Соңғы 2 жылда ішкі тауар айналымы 11 пайызға өсіп, 37,5 трлн теңгеге жетті. Алайда осы жылдың алғашқы 6 айында көрсеткіш 6,9 пайызға төмендеп кетті. Дүние жүзін шарпыған пандемия ішкі және сыртқы нарыққа кері әсерін тигізбей қоймады. Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, соның салдарынан сауда саласындағы инвестициялар көлемі 48 пайызға азайды.
1,4 млн адам жұмыс істейді
Құрылғанына бір жыл толған министрлік карантин шараларымен байланысты кедергілермен хал-қадерінше күресіп келеді. Әлемдік сұраныс құбылып жатқан тұста сауда тізбектері үзіліп қалуына жол бермеуге тырысуда.
Бұл саланы өз алдына дербес ведомствоға бөліп шығару маңызды шешім болғаны даусыз. Содан бергі аралықта сауда саласының үлесі ІЖӨ-нің 17 пайызына жетті, экономиканың ірі секторының біріне айналып үлгерді. Республика бойынша 1,4 млн адам осы салада жұмыспен қамтылған. Басқа салалар сияқты пандемия сауда саласындағы мүмкіндіктерді де барынша шектеп жатқаны түсінікті.
Ведомство басшысы Бақыт Сұлтановтың айтуынша, министрлік бір жыл ішінде Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде саудадағы 16 кедергіні жойды. Келіп түскен өтініштерді Еуразия экономикалық комиссиясында қарау мерзімін 3 айға дейін қысқартып, сауда байланысын ұлғайтты. Бұрын осы процесс жыл бойы созылатын.
– Қазақстанда бәсекелес өнімді жасау мәселесі ғана емес, сондай-ақ оны шетелге – жердің қиыр шетіне Еуропаға немесе Америкаға жеткізіп, сату мәселесі тұр. Мұндай шалғай елдерге мамандандырылған тауарларды ғана шығарған тиімді. Өкінішке қарай, көптеген жеңіл өнімдер бойынша бәсекелесу бізге қиындық тудыруда. Сондықтан әрқашан жақын жердегі көршілермен саудаласуға бейілміз, – дейді ол.
Министрдің айтуынша, көптеген интеграциялық бірлестіктер сауда белсенділігін арттыруда. Ал Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі сауда көрсеткіші өте төмен.
Бұдан бөлек, Нұр-Сұлтан қаласы сериялық өнімнің шығу тегі туралы сертификат жүйесін енгізуге қол жеткізді. Ендігі уақытта экспорттаушылар жарты жылда бір рет сертификатын растаса жеткілікті. Қазақстандық экспорттаушыларға, мысалы, сүт өніміне әр экспорттық айран партиясына сертификат алып керегі жоқ.
Қазіргі таңда еліміз шикізаттық емес экспорттаушыларды қолдаудың белсенді саясатын жүргізуде. Алдын ала талдау нәтижелері көрсеткендей, негізгі 16 түрлі тауар бойынша экспорттық әлеует 17 млрд доллардан асады.
Өткен жылы министрліктің көмегімен 300-ден астам қазақстандық компания шет мемлекеттерде өткен 50 көрмеге қатысып, жалпы көлемі 114 млрд теңгені құрайтын 63 экспорттық келісімшарт жасасты. Өңделген өнім өндірушілерді мемлекеттік қолдау 2 жыл ішінде экспортқа бағдар ұстанған 277 кәсіпорының көлік шығыстарын 6,8 млрд теңгеге төмендетуге мүмкіндік берді. Ал босатылған қаражатты кәсіпорындар өндіріс көлемін ұлғайтуға инвестиция ретінде салды. Нәтижесінде, олардың салық аударымдары 45 пайызға өскен.
Экспорттаушылар, сондай-ақ жеңілдетілген кредиттер мен келісімшарттарға сақтандыру қолдауын да алады. Мысалы, өткен жылы Kazakhexport компаниясы 82 экспорттаушының 97,1 млрд теңге сақтандыру міндеттемелерін қабылдапты. Биылғы көрсеткіш те алдын ала болжамдар бойынша бұдан кем болмауға тиіс.
Ұлттық тауар өткізу жүйесі құрылады
Отандық өндірісті дамыту, экспорттық әлеуетті арттыру бағытында жүзеге асырылатын бір бастама бар. Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, сауда саласын жаңғырту шеңберінде біртұтас және тиімді сауда-логистикалық инфрақұрылым – ұлттық тауар өткізу жүйесін құру бойынша жұмыс қолға алыныпты. Бұл өндірушіден тұтынушыға дейін өнім жеткізу тізбегін оңтайландыруға мүмкіндік беретін бастама. Оған қоса әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын 45 пайызға дейін төмендетуге жол ашады.
Қазақстан фермерлер қауымдастығының төрағасы Жигули Дайрабаев бұл бастама тұтынушылар үшін таптырмас шешім екенін айтады.
– Ұлттық тауар өткізу жүйесі – өнімді сақтау, тиімді бөлу және өткізу үшін қажетті жағдайлар жасайды. Тауар шығындарын азайту фермерлерге өнімділікті арттыруға қосымша инвестициялау мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Бұдан басқа жеке өндірушінің өткізу нарықтарына және сату алдындағы сауда инфрақұрылымына толық тікелей қол жеткізуі меншік иесінің де, жалпы саланың да кірістерін арттырады. Ең бастысы наурыз-сәуір айларында көргеніміздей, маусымдық тапшылықтарды болдырмауға мүмкіндік беруімен маңызды, – дейді Ж.Дайрабаев.
Сонымен қатар министрлік Ұлттық банкпен бірлесіп төлем жүйесі арқылы электрондық коммерцияны дамытуды ынталандырмақ. Осы ретте жыл соңына дейін онлайн сатып алу елдегі барлық бөлшек сауданың 900 млрд теңгесін құрауы мүмкін.
Электронды коммерцияны дамытудың маңызы ерекше екенін сарапшылар да айтып отыр.
– Қазақстанда 18 миллион тұтынушы бар. Осы 18 миллион адам тауарлар мен қызметтердің сапасын талап ететін бақылаушы екенін ұмытпағанымыз жөн. Осы салаға қатысты заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістер нарықтағы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын қоғамдық бақылау құралдарын кеңейтіп қана қойған жоқ, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың толыққанды ұлттық жүйесін құруға жол ашты, – дейді экономист Диас Бабаш.
43 компания Alibaba-да сауда жасайды
Бүгінгі таңда 43 қазақстандық компания аса ірі Alibaba платформасында сауда жасайды. 2022 жылдың соңына қарай Wildberries компаниясы Қазақстанда жаңа инвестициялық жобаны іске асырмақ. Бұл Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 5 мың жұмыс орны құрылады деген сөз. Әрі осы жобаның аясында жалпы көлемі 100 мың шаршы метрге жуық логистикалық орталықтар салынады.
Министрліктің есебі бойынша, жыл соңына дейін онлайн сауданың көлемі 900 млрд теңгеге жетуге тиіс. Ал 2022 жылға қарай оның үлесі барлық бөлшек сауданың 13 пайызын құрап, 2 трлн теңгеге теңелмек. Бес жыл ішінде электронды коммерцияның үлесі жалпы нарықтың 15 пайызына жетеді деген болжам бар.
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың есеп беру жиынында айтылғандай, былтыр еліміздегі тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдарына 6 мыңнан астам өтініш түсіпті. Жыл басынан бері тоқтатылған концерттер, тойлар немесе туристік сапарлар үшін ақша қайтару мәселесі бойынша арыз-шағымдар өте көп. Ал жалпы 1,5 жыл ішінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне 12 мыңнан астам шағым түскен екен.
– 6 ай ішінде жалпы сомасы 709 620 теңгеге бас тартылған іс-шаралар үшін 23 өтініш түсті, оның ішінде 449 620 теңге қайтарылған. Нұр-Сұлтанда ресейлік өнерпаздардың концерттеріне, Белгородта өтуге тиіс болған «Народное творчество» фестиваліне, «Астана-Опера» театрының қойылымдарына және басқа іс-шараларға билеттер «ticketon.kz» сайты, Яндекс пошта арқылы, концерт залдарының кассалары арқылы сатып алынған. Мейрамханалар мен дәмханаларда өтпей қалған әртүрлі отбасылық салтанаттарға жалпы 8 млн 810 мың теңгеден астам сомасын қайтару мәселесі бойынша 50 өтініш түскен. Оның ішінде 7 895 мың теңге қайтарылды, қалған өтініштер бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деді ведомство басшысы Б.Сұлтанов.
Оның айтуынша, тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті бас тартылған рейстер үшін билеттердің құнын қайтару бойынша SCAT, Air Astana және FlyArystan әуекомпанияларымен келіссөздер жүргізуде.