Жұмыр жердің бетінде дүние жаратылған кезден бері адам айтса сенгісіз небір таңғажайып құбылыстар орын алғаны мәлім. Соның бірі ерте замандарда қазақ даласында, нақтырақ айтқанда бүгінгі Ырғыз ауданы аумағындағы Жаманшың жотасында болған екен. Қазіргі кезде тарихи орынға айналған шатқал Ырғыз ауданының орталығынан оңтүстік беткейге қарай елу шақырым аралықта орналасқан. Планетадағы қайталанбас оқиғаның бірі дәл осы тұста тіркеліп, оған алып аспан денесі – метеорит құлаған.
Бұдан бергі кезеңде метеоролог мамандар мен ғалымдар оның қуаты он мыңдаған мегатонна бомбаға тең болғандығы жөнінде әртүрлі ғылыми болжамдар жасаған. Сөйтіп жойқын жарылыстың тереңдігі 700 метрге дейін жетіп, аталған ұзындық өлшеміне тең қазаншұңқыр пайда болған. Әрі метеориттің аса ауыр салмағынан жер қыртыстары төңкеріліп түсіп, соның салдарынан бұл арада шатқалдар мен шыңдар түзіліпті. Оның аумағы мен диаметрі алты шақырымға дейін созылады. Ал жарылыс төңірегіндегі қысым жүздеген килобарға, соның ішінде температура бірнеше мың градусқа жеткені жөнінде де ғылыми пайымдаулар бар.
Метеорит құлаған жерде оның ұсақталған сынықтары мен қалдықтары қалуы табиғи жайт. Бұған импактит және тектит деген атаулар берілген. Қайталанбас оқиға Ырғыз даласында болғандықтан аспан денесінің сынықтары «Иргизит» деп те айтылып жүр. Ғылыми-зерттеулер мен тұжырымдар дәл осы тектес тастар планетаның бірде-бір түкпірінде кездеспегенін алға тартады. Осылайша оның жер бетінен табылуы тек Жаманшың кратерінің үлесіне тиді десек қателесе қоймаспыз.
Бүгінде Жаманшың шатқалындағы кратер республикалық және халықаралық маңызы бар геоморфологиялық нысандар тізбесіне кіреді әрі айрықша қорғалатын табиғи аумақтар қатарынан орын алады. Бұл жайт метеорит құлаған тұс туристік, экологиялық, ғылыми және мәдени құндылық ретінде бағалана алатынын білдірсе керек. Нақтырақ айтқанда, Жаманшың метеорит кратері Республика Үкіметінің 2010 жылғы 18 қарашадағы №1212 қаулысымен бекітілген «Республикалық және халықаралық маңызы бар мемлекеттік табиғи қорық қорының геологиялық нысандар тізбесінде» жиырма бесінші нөмірімен тіркелген. Сонымен бірге таңғажайып нысан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы тізбесіне енгізілген. Қазіргі кезде ішкі туризмді дамыту мәселесі елімізде басым бағыттардың біріне айналды. Осы орайда Жаманшың метеорит кратері өңірдегі туристік нысандардың қатарында тұрғанын айтуға тиіспіз. Расында да оның туристік орталыққа өте лайықты екендігі ешқандай талас туғызбайды. Еліміздің шалғай өңірлеріндегі бірқатар туристік сипаттағы нысандардың жарақтандырылуы тиісті әлемдік талаптарға сәйкес келгенімен автожолдың нашарлығы, асфальт төселмегені, барының өзі ойқыл-шойқыл екендігі туристер тасқынының тежелуіне әкеліп соқтырып жүргенін жоққа шығаруға болмайды. Мұндай жағдайды Батыс Қазақстан облысындағы Бөкей Орда тарихи-музей кешеніне қатысты айтуға да болар еді.
Ал Ырғыз кенті маңындағы туризмге лайықты нысан жөнінде бұлай деудің ешқандай жөні жоқ. Өйткені тақтайдай тегіс «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық жол-көлік дәлізінің тұсында орналасқан шатқалға автокөлік иелері туристерді үш-төрт сағаттың ішінде шаршатпай жеткізе алады. Әйтсе де біз Ырғыз ауданына іссапар кезінде Жаманшың метеорит кратерін туристік орталыққа айналдыру жөніндегі мәселелер қағаберістеу қалып жүргенін сезінгендей күй кештік. Әсіресе мұнда әлі күнге дейін жер бетінде баламасы жоқ ерекше нысанды сақтау мен қорғау және оны ірі туристік бағытқа айналдыру жөніндегі жұмыстар кенжелеп қалып жүргені айқын байқалады.
Республикамыздың өзге өңірлерінде осы тектес нысандарға «Ашық аспан астындағы музей» мәртебесі беріліп, оны тек өз еліміздің азаматтарына ғана емес, сонымен бірге өзге мемлекеттің өкілдеріне де таныта алатындай ауқымды іс-шаралар атқарылған. Бұлардың қатарында Алматы облысындағы «Есік мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі» және Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарындағы «Құмай», Сырымбет және Отырар мемлекеттік археологиялық музей нысандары мен қорықтарын атауға болар еді. Сонымен бірге аталған тарихи орындар сол өңірлердің бәсі мен имиджін көтеруге де септігін тигізіп жүргенін жоққа шығаруға болмайды.
Осындай атауға Жаманшың кратері де әбден лайықты. Айталық, Ырғыз ауданындағы бір топ аға буын өкілдері оған «Ашық аспан астындағы музей» мәртебесін беріп, оны Ырғыз аудандық тарихи-өлкетану музейінің филиалы немесе өз алдына дербес коммуналдық кәсіпорын ретінде ашу қисынды болатыны жөніндегі ой-пікірлерін алға тартты. Зерделей қарасаңыз бұл өте орынды ұсыныс-тілектер екенін аңғаруға болады.
Бүгінгі әңгімемізге тиек болып тартылған мәселе тұрғындар тарапынан 2019 жылы тағайындалған Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинның Ырғыз ауданына алғашқы сапары кезінде де көтеріліпті. Сол кезде ол ырғыздықтар тілегіне түсіністік танытып, 2019 жылдың 17 шілдесі күні осыған орай №53-ТС хаттамасын әзірлеп Жаманшың аумағында туристік жобаны жасақтау жөнінде аудан әкіміне тиісті органдармен және мүдделі ұйымдармен қажетті жұмыстар жүргізуді тапсырыпты. Әйтсе де жоғарыда айтылғандай Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасы мен облыстық планетарий жетекшілері бұл іске жүрдім-бардым қарайтындығы аңғарылады.
Ал тұтастай алғанда облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес өткен жылдың қыркүйек айында «Жаманшың-2019» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілген. Сонымен бірге метеорит құлаған жерге ғылыми-зерттеу экспедициясы ұйымдастырылып, оның құрамындағы отандық және шетелдік білікті ғалымдар біраз уақыт бойы жұмыс жүргізген. Осы экспедиция кезінде белгілі ресейлік ғалым, профессор Павел Флоренцский Жаманшыңның жарылыстан пайда болған ойпат екенін ғылыми түрде тағы бір мәрте дәлелдеп берді.
Түйіп айтқанда, жоғарыда көрсетілген мәселелер шешімін табатын болса, оның жұмысын алға бастыруға барлық мүмкіндік бар. Бұл үшін ең алдымен табиғи-тарихи орынның айналасына жеміс ағаштарын егу және кратерден табылған тектиттер мен импактиттерге арналған экспозициялар жасақтау көзделген. Бұдан кейінгі кезекте кратер маңына этнографиялық ауыл орналастырылып, мұнда ұлттық-мәдени құндылықтарды зерделеу жөніндегі жобалар жүзеге асырылмақ. Тек сабақты ине сәтімен болсын деңіз.
Ақтөбе облысы,
Ырғыз ауданы