Алматы қаласында бокстан әлем чемпионатының өтуін тәуелсіз мемлекетіміздің осы спорт саласындағы қол жеткізген табыстарының нәтижесі деп білемін. ТМД бойынша Мәскеу, Бакуден кейін бізде өтіп отыр. Орталық Азияда мұндай жарыс өткен жоқ. Сондықтан бұл біріншіліктің маңызы өте зор.
Алматы қаласында бокстан әлем чемпионатының өтуін тәуелсіз мемлекетіміздің осы спорт саласындағы қол жеткізген табыстарының нәтижесі деп білемін. ТМД бойынша Мәскеу, Бакуден кейін бізде өтіп отыр. Орталық Азияда мұндай жарыс өткен жоқ. Сондықтан бұл біріншіліктің маңызы өте зор.
24 қазан күні Алматы қаласында Бокс академиясының ашылуы да айтулы оқиға болды. Өйткені, Алатау баурайында орын тепкен бұл спорт шаңырағы керемет. Теңіз деңгейінен әлдеқайда биікте дайындықтан өткен боксшылардың әлеуеті жоғары болады. Көп жағдайда соңғы раундтарда жігіттер сәл-пәл босаңсып қалып жатады. Ал мықты мектеп бар жерде, сондай олқылық болмайды деп ойлаймын.
Мен әлем чемпионаты ашылған күннен бері дүбірлі доданы «Қазспорт» телеарнасынан үзбей көрудемін. Боксшыларымыз қуантып жатыр. Басқа елдің былғары қолғап шеберлерінің де жарқ етіп көрініп қалып жатқандары бар. Немесе, танымал боксшылар белгісіз қарсыластарынан ұтылып қалғанын да көріп отырмыз. Кездейсоқ оқиғалар болуда. Әрине, боксшының дайындығы, жинаған тәжірибесі басты рөл атқаратыны даусыз. Дегенмен, барлық мәселені шаршы алаң шешіп жатыр. Мықты боксшы алмай қоймайды.
Біздің жігіттердің техникалық дайындығы өте жоғары деңгейде екен. Бапкерлерінің ақыл-кеңесі бойынша сәтті өнер көрсетуде. Бәрі де шаршы алаңда бар қайратын салып жатқанын байқауға болады. Алла боксшыларымызды оқыс жағдайларға ұшырап қалудан сақтасын.
Меніңше, Әділбек Ниязымбетовтің, Данияр Елеусіновтің, Жәнібек Әлімханұлының, Мерей Ақшаловтың әлеуеттері жоғары, осы жігіттерден үлкен үміт күтіп отырмыз. Біржан Жақыповтың тәжірибесі өте мол, осы жарыста бар күшін салатыны сөзсіз. Иван Дычкода боксшыға тән табиғи дарын бар.
Әлем чемпионатының ұйымдастырылуы да жақсы әсер қалдыруда. Жарыс жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бір әдемі көрініс, қызыл бұрышқа шығатын боксшыны ұлттық сипаттағы қызғылт киімді қыздар бастап келе жатады. Ал көк бұрыштағы спортшыны көкшіл көйлекті ару қызымыз шаршы алаңға алып келеді. Бұл бір кішкентай мәселе сияқты. Бірақ, мұның көңілге шуақ сыйлайтын ұлттық реңкі бар.
Астанада өтсе, мұндай жарысқа күнде барар едім. Дегенмен, былғары қолғап шеберлерінің ғажап өнерлерін халқымызға жеткізіп отырған «Қазспорт» телеарнасына және «Қазақстан» ұлттық арнасына ел тұрғындарының айтар алғысы шексіз.
Бүгінгі таңда боксты қазақтың ұлттық бренді десек, қателеспейміз. Қасиетті халықтың ұландары беріліп тұрған мүмкіндікті жібермей, биік деңгейден көрінсе деп тілеймін. Жігіттерге Алла жар болсын!
Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ,
Мәжіліс депутаты.