• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Тамыз, 2020

Әсіре ысырапшылдыққа жол бермеуіміз қажет

392 рет
көрсетілді

Осынау қиын-қыстау кезеңдер артта қалғаннан кейін «той мәселесі қалай болар екен?» деген сауал ел арасында көп айтылып жүр. Бұрынғыша ұлан-асыр той жасап, «алпыс күн атан болғанша, бура боп бір күн зіркілде» деп бар тапқанымызды той-думанға шаша береміз бе, жоқ әлде сәл айылымызды жиятын кез келді ме?

Бір сөзбен айтқанда «отыз күн ойыны мен қырық күн тойы тарқамаған» қазақ тойына рефор­ма қажет пе деген сұрақ туын­дайды. Дәл осы ой бұл күнде біразымыздың санамызды меңдеп жүр.

Әрине қазақ ежелден, сауық­шыл, тойшыл, думаншыл халық. Қадыр ақынның сөзімен айтсақ: «Ойлай да білген адамға, тойлай да білген лайық». Бұл халқы­мыздың көне дәстүрімен, болмысымен сабақтасып жатқан дүние. Кеңдігіміздің бір көрі­нісі. Дей тұрғанмен, соңғы он шақ­­ты жылдың бедерінде дәл осы тұрғыдан келгенде сәл да­ра­қы­ланып кеттік пе деймін. Үстел үсті майысардай аста-төк дас­тархан жайып әсіре ысырап­шылдыққа жол бердік. Жағдайы барлар той арқылы бір-бірі­мен бәсекеге түсіп, қарапайым халық бір күндік той үшін банк­терден жоғары пайыздық мөлшерлемемен несие алатын болды. Бұл өз кезегінде халық арасына әлеуметтік жік түсіріп жатыр. Мұның түбі жақсы емес.

 Мамыражай кезде той жасама деуден аулақпыз. Әркімнің өмірде бір болатын қуанышы. Алайда, дәулетіңе сай әрекет қылып, көрпеңе қарай көсілу деген болады. Осыны ұмытпасақ игі. Мәселен, өзбек ағайындар ең үлкен тойларының өзіне ары кетсе 100-150 адам шақырады. Тамақты да кісі басына шақтап қояды. Алғашқы дастарханға қойылған тағамдар желініп болғаннан кейін ғана келесі тамақ әкелінеді. Зерделеп қара­сақ, бұл да мәдениет. Шари­ға­ты­мызда: «Жеңдер, ішің­дер, бірақ ысырапқа жол бер­мең­дер» демей ме? Құдайдың сы­йын үнемдеу керек. Батыс ел­дерінде де дәл солай. От­ба­сыңдағы қуанышты жақын-жұ­ра­ғатың­мен шағындап атап өтсең қандай жақсы. Мәселен ары кетсе 100 адам. Ал біздің кейбір тойларда жарты миллион адам жиналады. Ізгішуақ тілек­тер төгілетін отбасылық мерекелер концертке ұласып, арзан әңгіме, әжуа әзілдер айтылып жата­тын кездер де көп. Мұны да өз жо­лымен жүйелеу керек секілді.

Қазақты лайым тойдан ажыратпасын. Дегенмен дарақылық, даңғазалық, ысырапшылдықтан арылып, үнемшілдікке ықшам­дылыққа бейімделсек деген тілегім бар.

 

Сәбит ОРАЗБАЕВ,

Қазақстанның халық әртісі,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

 

АЛМАТЫ