Шымкент қаласына арнайы ресми сапармен келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы "Ел үлесі – пәтерге" акциясының 252-баспана кілтін табыстау шарасына қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алдымен ҚМДБ төрағасы "Ел үлесі – пәтерге" акциясының мән-маңызына тоқталып, көп жылдан бері баспана тауқыметін тартып жүрген Әл-Фараби ауданы, Сәуле мөлтек ауданында тұратын жалғысбасты ана Ұлжан Аяпбергеноваға баспана кілтін табыс етті. Өз атынан газ плитасын сыйға тартып, қоныстың жайлы һәм қуанышқа толы болуын тілеп, құтты болсын айтты.
Үйдің жер көлемі – 8 соток, ал жаңа салынған пәтердің көлемі – 8х10 шаршы метр. Барлық жағдайы қарастырылған және үйдің ауласы қоршалып, темір қақпасы орнатылған.
Айта кетсек, аталмыш үйдің құрылысына Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Нұрматұлының бастамасымен ҚМДБ-ның Шымкент қалалық "Зекет" қоры өкілдігі мен "Сәуле" мешітінің жамағаты қолдап, демеушілік етіп, аз уақытта пайдалануға берілді. Осы орайда, осындай карантин жағдайында қол ұшын созып, аянбай қызмет еткен жомарт жандарға Бас мүфти батасын беріп, ризашылығын білдірді.