Цифрландырудың жемісі мен жетістігін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған Президенттік жастар кадр резервіне қатысу кезінде сезіндім. Кадрлық резервке іріктеу кезінде барлық үміткер құжатты онлайн тапсырды. Соңғы кезеңге дейін комиссия мүшелерімен жеке кездесу болған жоқ. Байқауға қабылдау, әр кезеңнің тапсырмаларын орындау барысында тек озық технологияны қолдандық. Компьютердің алдында отырдық, камера қосулы болды. Процесс өте қатал болды деуге де болады.
Осылайша іріктелген 300 жас әр кезеңнің ашықтығын, адалдығын өз көзімен көрді. Жобаның әділ өткеніне күмән келтірмеймін. Осылайша соңғы технологияны түрлі салаға енгізу арқылы адами факторды жойып, жемқорлықпен тиімді күрес жүргізуге болар еді.
Алайда цифрландыруды жүзеге асыруды жүйелі жүргізу керегін де ескеру қажет. Себебі олпы-солпы жасалған дүние одан сайын қиындыққа алып келуі мүмкін. Мен осыған алаңдаймын. Сондықтан ел Президенті күні кеше сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі кеңесте атап өткендей, деректер қорын одан əрі интеграциялау жəне мемлекеттік қызметтерді цифрландыруды жеделдетуге баса мəн беру қажет.
Дәулет КӘРІБЕК,
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы