Қазақтың тойы қандай болу керектігі жөнінде менің айтар ойым ақиқаттың ақырғы жатысы демеймін. Өзімнің пікірім, сондықтан менің ойыммен келісетіндер де, келіспейтіндер де болар, бұл заңды дүние.
«Жиған-тергенің тойға шашылсын» деген таныммен қалыптасқан ұрпақпыз ғой. Ел ішінде індет етек алып, карантин, шектеу деген шараларға мойынұсынғанға дейін біз негізі әр нәрсенің себебін іздеп, соның артын тойға айналдыруды әдет еткен халықпыз. Қазақ үшін әр аптаның соңғы екі күні демалыс күн емес, той күніне айналып кетті. Үйлену тойы, бесік той, сүндет той, мерейтой, мүшел той, әйтеуір бір бітпейтін той.
Бірақ әр нәрсенің өзінің реті, жөні бар. «Қаздың жүрісін саламын деп, қарғаның шаты айырылыпты» демекші, жағдайы бар, қалтасы қалың қазақтардың оңды-солды шашқан тойын көріп, «мен солардан кеммін бе?!» деген жалған намыспен қарыз алып, қауғаланып той жасап жататындар бар. Мен осыған қарсымын. Әркім қалтасына қарап көсілуі керек.
Енді біреулер орынсыз бір себептерді ойлап тауып, сауын айтып аста-төк той жасап, өзінің барлығын, байлығын көрсетіп қалғысы келіп тыраштанып жатқаны да көзге түсіп қалады. Осындай келеңсіз мінездерден арылатын кез жеткен сияқты. Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Осы күні қарап отырсаң, құдалық, қыз ұзату сияқты қуаныштарда әйтеуір ретін тауып өмірі естімеген неше түрлі салт-жоралғыны ойлап тауып жатады. Оның артынан сол баяғы есепсіз ысырап, орынсыз шашылу сияқты даңғойлық еріп жүреді. Осыны көріп кейде күйінесің. Өйткені өзіміз ауылда, ата-әжелеріміздің өнегесін көріп өстік. Барға қанағат етіп, етін асып, дастарқанына бауырсағы мен жентін қойып-ақ тойлағандар ешкімнен кем болып қалған жоқ. Үлкендердің бата-тілегімен бағы жанып, бүгінде үбірлі-шүбірлі болып, өздері де келін түсіріп, қыз ұзатып отыр. Әрине қазір ешкімге ақыл айтатын заман емес, әркімнің еркі өзінде. Бірақ қазір той жасағанда әр нәрсені шама-шарқына, сән-салтанатына, мән-мағынасына қарай өлшеп-пішіп, ысырап пен астамшылдыққа бой ұрудан сақ болуымыз керек сияқты.
Әсия БЕРКЕНОВА,
Қазақстанның халық ақыны
ҚОСТАНАЙ