Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Конституциялық Кеңес аппаратының басшысы Бақыт Нұрмұханов пен Конституциялық кеңес мүшесі Үнзила Шапақтың қатысуымен «Қазақстан Республикасының Конституциясы – қоғам мен мемлекетті жаңғыртуға негіз» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.
Жиын барысында Ата Заңның маңызы, Конституциялық кеңестің негізгі міндеттері туралы айта келе, Конституцияның 25 жылдығына жоспарланған шаралар жөнінде хабарланды. Үнзила Шапақтың айтуынша, Конституциялық кеңестің негізгі қызметі азаматтар құқықтарының үстемдігін және жалпы мемлекеттік құндылықты бекітетін негізгі заңның мызғымастығын қамтамасыз етуге бағытталған.
– 1996 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Конституциялық Кеңеске 200 өтініш келіп түсті. Барлық өтініштің 29-ы Парламент қабылдаған және Мемлекет басшысына қол қоюға ұсынылған заңдардың Конституцияға сәйкестігін тексеру болған. Ал 15 өтініш бойынша жалпы алғанда 17 заң Ата Заңға сәйкес емес деп танылған. Конституциялық Кеңес Конституцияның нормаларын ресми түсіндіру туралы 100-ден астам өтінішті қарады. Олар бойынша, 80-нен астам нормативтік қаулы қабылданды», деді Ү.Шапақ. Оның сөзінен Конституцияның энциклопедиялық анықтамалығы жарық көргені белгілі болды. Оны дайындауға қазақстандық ғалымдар атсалысқан.
Конституциялық Кеңес аппаратының басшысы Бақыт Нұрмұханов Ата Заңның 25 жылдығына орай жоспарланған шараларға тоқталды. Оның хабарлауынша, ең алдымен мерекенің бірыңғай логотипі пайдаланылады. Екіншіден, Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етуге, елдің тәуелсіздігін нығайтуға, адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар қазақстандық мерейтойлық медальмен және төсбелгілерімен марапатталады.
Одан кейін Б.Нұрмұханов мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарға марапаттау үшін квоталар бөлінгенін мәлімдеді. Сондай-ақ пандемиямен күреске тартылған кәсіп өкілдеріне ерекше назар аударылмақ. Олардың қатарында дәрігерлер, волонтерлер құқық қорғау органдарының қызметкерлері және басқалары бар.
Ұлттық іс-шаралар жоспары аясында Конституциялық Кеңес 24-30 тамыз аралығында «Ата заң апталығы» жобасын жүзеге асырады. «Жобаның мақсаты – қоғам мен мемлекетті жаңғыртудағы Конституцияның рөлін терең түсіну, халықтың қалың жігінің назарын негізгі заңға аудару, «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасы аясында қоғамның конституциялық мәдениетін арттыру. Елдегі эпидемиялық жағдайды ескере отырып, олардың барлығы онлайн режімде өтеді. Осы жоба аясында бүкіл ел бойынша онлайн конференциялар, дөңгелек үстелдер, тегін заң кеңестері, вебинарлар, қайырымдылық акциялары, жаңа нысандарды пайдалануға беру, пәтерлердің кілттерін, жеке куәліктерді тапсыру және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады», деді Б.Нұрмұханов.
Іс-шаралар күнтізбесін сайттардан және бірлескен ұйымдастырушылардан алуға болады. Конституциялық Кеңестің негізгі серіктестері – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және басқа да ұйымдар.
Жиын соңында Ұлттық банк жаңа мерейтойлық монеталарды айналымға шығаруды жоспарлап отырғаны айтылды. Графикалық композицияның негізі ретінде Конституцияның 25 жылдығының ресми логотипі қолданылды. Номиналы 200 теңгелік 3 мың монета және 50 мың «100 теңге» дайындалды.