• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
26 Қазан, 2013

Үш жұлдыз – үш ерлік

630 рет
көрсетілді

Нарын құмында Жамбыл атындағы сегізжылдық мектептің бастауыш сыныбында оқитын кезімде Ұлы Жеңістің 20 жылдығына орай салтанатты жиналыс болғаны есімде қалыпты. Бұл 1965 жыл болатын. Кешегі сұрапыл соғысқа қатысып келген жастары қырық пен елу арасындағы мектеп директоры Темірғали Мырзашев бастаған алты-жеті мұғалім топтың алдына шықты. Майдангерлер арасында тұрған Қисым Ғабдуллин ағайдың кеудесіндегі «Қызыл Жұлдыз» ордені ерекше жарқырайды. Шалағұл Қабделов («Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі болған Қазихан Қабделовтің ағасы), Мағаз Нетәлиев ақсақалдар да «Қызыл Жұлдызды» үнемі тағып жүретін. Соғыс жөнінде сөзге сараң, мінездері қатал ұстаздарымыз үшін бұл орденнің орны бөлек екенін бала болсақ та іштей сезуші едік.

Нарын құмында Жамбыл атындағы сегізжылдық мектептің бастауыш сыныбында оқитын кезімде Ұлы Жеңістің 20 жылдығына орай салтанатты жиналыс болғаны есімде қалыпты. Бұл 1965 жыл болатын. Кешегі сұрапыл соғысқа қатысып келген жастары қырық пен елу арасындағы мектеп директоры Темірғали Мырзашев бастаған алты-жеті мұғалім топтың алдына шықты. Майдангерлер арасында тұрған Қисым Ғабдуллин ағайдың кеудесіндегі «Қызыл Жұлдыз» ордені ерекше жарқырайды. Шалағұл Қабделов («Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі болған Қазихан Қабделовтің ағасы), Мағаз Нетәлиев ақсақалдар да «Қызыл Жұлдызды» үнемі тағып жүретін. Соғыс жөнінде сөзге сараң, мінездері қатал ұстаздарымыз үшін бұл орденнің орны бөлек екенін бала болсақ та іштей сезуші едік.

Арада қырық жылдай уақыт өткенде, дәлірек айтсам, 2005 жылы «Мұнайшы» қоғамдық қорындағы бір басқосуда кеудесінде үш «Қызыл Жұлдыз» ордені бар ақсақалмен кездестім. Журналист ретінде талай майдангермен жүздесіп жүрсем де, үш жұлдызды қатар таққан ардагерді бірінші көруім еді. Ол Ұлы Отан соғысының ардагері, елімізге белгілі мұнайшы, ұзақ жылдар бойы партия-кеңес және кәсіподақ ұйымдарында жемісті еңбек еткен, І және ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы, үш «Қызыл Жұлдыз» және «Құрмет Белгісі» ордендерінің иегері Жетпісбай Есенжанұлы екен. Соншама жауынгерлік наградасы бола тұра кезінде Батыр атағын неге бермеді екен деген ой да қылаң беріп қалды. Таныстым, әңгімелестім. Замандастарымен, шәкірттерімен де сөйлестім. Ардагер туралы кейін деректі ғұмырнамалық эссе де жазған едім. Биыл 90 жасқа толғалы отырған Жетпісбай Есенжанұлы аты аңызға айналған абыз адам екеніне өнегелі өмір жолы арқылы талай мәрте көз жеткіздім.

Бір кездері Жаңаөзен қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болған, «Маңғыстаумұнайгаз» бірлестігінің бұрынғы бас директоры Нұрлыхан Бекбосынов Жетпісбай ағаны өзінің ұстазы санайды екен.

– Алпысыншы жылдардың аяқ кезінде Жаңаөзен қаласының іргесін қалаушылардың бірі, қалалық атқару комитетінің тұңғыш төрағасы Жетпісбай Есенжанұлы біз сияқты жас кадрларға қандай қиын тапсырма берсе де өзіңді сөзімен де, сұсымен де, ағалық қамқорлығымен де жігерлендіріп жіберетін. Ол қаланы басқарған кезде талай құрылыстар салынды, талай асулар алынды. Оның алысты болжай білетін даналығы бар, тәуекелшілдігі мен таңғалдыратын. Өзім кейін қаланың бірінші хатшысы болғанда ақыл-кеңес сұрап тұратынмын. Балаларға теңіз жағасындағы Фетисов мекенінде демалыс орнын ұйымдастыру үшін заңсыз асфальт жол салуға тура келді. Бірлестік те, басқа басшылар да жауапкершіліктен қорықты. Мәселе өзіме келіп тірелді. Содан Жәкеңмен ақылдастым. Сонда ол кісі: «Халық үшін жасалған іске сотталмайсың, қызметіңнен айырылып қалуың мүмкін, партиялық жаза алуың мүмкін. Бірақ тәуекелің жетсе, ойға алғаныңды жүзеге асыр», деді. Бұл сөз маған қуат берді. Ойлаған жобамды жүзеге асырдым, нәтижесінде теңіз жағасынан бір маусымда 1000 бала демалатын пионер лагері ұйымдастырылды. Кезінде қала басшысы болып тұрғанда Жетпісбай ағаның өзі де талай тәуекелге барғанын, азуын айға білеген талай басшылардың алдында тайсалмай мәселе қойғанын білетінмін. Жәкең батыр адам, олай дейтінім, онда үш «Қызыл Жұлдыз» ордені бар, мұндай орденнің үшеуін қатар алу деген сирек құбылыс екенін майдангерлерден естігенмін. Өзі Берлин шайқасына қатысқан. Өмірдің ыстық-суғынан өткендіктен шығар, басшы ретінде қарапайым халыққа жақын болды. Турашыл, әділетсіздік атаулыға төзбейді, әлі күнге солай, – деді Нұрекең.

...1942 жылы мамыр айында Орын­­­бордағы жаяу әскер училищесін бітірген Жетпісбай Есен­­жанұлы және өзімен бірге оқыған кур­сант­тарды түнде пойыз­дан түсірген бойда жойқын шайқас жүріп жатқан алғы шепке алып келіп, бірден ұрысқа кіргізеді. Сол бір сын сағат­тың әр қас-қағым сәті ардагер жадында сақ­таулы: «Алдымызда екі-үш жүз метр жер­де немістердің окоптары жа­тыр. Таң қараңғысында оларға қарай жербауырлап жақындап барып атакаға көте­рілуіміз керек. Өмірімде бірінші рет соғысқа кіруім ғой, кімнің қандай күйде болғанын білмеймін, өзімді айтсам, жүрегім тулай соғады. Қасымдағы Мартынов деген чуваш жігітімен сөйлесіп қарасам, ол да менің халімді кешіп жатыр екен. Ұрыс кезінде бір-бірімізге көмектесейік дедік. Бір кезде: «Алға! Атакаға!» деген дауыс естілді. Ілгері қарай жанұшыра тұра ұмтылдық...». Алғаш оқ пен от кешу осылай басталған.

Біздің, кейінгі ұрпақтың, кітаптан оқыған, кинодан көрген қолма-қол ұрыс, прожекторды пайдалану, биіктегі бекіністерге шабуыл тәрізді көріністердің тірі куәгері Есенжан аға екенін айтуға тиіспіз. Мен бірде ардагерден үш бірдей «Қызыл Жұлдыз» орденін қалай алғанын сұрағаным бар. «Соғыста мен мынадай ерлік жасадым, пәленбай жаудың көзін құрттым деп айтудың өзі қиын, – деп бастады ол әңгімесін. – Ерлікті тудыратын соғыс ахуалы, орын алған жағдай, яғни өмір мен өлім бетпе-бет келеді, кім болсын өмір үшін күреседі. Біздің 8-ші гвардиялық армия басқа да құрамалармен бірге Днепрдің оң жағалауын жаудан босату үшін шайқасып жатқан кез болатын... Немістер таң бозарып атқанда қиқулап өлең айтып, ауыз гармондарын тартып, психикалық атакасын бастады. Олар шабуылға шыққанда бірқатар емес, бірнеше қатар болып тығыз жүрді. Алдыңғы қатардағылары оққа ұшып құлап жатқанда артқы қатарлары құлаған солдаттарын басып, таптап алға ұмтыла берді. Біздің жақтан атылған оқтың қардай жауғаны сондай, пулеметтердің, автоматтардың ұңғылары қызып кетті. Жауынгерлер қаруларына шалшық су шашып салқындатып алады. Немістер әлгіндей атакаға үш рет шықты. Ал біздің оғымыз, мина, граната бәрі таусылды. Тылдан келетін көмек жоқ. Нағыз қиындық енді туды. Түс ауып, кешке айнал­­ды. Немістер тағы атакаға шықты. Бірақ таңер­теңгідей айқай-шу жоқ, сан жағы да азайған секілді. Біздің полк, батальон, рота және взвод жауынгерлері, командирлері түгелдей қатарға тұрды, бұл өлімді қасқиып тұрып қарсы алуға жасалған ақырғы шешім еді. Әркім өзінің оғы таусылған жеке қаруын алып, найзалы винтовкасын кезеп, найзасы жоқтары карабиндерінің дүмбісінен ұстап, командирлер пистолеттерімен, қанжарларымен қаруланып немістерге қарсы жүрдік. Бетпе-бет келгенде немістер қобалжыды, әуелі жүрістерін кілт тоқтатты. Біз қатарымызды бұзбай жайменен жүріп келеміз. Немістер кеңес әскерінің көзсіз батылдығына шыдай алмай шегіншектей бастады, ал біз бар күшімізді жинап ілгері ұм­тылдық... Осы қиын ұрыстардан соң мені «Қы­зыл Жұлдыз» орденімен марапаттаған еді».

Берлин шайқасына бастан-аяқ қатысқан офицер Жетпісбай Есенжанұлы Ұлы Жеңістен кейін тағы екі жыл Германияда әскери қызметте болып, 1947 жылы елге оралады. Өзінің геолог-мұнайшы мамандығы бойынша Атырауда жұмыс болмай, Ақтөбе облысына бармақшы болғанда Мақат аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Құлқайыр Оспанов шақырып алып: «Әскерден оралған өзің сияқты жас мамандарды, әсіресе, ком­мунистерді, әрі офи­цер екенсің, басқа жаққа жібере алмаймыз. Ұйымдастыру бөлімінде өндіріс мәселесімен айналысатын нұсқаушы, сосын бөлім меңгерушісі боласың», деп мәселені төтесінен қояды. Қан майданнан оралған офицер де алған бетінен қайтпады. Бірақ анасымен, ағасымен ақылдасқанда олардың осы Мақатта қалғанын қалауы райынан қайтуға әсер етті. Сөйтіп, партия, кеңес, кәсіподақ саласындағы қызмет соқпағы осылай басталады.

Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұртас Оңдасынов жас кадрларды сыртынан бақылап, іскерлерін бірден таниды екен. Сосын күрмеуі қиын мәселелері бар қызметтерге тағайындағанда қателеспейтінін көз көргендер әлі күнге жыр қылып айтады. Ол Жетпісбай Есенжановты Гурьев қалалық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасарлығына ұсынады. Бірінші хатшы бұл жолы да қателескен жоқ еді, қаланы көркейтуде, құрылысын кеңейтуде ойына алған шаруаларды тындыруға білікті маман білек сыбана кіріскенде қатты риза болыпты, оны өзіне жеке шақырып, оңаша әңгімелесіп, екеуі қала мәселесін мұқият талқылайды екен. Жетпісбай ағаның Нұртас Дәндібайұлымен әр кездесуі, бір-біріне деген құрметі өз алдына бөлек әңгіме.

Кезінде Жаңаөзен қаласының іргесін қалауға зор еңбек сіңірген, кейін 1973 жылдан бастап он бес жыл бойы Маңғыстау газ өндіру және тасымалдау басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарған, Лениндік сыйлықтың лауреаты, атақты геолог Ха­лел Өзбекқалиевпен үзеңгілес болған Жетпісбай Есенжанұлының бұл өңірде өзіндік қолтаңбасы бар.

Биыл тоқсан жасқа келген қаһарман қарт жауынгерге, запастағы полковникке, талай қиындықты бастан кешсе де қайыспаған нартұлға ағамызға телефон шалып хабарласып тұрамын. «Ассалаумағалейкүм» деп амандаса бастағанымда-ақ дауысымнан танып: «Айналайын, амансың ба?» деп мейірлене сөйлейді. Өмірі шежіре, өздері өнеге қарттарымыздың аман-сау жүргенін тілейміз!

Самат ИБРАИМ,

журналист.

АЛМАТЫ.

Соңғы жаңалықтар