықтардың дені аз жылда жағдайын жақсартып алып жатыр. Әрине олардың талаптарына бәрекелдіден басқа айтарымыз жоқ. Ал бақшамен айналысатындар арасында осындайлар неге жоқ? Оның басты себебі – саланы қолдауда жатыр. Көкөніс, бақша егетіндерге ең керегі сапалы тұқым мен тыңайтқыш. Сәл демеу болса, диқаншылықтың бұл түрі де бойын тіктеп шыға келеді. Қазір облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова әр ауданға шығып, түрлі сала өкілдерімен кездесіп жүр. Көкөніс-бақша егетін диқандармен де осындай жүздесу жасалса, олардың көп проблемасы айқындала түсер еді, – дейді ғалым.

Осыдан біраз бұрын Жаратылыс­тану институты Қорқыт ата атындағы университеттің қолдауымен жергілік­ті тұқымды клондық іріктеу жұмы­сын бастаған. Кейін облыстық ауылшаруа­шылық басқармасының бағдарламалық қолдауы негізінде 4,5 млн теңге бөлі­ніп, Сырдың қара күләбісінің тұқымын зерттеу біраз жерге дейін жетті. Амал не, қазір қаржы жоқтықтан бастама орта жолдан тоқтап тұр. Одан бөлек, облыс орталығындағы №264 мектепке жылыжай да салып берді. Қазір мектеп ұжымы жыл он екі ай көкөніс өсіріп отыр. Егер қолдау болса, бұл бас­таманы жалғастырып әкетуге әбден болады. Ұзақ жыл осы салада еңбек­тенген ғалым биыл өңірдегі ірі күріш шаруашылықтарының біріне де барған екен. Олар big brother әдісімен жұмыс істеу туралы ұсынысына қолдау танытты. Ұсыныс бойынша тұқым шаруашылығын құру, түрлі техника сатып алу, адам күшін тарту, жер бөлу шаруашылық тарапынан болады. Ғалым осы арқылы өзінің ойында жүрген бастамаларын жүзеге асырады. Бірақ пандемия сол келісімді жүзеге асыруға кесірін тигізіп отыр.

 

Енжарлықтан құтылсақ, ен байлықты игереміз

– Осы мәселемен айналысатын Орта­лық Азия жұмысшы тобы деген құрылым бар. Мен сонда қауын сала­сының төрағасымын. Жұмысшы топ шаруасымен біраз жерді араладық. Түрікменстан, Тәжікстан мен Өзбек­стан бізден әлдеқайда озып кеткен. Климаттық жағдайлары да жақсы. Бірақ біздегідей тұқым жоқ, – дейді ол.

Жалпы, әлемде жоғары сапалы күз­дік қауын өсетін ірі үш аймақ бар. Өзбекстандағы Хорезм, Түрікмен­станның Шаржоу облысы, Қазақ­станда Қызыл­орда облысы қауын егуге өте қо­лай­лы. Біз осы табиғи мүмкін­дікті пай­далана алмай отырмыз. Гео­графия­лық орналасу жағдайымыз да өзіңнен ар­­тыл­ған өнімді қай түкпірге сатуға ың­­ғай­лы. Облыс орталығы мен жеті аудан­ды темір жол мен авто жол кесіп өтеді.

Ғалым шетелге жасаған сапарлары­ның бірінде кептірілген қауынның дәмін татып, елге келген соң институт лабораториясында кәдімгі чипсының формасында шығарылатын өнімді жасауға кірісіп кетті. Алдымен сырттан келетін, ерте пісетін қауыннан әзір­леді. Артынша кеш пісетін жергілікті сұ­рыптан да дайындады. Екеуін салы­с­тырғанда жергілікті қауыннан жасалған чипсының дәмі ерекше екені анық байқалды. Қазір осы бойынша Жаратылыстану институты үлкен жоба дайындап жатыр.

Облыстың өзінде Жаңақорған мен Аралдың Ақбайындағы диқанның қарбыз егу тәсілінде ерекшелік бар. Ақбай диқандары экологиялық таза өнім өсіреді. Олар бір түйір пестицид қол­данбай, жердің күшімен дәмі тіл үйіретін қарбыз өсіріп отыр. Жаңа­қор­ғанда жағдай басқаша, олар көп өнім алудың жолын жақсы біледі. Әр ауданда осындай ерекшелік бар. Егер оларға өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасасақ, көл-көсір пайдаға кенелер еді.

Іргедегі Өзбекстан, тіпті өзіміздің Түркістан өңірінің диқандары ала жаздай жиған-тергенін қыс бойы сатып, нәпақа етеді. Олардың арасында бір ғана қауыннан түрлі өнім шығарып, пайдаға кенеліп отырғандар көп. Бұл шаруа біздің де диқандардың қолынан келер еді. Бұл үшін бақша еккеннің бейнетін жеңілдетер қолдау ғана керек.

 

Қызылорда облысы

 

Соңғы жаңалықтар