Пандемияға байланысты екі рет кейінге шегерілген футболдан Қазақстан чемпионаты 18 тамызда қайта жалғасты. Біріншіліктің алғашқы күні 4-турдың үш ойыны өтті.
Ұзақ үзілістен кейінгі чемпионаттың бірінші ойынында «Каспий» мен «Қайрат» клубтары бақ сынады. Талғар қаласындағы ұлттық құраманың жаттығу базасының стадионында өткен кездесуде алматылық ұжым 3:0 есебімен еш қиындықсыз жеңіске жетті. Орталық стадиондағы «Жетісу» мен «Ордабасы» арасындағы матчта Шымкенттің командасы камбэк жасап, жанкүйерлерге қуаныш сыйлады. Бірінші таймда «Ордабасы» 2:0 есебімен жеңіліп жатып, ойын соңында 3:2 есебімен жетісулықтардан жеңісті жұлып алды. Ал «Тараз» бен «Қызылжар» футболшылары бір-бірінің қақпасынан саңлау таба алмай, 0:0 есебімен тең тарқасты.
Турнир кестесінде «Қайрат» 12 ұпаймен көш бастады. Алматы командасынан екі ойын кем өткізген «Астана» мен «Тобыл» клубтары 7 ұпаймен екінші және үшінші орындарды бөлісіп тұр. Бесінші тур матчтары 21-22 тамызға жоспарланған.