Бүгінгі таңда әлемді әбігерге салып жатқан мына жаманат дерт біздің елді де айналып өтпегенін бәріміз білеміз.
Аты өшкір бұл індет әр отбасыға салқынын тигізіп, қазақтың қаншама аяулы тұлғаларын, соның ішінде өнер майталмандарын арамыздан алып кетті.
Ардақты ағайын, жақсылық пен жамандықтың қатар жүретінін ескере отырып, елімізде 17 тамыздан бастап карантиннің жеңілдетілгенін бәріміз тиімді пайдаланайық, қауіпсіздікті қаперден шығармайық. Әр шаңырақ туғанының амандығын тілесе, той-томалақтан, жиын-кештерден бас тартып, сабырлық танытып, келер күннің жақсылығына үміт артайықшы! Елдің амандығы ең бірінші өзімізге керек екенін естен шығармай, сақтық шараларына салғырт қарамайық! Өйткені қазір ұлттығымызды, ұйымшылдығымызды танытатын тағдыршешті сәтте тұрғанымыз анық. «Әр қазақ – менің жалғызым!». Бәріміз бірігіп, індетті жеңеміз!
Серік РЫСБЕК,
И.Байзақов атындағы облыстық филармонияның әртісі
ПАВЛОДАР