• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
26 Қазан, 2013

Жиын-терін аяқталды

363 рет
көрсетілді

Елбасы Н.Назарбаев жұмыс сапарымен Қызылжар өңірінде болған кезде ауа райының қо­лайсыздығына қарамастан бітік егін өсірген диқандар қауымының қажырлы еңбегіне жоғары баға беріп, Отан қамбасына кемі 5 миллион тонна ел ризығын құюды тапсырған болатын.

 

Елбасы Н.Назарбаев жұмыс сапарымен Қызылжар өңірінде болған кезде ауа райының қо­лайсыздығына қарамастан бітік егін өсірген диқандар қауымының қажырлы еңбегіне жоғары баға беріп, Отан қамбасына кемі 5 миллион тонна ел ризығын құюды тапсырған болатын.

Қазіргі қарқынға қарағанда, сол­түстікқазақстандықтардың уә­де үдесінен шығары анық. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының ақпараты бойынша, егістік алқаптардан жиналған алтын дән 4,5 миллион тоннаны құрап отыр. Күздің жауын-шашынды болуына байланысты алтын орақтың әлі аяқталмағанын әрі былтырғыға қарағанда гектар берекелілігі 4 центнерге жоғары екенін ескерсек, берген уәденің артығымен еңсерілетін түрі бар.

Мағжан, Қызылжар, Айыртау аудандарының егіншілері жауапты науқанды ойдағыдай аяқтап, гектар өнімділігін 17-15,7 центнерге жеткізді. Жекелеген шаруашылықтардың көрсеткіші тіпті қомақты. «Мәмбетов және К» командиттік серіктестігінің директоры Еркебұлан Мәмбетов бастаған ұжым 15884 гектар алқаптың дәнін еш шашаусыз құйып алды. Осындағы «Отан» орденінің иегері Арыстан Жүнісов жетекшілік ететін Бексейіт бөлімшесі әр гектардан 20 центнерден өнім алып, жарыс көшін бастаса, Ерсайын Ғабдуллин, Ағыбай Шорманбаев секілді майталман механизаторлар 19000-15000 тонна астық бастырды. Осылайша, орақ озаттарының күзгі орақ кезінде тапқан еңбеккүні 350 мыңнан 600 мың теңгені құрауы маңдай тердің ақталғанын көрсетсе керек. 700 мың гектар жерге егін өсірген Ғ.Мүсірепов ауданы ширақ қимылдың арқасында астық жинау жұмыстарын тәмамдады. «Червонное-Агро», «Әліби-Ишим», «Возвышенка-СК», тағы басқа шаруашылықтар жоғары еңбек үлгісін көрсете білді. Күзгі орақты ұтымды ұйымдастырғандардың бірі – «Дайындық» ЖШС. Біржан Шаймерденовтің жетек­шілі­гіндегі ұжым егін орудың оңтайлы тәсілдерін тиімді қолдана отырып, 10 мың гектар жерге сіңірілген дәнді дақыл­дардың шығымдылығын 21 центнерден айналдырды. Майлы дақылдардың шығымдылығы да осы шамалас.

– Бүгінде өңірде дәнді, майлы, жемазықтық дақылдардың соңғы танаптары бастырылып, негізгі жұмыс қырмандарға ауысқан. Аққайың ауданы «Полтавка» ЖШС 9000 гектар бидайды, 2000 гектар арпаны, 317 гектар бұршақты то­лық жинап, қырмандарда та­зартылған дән элеваторларға кідіріссіз жөнелтілуде. Елбасы­ның егіншілік саласын әртарап­тандыру тапсырмасына сәйкес табысы мол дақыл – рапс егумен де айналысып келеміз. Биыл оның көлемін 2 мың гектардан асырдық. Алдағы уақытта күтіп-баптау технологиясын те­рең игеріп, техника паркін ны­ғайтатын боламыз. Жиналған өнімнің 60 пайыздайын сатып, қалғанын қоймаларда сақтамақ ойымыз бар, – деді Е.Зі­кі­­рин.

Мамлют ауданына қарасты «Бредун» командиттік серік­тестігі жиналған астықты тазалап, кептіргеннен кейін сыйым­дылығы 5,5 мың тонналық екі астық қоймасына құйып алыпты. Қалғанын Мамлют ұн ком­бинатының элеваторына жөнелтуде. Түгелдей үшінші сұрыппен қабылданыпты. Өйт­кені, механикалық қыр­ман­дарда өңделген астықтың ылғалдылығы 11-13 пайыздан аспайды.

Жалпы сыйымдылығы 3,5 миллион тонна болатын 55 элеваторға жеткізілген астық­тың 90 пайыздан астамы үшінші сұрыпқа жатады. Ауа райының күрделілігі барынша ескеріліп, 123 астық кептіргіш іске қосылған.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.

Соңғы жаңалықтар