• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Саясат 20 Тамыз, 2020

Педагогикалық кеңестер өтіп жатыр

461 рет
көрсетілді

Елімізде мектеп директорлары оқу жылы басталар алдында педагогикалық кеңестер өткізіп жатыр. Әр білім беру ұйымының басшысы ұжымына мектепте оқу жылы қалай басталатынын, штаттық режімде оқитындар үшін қандай санитарлық қауіпсіздік шаралары қабылданғанын, балаларды қашықтан оқыту үшін мектеп қандай платформаны таңдағанын, бағалау жүйесіне қандай өзгерістер енгізілгенін және оқу процесін ұйымдастыруға қатысты өзге де сауалдар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Қалыптасқан эпидемиялық жағдайларға байланысты 2020-2021 оқу жылы қашықтан білім беру форматында басталады. Ата-аналардың қалауы бойынша мектептерде 1-4 сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар жұмыс істейтін болады. Бір сыныпта білім алушылар саны 15-тен аспайды.

Педагогикалық кеңес барысында педагогтерге оқыту ережелері мен кезекші сыныптарда санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Оқушылар мен педагогтердің температурасы күнде өлшеніп, дене қызуы нормадан жоғары болған жағдайда және ауру белгілері анықталса, педагогтер жұмысқа кіріспейді, ал оқушыларды үйлеріне қайтарады.

«Егер ата-аналар немесе балалардың заңды өкілдері ниет білдіріп, өтініш жазса, ал мектеп санитарлық нормаларды қатаң сақтауға дайын болса, бастауыш сынып оқушылары мектеп қабырғасында оқи алады. Мектептерде жоғары сынып оқушыларының кабинеттері бос болғандықтан, бұл кабинеттерді де бастауыш сыныптарды оқытуды ұйымдастыру үшін пайдалануға болады. Ата-аналардың өтініштерін сынып жетекшілері қолжетімді байланыс құралдары арқылы онлайн-форматта қабылдайды. Мектеп формасына қатысты: жалпы формаға қойылатын талаптар жойылмайды, бірақ уақытша өзгерістер енгізілді, соған байланысты биыл ата-аналар баланы мектеп формасында немесе басқа да ыңғайлы киіммен жіберу туралы шешімді өзі қабылдайды», деді Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

Мектептердегі компьютерлер балаларға уақытша пайдалануға беріледі. Сонымен қатар білім басқармалары, бөлімдері қосымша компьютерлер, ноутбуктер, планшеттер сатып алып, қабылдау-тапсыру актілері негізінде оқушыларға тапсырады.

Әрбір өңір, білім беру ұйымы қашықтан оқытуды ұйымдастыратын интернет-плат­форманы өзі таңдайды. Қашықтан оқыту форматы аясында мұғалімдер мен оқушы­лар платформа арқылы стриминг жүйе­сін қолданатын болады. Сондай-ақ педа­го­гикалық кеңесте мұғалімдерге сабақты ұйымдастыру бойынша ұсыныстар талқы­ла­нып жатыр. Шалғайдағы ауылдық елді ме­кен­дерде орналасқан шағын жинақты мек­теп­терде күндізгі форматта оқытуды ұйым­дас­тыру мәселесі де назардан тыс қалмайды.

Күн тәртібіндегі тағы бір маңызды тақырып – карантиндік және шектеу шаралары жағдайында 2-11(12) сыныптардағы оқу­шы­лардың оқу жетістіктерін бағалау. Педа­гогикалық кеңестерде білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау жүйесіндегі уа­қытша өзгерістер талқыланып жатыр.