Жақында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізіп, Кенді Алтайдағы серпінді жобалар, индустрияландыру картасына енген құрылыстардың жай-күйі, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының орындалуы, жалпы экономика жайлы ойларын ортаға салды.
Жақында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізіп, Кенді Алтайдағы серпінді жобалар, индустрияландыру картасына енген құрылыстардың жай-күйі, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының орындалуы, жалпы экономика жайлы ойларын ортаға салды.
– Елбасы Н.Назарбаев жақында ғана ел экономикасын алға бастайтын серпінді жобалардың орындалуының көп ретте сөз жүзінде қалып қоятынын, шын мәнінде, тұсауы кесілген кейбір ғимараттардың жұмыс істемейтінін сын тезіне алды. Абырой болғанда, мұндай кемшіліктер бізде орын алған жоқ, сыннан қорытынды шығару үшін резервтер мен мүмкіндіктерді тиімді пайдаланғанда ғана діттеген межеден шыға аламыз, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Қазақстанның индустрияландыру картасына өңірден жалпы құны 651,8 миллиард теңге болатын 53 инвестициялық жоба енгізілді. Егер бұл жобалар іске асқанда жаңадан 25 мың жұмыс орны ашылады екен. 2010 жылдың басынан 2013 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін жалпы құны 197,9 миллиард теңгенің 33 инвестициялық жобасы пайдалануға беріліпті. Осы уақыт ішінде 8,2 мың жұмыс орны ашылған. Өңірдегі түсті металлургияның алыптары – «Казцинк», «Өскемен титан-магний комбинаты», «Үлбі металлургия зауыты», «Шығыс Қазақстан мәшине жасау зауыты» АҚ-тар мен басқа да бірқатар кәсіпорындарда үдемелі жобалар жүзеге асты. «Азия-Авто» зауытының кең ауқымды құрылысы басталды. Өңір басшысы Б.Сапарбаевтың тапсырмасымен жаңа зауыттың құрылыс алаңына 306 гектар жер телімі бөлініп, ол жерде 600 миллион теңгенің құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылмақ. Қазір зауытта көліктердің 20-дан астам түрі шығарылуда. Ол толық қуатына енгенде кәсіпорында 12 мың адам жұмысқа тартылып, облыс бюджеті жыл сайын миллиардтаған теңгемен толығып отырмақ. Осыдан бірер күн бұрын өңірге Қаржы және Ауыл шаруашылығы министрлері Б.Жәмішев пен А.Мамытбеков келіп, еліміздегі тұңғыш құс етін тереңдетіп өңдейтін жаңа зауыттың ашылуына қатысты. Бұл жоба да еліміздің индустрияландыру картасына енген. Құс етін өңдеу арқылы одан шұжықтың жүзден астам түрі шығарылып, оны көрші мемлекеттерге экспортқа шығару міндеті тұр.
Е.Көшербаевтың айтуынша, ағымдағы жылы 8 жоба жүзеге асыпты. Атап өтерлік жайт, инновациялық өнім өндіру бойынша аймақ ел көлемінде бірінші орынды иеленген, себебі, мұнда еліміз бойынша өнімнің төрттен бірі шығарылады екен. Жыл басынан бері 105 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Биыл іске қосылған 11 әлеуметтік нысанның ішінде 7 мектеп, мәдени орталық, спорт модульдері, емхана мен ауруханалар бар.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.