• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Экономика 21 Тамыз, 2020

Ереймендегі елге тиімді жоба

520 рет
көрсетілді

Елімізде жел энергетикасын дамытудың мол мүмкіндігі бар. Мамандардың есептеуіне қарағанда, жылына 1 трлн кВт/сағат көлемінде энергия өндіруге болады. Шынтуайтында, бұл – әлемдегі ең үздік көрсеткіштердің бірі. Ерейментаудағы «Golden Energy Corp» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де осындай мол мүмкіндікті пайдалана отырып, тиімді жобаны жүзеге асыруда.

Таулы, қыратты Ерейментау өңірі еліміздегі Жоңғар қақпасы, Шелек, Қордай тәрізді жел бағыты үнемі ұйытқи соғып, алмасып отыратын дәліздердің бірі. Сол себепті бұл жерде жел энергетикасын өндіру әлеуеті өте жоғары. Түптің түбінде жел энергиясы балама энергия көздерінің арасында белсенді бәсекеге түсетіндей болуы керек. Қазіргі талпыныс осы бағыттағы қолға алынып отырған алапат шаруалардың алғашқы қарлығаштары десек те болар.

Жел энергиясын арнайы электр генераторларының көмегімен түрлен­діру арқылы қуат көзін алған кезде шикізатты сатып алу – тасымалдаудың, қалдықтарды шығарудың қажеттілігі болмай қалады. Сол сәтте электр қуатын беруші компаниялардан дербестікке қол жеткізіледі және бір артықшылығы, экологияны ластайтын қалдықтардан арылып, табиғи ресурстар үнемделеді. Елге де өте пайдалы. Мәселен, отын электр қуатының шығындары біршама қысқармақ. Тағы бір тиімді жері, атмосфералық жылу деңгейіне ешқандай әсер етпейді, оның үстіне табиғаттың оттегі қорын сақтайды.

Дәл осы өңірде алғашқы жел электр стансасы 2011 жылы пайда­лануға беріліп, 45 МВт энергия қуатын өндіре бастағанын айта кету керек. Бұл Қазақстандағы ең алғашқы өнеркәсіп деңгейіндегі қуат көздерінің бірі болғанын да еске алсақ артық болмас. Аталған станса 2019 жылы құны 3,9 млрд теңге тұра­тын 169 947 340 кВт электр қуа­тын өндірді. 2020 жылдың сәуір айына дейін құны 327,1 млн теңгеге бағаланатын 14 422 000 кВт электр қуатын өндіріп, халықтың кәдесіне жаратты. Ал Ерейменнің етегіндегі ел осындай жақсылықтың шарапатын бірнеше жылдан бері көріп келеді. Кейін қатарға қосылған «Golden Energy Corp» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұрынғы қуатқа үстемелеп үлес қоспақ. Жел электр стансасының қуаты – 30 МВт. Жоба құны 5,6 млрд теңгені құрайды. Әзірге құрылыс жұмыстарының алғашқы кезеңі аяқталып, үш турбина қатарға қосылған. Екінші кезеңде 25 МВт қуат өндіретін 14 турбина іске қосылмақ. Сол кезде 12 жұмыс орны ашылады.

«Ereymentau Wind Power» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінің жел электр стансасы жалпы қуаты 4,8 МВт болатын 11 турбинаның құрылысын жүргізуде. Қазіргі кезде құрылыс-монтаж жұмыстары өр­мек жүзінен ауды. Үстіміздегі жыл­дың екінші тоқсанында басталған құрылыс жұмыстары 2021 жылы толық аяқталады. Стансаның құры­лысына 160 адам тартылған. Толық пайдалануға берілген кезде тұрақты 8 жұмыс орны ашылады. Өңірге құйылған инвестиция құны 26,6 млрд теңгені құрайды.

Жел электр стансасы жылына 180 млн кВт энергия өндіруді көздеп отыр. Пайдалануға берілгеннен кейін өңірді электр энергиясымен тұрақты қам­тамасыз етудің сенімді көзі бола­ды әрі қала бюджетін толтыруға игі әсер етеді. Аз да болса жұ­мыс орындары ашылып, аудандағы жұ­­мыс­­сыздықты жоюға да септігін ти­гізеді.

 

Ақмола облысы,

Ерейментау ауданы