• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Саясат 21 Тамыз, 2020

Праймериз: мүмкіндікті мүлт жібермеу маңызды

447 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» партия жұмысын қайта жаңғырту бағдарламасы халықтың бастауыш партияға деген сенімін нығайта түсті. Әсіресе, Тұңғыш Президентіміздің тапсырмасы негізінде бастау алған Nur Otan праймеризі арқылы ел тағдырына бейжай қарай алмайтын белсенді отандастарымыздың белін бууға мүмкіндік пайда болды. Мұндағы мақсат – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына партиялық тізімдерге енгізу үшін қоғамның сенімі мен қолдауына ие болған беделді партия көшбасшыларын анықтау.

Мемлекеттің партиялық-саяси даму тарихындағы партияішілік сайлаудың бұл жаңа форматын еліміздің зиялы қауым өкілдері де оң бағалап отыр. Осы орайда «Egemen Qazaqstan» газеті ақын-жазушылар мен өнер майталмандарының басын қосып, праймериздің басымдығы мен артықшылығы турасында онлайн конференция ұйымдастырды. Келелі жиынды Nur Otan партиясы Саяси кеңес бюросының мүшесі, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі ашып, жүргізіп отырды.

– Елімізде аламан бәйге, байсалды бәсеке басталды. Бұған қазір құжат тапсырып жатқандар өте көп. Олардың ішінде жастар да, көпбалалы аналар да, елімізге белгілі қайраткерлер де, зиялы қауым өкілдері бар. Бүгінгі жиынға қатысып отырған өздеріңізді де сол тізімнен байқап отырмыз. Сондықтан алдағы партияішілік сайлау Мәжілісті және барлық мәслихаттардың құрамын сапалы өзгеріске алып келеді деп ойлаймыз. Алдағы дода ең үздіктерді анықтап, болашақта Парламент мінберінде елдің сөзін сөйлейтін халық қалаулыларының іріктелуіне мүмкіндік ашылады деген үміттеміз, – деп бастады сөзін Д.Қыдырәлі.

Келелі кеңесте сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет праймеризге қатысты пікірін ортаға салды.

– Партияішілік праймериз арқылы Парламентке депутаттар сайлау, соған іріктеу деген мәселе шынын айтқанда бірінші рет жүргізіліп отыр. Мен өзім бастауыш партияның қатарында болмасам да, мемлекеттің рухани шаруасын, Қазақстан Жазушылар одағының біраз міндеттерін атқарып жүргеннен кейін, бұл конференцияға «мен партияда жоқ едім, мен бұған қатыспаймын» деп айтуға аузым да бармады, арым да жібермеді. Бір ауыз сөзімді, пікірімді айтайын деп отырмын. Өткен жолы әлеуметтік желілерде «Парламент қатарында неге ақын-жазушылар жоқ?» деген үлкен бір мәселе көтерілді. «Мына ақын, мына жазушы неге депутаттардың қатарын толықтырмайды?» деп ұсыныстар да жасалып жатты. Сондықтан осы прай­мериздің жарияланғанына ішім жылып, қуанып қалдым. Бұл – демо­кратияға бір қадам жақындау деген сөз. Айналып келгенде, бір отандасымыздың «біз сені сайлаған жоқпыз ба, сен өзің­нің депутаттық парызыңды неге орын­дамайсың?» деген сауалына «мені сендер сайлаған жоқсыңдар. Сен мені сайлаған жоқсың. Мен тізіммен өткенмін» деп шыққан Парламенттің бір мүшесінің де сөзін естідік. Сондықтан кейбір депутаттарды халықтың қалаулысы деп айтуға ауыз бармайды, – деді Ұ.Есдәулет. Оның айтуынша, нағыз депутат халықтың қалаулысы болу үшін ең алдымен осындай партияішілік сайлаудан іріктеліп, көптің ішінен топ жарып озып шығуы керек.

Бұл іріктеудің үлкен тарихи оқиға екенін еске салған Қазақстан айтыс ақын­дары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман да бастаманың артықшылығына тоқталды.

– Партияішілік іріктеудің үлкен тари­хи оқиға екенін аңғарып отырмыз. Қоғамдағы озық ойлы, көзқарасы қалып­тасқан, байыпты, азаматтық ұстанымы берік, осы елдің тағдырына жаны ашитын, жүрегі ауыратын азаматтарды іріктеу деген бұрын-соңды дәл осындай қарқында жүргізілген емес. Халықтың сөзін сөйлеп, үнін жеткізіп жүрген айтыскерлердің арасында да праймеризге қатысып жатқан азаматтар бар. Оларды жүздеген жанашыры қолдайды. Осыған дейін айтыста айтып келген ойларын енді іс жүзінде көрсеткілері келеді. Олардың ұстанымы – ұлттың мүддесі, кешегі Алаш арыстарының идеялары, жер, тіл, салт-дәстүр тағдыры. Кезінде 90-жылдары халық сайлаған Парламентте шығармашылық зиялы қауымның өкілдері отырды. Халықтың сөзін сөйлей алатын азаматтардың пікірі шешуші рөл атқарды, – деді ол.

Белгілі ақын Ж.Ерман сол жолды жалғастыруға ниеттеніп отырғандарға сәт сапар тілеп, праймериздің нағыз мықтыларды анықтауға көмектесуі керек екенін баса айтты.

– Партия Төрағасы халыққа жақын болу, партияны жаңғырту мәселесін был­тыр көтерген еді. Праймериз – соның көрінісі. Бастауыш партия қазақ­тың ұлттық өнері саналатын айтысты да халыққа жақын болудың бір пішіні ретінде қарап жатқанына сүйсінеміз, жақсы ырымға балаймыз. Тек шығар­машылық зиялы қауым ғана емес, халық­тың ішінде де нағыз асыл азаматтар көп. Праймериз соларды анықтауға көмектесуі керек, – деді Ж.Ерман.

Саяси додаға қатысуға ниет білдірген М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов партияның шығармашылық ортаға ерекше көңіл бөлуін жақсылыққа балап, праймериздің халықтың көңілінен шыққанына сенім білдірді.

– Праймериз жарияланғалы бері Nur Otan партиясы шығармашылық ұйымдарға ерекше көңіл бөліп келеді. Мұнда үлкен мән бар. Шығармашылық орта – қоғамның барометрі секілді. Кез келген жаңалыққа, жақсылыққа елең етіп, қоғамның көңілін соған бұрып отырады. Партияның биылғы жарқын жаңалығы праймериз болып отыр. Жалпы, бұл жаңа форматтың халықаралық тәжірибеден алынғанын да білеміз. Еліміздегі бастауыш партияның осындай ішкі іріктеуді жүргізуі отандастарымыздың үдесінен шықты деп ойлаймын. Себебі сайлау – қай кезеңде болсын халыққа етене жақын, барынша белсенді, ұйымдас­ты­рушылығы шебер мамандарды іріктеуге түрткі болады. Бұл ретте праймериз – сол іріктеуді сапалы өткізудің әлем­дік тәжірибеде сыналған жолы. Кез келген саяси бастамаға сырттан бақы­лаушы болу, сын-пікір айту оңай. Сол себепті осы доданың ыстығына күйіп, суығына тоңып, бәсекелестіктің бәсін өз көзіммен көруді ұйғардым. Бағымды сынап көрейін деп, құжатымды тапсырдым. Отандастарымызды осы науқанға белсенді қатысуға шақырамын, – деп түйіндеді сөзін К.Матыжанов.

Nur Otan партиясы жариялаған праймеризде әйелдер мен жастарға басымдық берілгені белгілі. Осы ретте додада бақ сынауға бел шешкендер қатарында М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры Дария Қожамжарова да бар. Ол бұл бас­таманы ашықтыққа, демократияның тұрлаулы болуына жетелейтін сәтті қадам деп біледі.

– Партия праймериз арқылы ел ара­сынан бүгінгі күн талабына сай келетін мықтының мықтысын, халықтың мұң-мұқтажын жеткізетін нағыз көш­басшыларын таңдап алуды көздеп отыр. Гендерлік саясат мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Оған да үлкен мән берілуде. Сондықтан Шымкенттің 30 мыңға жуық студенті бар іргелі жоғары оқу орнын басқарып отырған азамат ретінде бағымды сынап көруге ниет білдірдім. Бұл өңір – қаймағы бұзылмаған қазақтың дәстүрін дәріптейтін, ұрпағын үкілейтін аймақ қой. Сол өскелең ұрпақтың, жас өркен жастардың қолдауына үміт артып, белімді бекем будым. Заман талабы бізді осындай үлкен демократиялық қадамға бастап отыр. Бастауыш партиямыз, міне, осындай саяси дода жариялады. Бұл бастама ашықтыққа, демократияның тұрлаулы болуына жетелейтін сәтті қадам деп білемін. Қазақстанның қарқынды дамуы, жастарымыздың бәсекеге қабілетті болуы үшін осындай додалар қажет-ақ. Бұл праймериз белсенді азаматтарды адалдыққа жетелейтін, халық арасынан шыққан мықты көшбасшыларды анық­тайтын жоба болмақ, – деді Д.Қожам­жарова.

«Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай жобаның сәтті жүргізілуі Парламент, жергілікті мәслихаттардың сапалық құрамына өзге­ріс алып келуге жол ашатынын айтты.

– Праймериз деген қанымызда бар нәрсе деп ойлаймын. Баяғы билер, шешендер мектебінен қалыптасқан сабақтастық бар. Бізге анау айтқан жаңалық болмағанымен, әлемдік деңгейде мойындалған тәсіл ғой. Барлығы салыс­тыру арқылы анықталатыны белгілі. Праймериз өз деңгейінде өтіп, халық тарапынан жағымды пікір қалыптастырса, алдағы уақытта Парламент, мәслихаттың сапалық құрамы күрт өзгереді деп ойлаймын. Осыған дейін праймеризге мыңнан астам адамның өтініш тапсырғаны туралы ақпарат оқыдым. Ал соның 300-ге жуығы – жастар. Бұл дерек көңілге қонады. Өйткені уақыт талап етіп отырғандай озық ойлы азаматтардың игі іске жұмылдырылуы маңызды. Жалпы, праймериз сол мүмкіндіктерге жол ашады деп сенемін. Биік мәдени сана қалыптасқан жерде ғана біз үлкен жетістіктерге жетеміз. Праймериз осы өлшемге, осы талаптарға жауап берсе, біз көптеген мәселеде алға жылжитын едік, – деді Қ.Сәрсенбай.

Конференция жұмысына қатысқан М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков, қаламгер Мейрамбек Төлеп­берген, ақын, Еуразия ұлттық универ­ситетінің Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Серікзат Дүйсенғазы, айтыс ақындары Бекарыс Шойбек, Мұхтар Ниязов, Айтбай Жұмағұлов та орамды ойларын ортаға салып, пайымды пікірлерімен бөлісті. Жиын соңында тың бастамаға қатысты ақын-жазушылардың және өнер майталмандарының пікірін мұқият тыңдаған Nur Otan партиясы хатшысы Арман Қырықбаев халықтың сөзін сөйлейтін шығармашылық зия­лы қауым өкілдерін еліміздің саяси өміріне, партияның қызметіне белсенді атсалысуға шақырды.

– Өзге елдердің тәжірибесін електен өткізе отырып, қазіргі праймеризді ұсындық. Қандай да бір реформа, тың дүниені жүзеге асырарда алқалаған әлеуметтің қолдауы, ел ағаларының батасы болмаса, ешқандай істің өнбейтінін жақсы білеміз. Біз ұсынған додаға кез келген азамат қатыса алады. Ал дауыс­ты тек партия мүшелері береді. Бүгінгі таңда партия қатарындағы азаматтардың саны 840 мыңнан асады. Миллионнан астам адамды қайтадан елеп-екшеп, партиямен байланысы үзілген, не қандай да бір себеппен партиядан шыққан азаматтарды ескеріп, осы санға тоқтадық. Жергілікті әкімдерге нақты тапсырма берілді. Бюрократиялық тұрғыдан шектеулер болса, қатысушыларға қысым көрсетілсе, партияның бақылау органдарына хабарласуға болады. Праймеризді әділетті өткізуді партия Төрағасы да қадап айтты. Неғұрлым ел алдында жүрген, халықтың жоғын жоқтай алатын, сөзі өтімді азаматтар қатысса, дода соғұрлым тартысты әрі ашық болады. Елдің жағдайын сіздер айтпасаңыздар, сіздер талап етпесеңіздер «баяғы жартас сол жартас» күйінде қала береді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, араласып, заңды жолмен мемлекеттің, жұрттың пікірін, ойын, санасын өзгертуге болады. Талап ететін, теңдік сұрайтын, халықтың жыртысын жыртатын азаматтар қатысып, жеңіске жетіп жатса, ал қатыспағандары партияішілік сайлауды мұқият қадағалап, үкілеп ортаға қосқан азаматтың бәйгеде бірінші келуіне жағдай жасаса нағыз дамудың, реформаның сәтті көрінісі осы болар еді, – деді А.Қырықбаев.

Жиын қорытындысында қатысушылар жаңа бастамаға ұйытқы болып отырған партия жұмысына сәттілік тілеп, үздіктер іріктеліп, додадан халықтың сөзін сөйлейтін, елдің жоғын жоқтайтын азаматтар шығады деген сенім білдірді.

 

Рауан ҚАБИДОЛДА,

Меруерт БҮРКІТБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»