Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері мен еріктілері бүгінгі күні сұранысқа ие болып отырған бетперделерге "Есірткіге жол жоқ" логотипін жапсырып, студенттерге, көп балалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының өкілдеріне 2 мың данасын тегін таратты. Облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері акцияны өткізу үшін еріктілермен бірлесе отырып, осындай бетперделер дайындаған еді, деп жазады Egemen.kz
2018 жылдан бері қала әкімдігінің жастар ресурстық орталығының мүшесі болып келген Самат Баекин бетпердеге логотип жапсырып таратуды табылған ақыл деп санайды. "Бетперде инфекциядан қорғану ғана емес, сонымен бірге салауатты өмір салтын ұстануға шақырады", дейді ол. "Есірткі – біздің заманымыздың басты қауіптерінің бірі. Сондықтан біз қоғамды қорғау және көркейту жұмысында жүрген тәртіп сақшыларын қолдауға тырысамыз".
Бетперделер таратылғаннан кейін еріктілер полицейлермен бірлесіп, "Черемушки" ауданында рейд өткізіп, үйлер мен гараждардың қабырғаларында есірткі саудасымен айналысатындардың веб-ресурстарын жарнамалайтын 60-тан астам граффитиін жойды.
"7 айдың ішінде полицейлер мен облыстың қамқор тұрғындарының бірлескен күші 257 есірткі граффитиін жойды. Жыл басында есірткіні жарнамалаушыларға қылмыстық жауапкершілік арттырылғаннан бері олардың саны күрт төмендеді, енді олар 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Осыған қарамастан проблема шешілер емес, біз өз әрекетімізбен қоғамның назарын аударып, есірткі сияқты апат отбасыларға күтпеген жерден келуі мүмкін екендігін еске салғымыз келді", дейді Солтүстік Қазақстан облысы ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Назаров.
Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.