• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Экономика 19 Тамыз, 2020

Ханбалықты шарбақта өсіреді

538 рет
көрсетілді

Экология, геология және табиғи ресурстар министр­лігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы ханбалық өсіретін шаруашылықтарының жұмысын қатаң бақылауда.

2006 жылдан бастап балық ресурстарын пайдалануды реттеу ұзақ мерзімді (5 жылдан 49 жылға дейін) келісімшарты бойынша пайдаланушыларға балық шаруашылығы су айдындарын (учаскелерін) ұзақ мерзімге бекітіп беру ар­қылы өңірдегі балық өсіруші шаруа қожалықтары өз кәсібін дөңгеле­тіп, министрлік алдындағы міндетте­мелерін толығымен орындап отыр. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары су айдындарын пайдалануға алған шаруалардың миллериациялық жұмыстарды жүргізуін, жағажайларды таза ұстауын, бизнес субъектілеріне беріл­ген аумақ қорықшыларымен қорғалуын, қысқы уақытта мұз астындағы балықтарға ауа өткізу түтікшелерін орна­туын, рұқсат етілген мөлшерден артық балық ауламауын және ең бастысы ау­ланған балық көлеміне байланысты жыл сайын жаңа шабақтарды суға жіберулерін қадағалап отырады.

2020 жылғы 25 шілдедегі жағдай бо­йынша Шығыс Қазақстан облысының балық шаруашылығы су айдындарында халықаралық және республикалық маңызы бар 60 учаске бар. Оның 24-і бекітіліп берілген және сонымен қатар жергілікті маңызы бар 96 су айдыны бар, оның 27-сі 22 пайдаланушыға бекітіліп берілген.

Қазір Өскемен қаласының іргесінде ханбалықты (форель) шарбақта өсіретін қожалықтардың да жұмысы қарқын алып келеді. Өңірдегі екі кәсіпорын Қазақ­стан халқын ханбалықпен қамта­масыз етіп отыр. Сондай-ақ шаруа қожалықтары адамдардың экомәдениетін қалыптастыру үшін спорттық балық аулау орындарын ашқан. Бұл бірінші кезекте адамдар жаппай тыйым салынған аумен балық аулауды тоқтату үшін жасалса, екінші жағынан демалысты тиімді әрі қызықты өткізу үшін қолға алынып отыр.

Ханбалықты шарбақта өсірумен айналысатын бірінші қожалық 2020 жылдың сәуір айында 300 мың дана көкшұбар (рипус) шабағы, салмағы 0,003 грамм болатын 300 мың дана пайдабалық (пелядь) шабағын балықтандыру жұ­мыс­тарын жүргізді. 2030 жылға дейін балық өнімдері көлемін жылына 1200 тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл – 2,16 млрд теңге. 2019 жылы албырт балық түрлері өндірісінің көлемі 54,2 тоннаны құраған. 2020 жылғы 15 ақпаннан бас­тап 2020 жылғы 1 шілде аралығында кәсіпшілік балық аулау лимиті 1,833 тоннаны құрайды, оның ішінде «ГрандФиш» ЖШС-пен бірінші жартыжылдықта игерілуі 1, 833 тоннаны құрайды.

Ал ханбалықты шарбақта өсірумен айналысатын екінші қожалықта биылғы бірінші жартыжылдықта Даму жоспары бойынша орындалу 76994,2 мың теңгені құрады. II тоқсанда шарбақтар сатып алу жоспарланған. Жағалау инфрақұрылымын құру және спорттық балық аулауды ұйымдастыру үшін 1 млн 500 мың теңге сомаға күрке құрастырылып, пайдалануға берілді. Өзінің жеке инкубациялық цехы бар. Онда өз күштерімен инкубациялық кезеңнен өткізеді және өсіреді. Ағымдағы жылдың 1-тоқсанында ханбалықтың 300 мың дана уылдырығы сатып алынды және инкубациялық кезеңнен ойдағыдай өткізілді. Уылдырық сатып алуға жұмсалған сома 2 млн 310 мың теңге. Балыққа арналған азық сатып алуға жұмсалған сома – 11 млн 795,3 мың теңге.

Ертіс су бассейні еліміздегі балық шаруашылығы бассейндерінің ішінде көлемі бойынша үшінші орынға ие. Балық шаруашылығын дамытуға балық шаруашылығы су айдындарының қомақты қоры және ондағы балық қоры негіз болады. Бұл балық шаруашылығы су айдындарының қатарына Жайсан (Зайсан) көлі, Бұқтырма су қоймасы, Шүлбі су қоймасы, Өскемен су қоймасы, облыс шегінде Ертіс өзені, облыс бойынша жергілікті маңызы бар су айдындары, облыс шегіндегі Алакөл көлдері.