Атырау жұртының ежелгі кәсібінің бірі – балықшылық. Бұрын артельдерге, ұжымшарларға біріксе, енді өндірістік кооперативтер мен серіктестіктердің құрамында балық аулайды.
Атырау – еліміздің мұнай-газ өнеркәсібін ғана емес, сондай-ақ балық шаруашылығын дамытуға қолайлы аймақ. Оған елімізде ауланатын балықтың шамамен үштен бір бөлігі осы өңірге тиесілі екені дәлел бола алады. Демек, Атырау үшін балық шаруашылығын дамыту – күн тәртібінен түспейтін мәселенің бірі.
– Қазір бұл саладағы 18 балық шаруашылығы құрылымында 617 адам тұрақты, ал 4 385 адам маусымдық жұмысқа тартылып отыр. Олар былтыр 14 мың тонна балық аулады. Ал биыл Жайық-Каспий бассейнінен балық аулауға 7 434 тонна квота бөлінді. Квота аясында 6 492 тонна балық ауланып, лимит 87 пайызға игерілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 794 тоннаға артық. Бұрын балықшылар квотаның кеш бөлінуіне байланысты балық аулауға сәуірде ғана кірісетін-ді. Бұл көктемгі лимиттің игерілуіне кедергі болатын еді. Биылғы маусым ақпанда басталып, коронавирус инфекциясының таралуына тұспа-тұс келсе де өз деңгейінде өтті, – дейді облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы.
Оның мәліметіне сүйенсек, ауланған су маржанының 5 мың тоннасы өңделіпті. Ресей Федерациясы, Украина, Өзбекстан, Әзербайжан, Грузия, Франция, Литва және Израиль елдеріне 4 060 тонна балық өнімдері экспортталып отыр. Сонымен бірге бекіре тұқымдас балықтардың қорын сақтап қалу, молайту мақсатында жыл сайын Жайық өзеніне бекіре тұқымдас балықтардың 7,5 млн-нан астам шабағы жіберіледі. Айтқандай, бағалы балықтардың шабағы «Жайық-Атырау» мен «Атырау бекіре балық өсіру» зауыттарының жасанды тоғандарында өсіріледі.
Мәселен, «Жайық-Атырау» зауытының директоры Ғилман Сәрсемалиевтің түсіндіруінше, бекіре шабақтары 12 тоғанда өсіріледі. Әрине, шабақтарды өсірудің өзіндік талабы бар. Әуелі аталған зауыт пен «Амангелді» өндірістік кооперативінің балықшылары бекіре тұқымдас балықтың 157 данасын аулапты. Наурыздың басында ауланған сондай бекіренің бірінің салмағы – 148 кило. Зауыт мамандары жасанды жолмен алынған қарауылдырық «Осетр» аппаратында, кейін бассейінде, сонан соң тоғанда жетілді. Сөйтіп, биыл бұл зауыт Жайық өзеніне екі рет шабақ жіберді. Алғашында су айдынына бекіре, қортпа, сүйріктің 1 млн 240 мыңнан астам, кейін шоқырдың 2,8 млн шабағы жол тартты. Шабақтардың салмағы 1,5 грамнан 3-3,5 грамды құрады.
Ал «Атырау бекіре шабағын өсіру» зауытының мамандары жасанды тоғандарда шоқырдың 3 млн 658 мың шабағын өсірді. Зауыт директоры Рашидин Қалидуллиннің мәліметінше, биылғы көктемде зауыт пен өндірістік кооперативтердің балықшылары бағалы бекіре тұқымдас балықтар тобына жататын шоқырдың 103 данасын аулаған. Оның ішінде 42 аналық, 61 аталық балық болған.
– Біздің мақсатымыз – Жайық-Каспий су бассейніне бекіре тұқымдас балықтардың шабағын жіберіп, табиғи қорын көбейту. Сол себептен, шоқыр балығынан жасанды жолмен 60 кило қарауылдырық алынды. Осы мақсатта ауланған шоқырдың бәрін Каспий теңізіне жібердік. Ал Жайық өзеніне жіберілген салмағы 5-14 грамм аралығын құраған шабақтар Каспий теңізіне жетеді, – дейді Рашидин Қалидуллин.
Облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының айтуына қарағанда, аталған бекіре тұқымдас бағалы балықтардың шабағын өсіретін екі зауытты біріктіру көзделіп отыр. Зауыттарды қайта құрылымдап, қуаттылығын арттыру мақсаты көзделген бұл жоба арқылы жылына 12 млн шабақ өсіру жоспарлануда. Осыған орай тоғанда бұрын болмаған балық өсіру жобасы басталды. Бұл ретте «Восток» және «Тілекші» ЖШС-тері мен «Абдулов» шаруа қожалығы тауарлы бекіре мен тұқы тұқымдас балық түрлерін өсіруге ден қойды.
Соңғы жылдары атыраулық балықшыларды толғантып жүрген Жайық пен Қиғаш өзендерінің түбін тереңдету қолға алынды. Өйткені, бұл су маржандарының қолайлы тіршілігі үшін ауадай қажет. Сондықтан Атырау қаласындағы Яицкий, Құрманғазы ауданының Ганюшкин және Жарқосы каналдарының түбін тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Нақтысын айтқанда, осы кезге дейін Жайық өзені түбінің 40 шақырымын тереңдету басталды. Қазір оның 33 шақырымының жұмысы атқарылды. Ал Қиғаш өзенінің 127 шақырымын тереңдету жоспарланыпты. Осы кезге дейін оның 80 шақырымы тереңдетілді.
Дегенмен, судан маржан сүзген балықшылардың қадамына көлеңкесін түсірген бұлттай кедергі жасайтын кейбір мәселенің түйіні толық тарқатылған жоқ. Рас, мемлекет тарапынан қолдау жоқ емес, бар. Алайда балықшылардың көңілін көншітеді дей алмаймыз. Мұның бірнеше себебі бар. Тағы да облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының пікіріне жүгінсек, мұның біріншісі – ауланатын балыққа төленетін қаржы мәселесі. Мәселен, сазан, жайын, көксерке, шортан секілді ірі балықтың бір килосы үшін шамамен 19 теңге 114 тиын төленуі керек. Ал бір кило ұсақ қара балық үшін 11 теңге 112 тиын төлеуге міндетті болып отыр.
Алайда балық саласындағы құрылымдар бұл қаржыны көктемгі маусым басталардан бұрын ауланатын балықтың жалпы көлемі үшін алдын ала төлеуі керек. Бірақ, бөлінген лимит орындалмаса, төленген қаржы кері қайтарылмайды. Осыған байланысты балықшылар бұл қаржы тек ауланған балықтың көлеміне қарай төленетіндей мүмкіндік жасалғанын қалайды. Сонда бұл балықшылар үшін қолдау боларына сенеді.
Екіншісі – балық өсіретін шаруашылықтарға берілетін субсидия. Қазір субсидия балық жеміне жұмсалған шығынның 30 пайызына ғана беріледі. Балық түрлерін бассейндер мен жасанды тоғандарда өсірушілер жемді қайдан алады? Мәселен, «Сaspian Royal Fish» ЖШС-нің бас балық өсірушісі Ахат Ниматовтың айтуына қарағанда, балық жемі Қазақстанда да шығарылады. Көршілес Ресейден де табылады. Десек те, аталған серіктестік ұжымы балыққа қажетті жемді Польшадан алдыруға мәжбүр болып отыр. Себебі, бассейндердегі тұйық суда өсірілетін балық үшін сапасы жоғары жем қажет. Демек, балық жемінің шығынына берілетін 30 пайыздық субсидия тым аз емес пе?
Үшінші мәселе – Жайық өзеніне көршілес елден келетін судың тым аздығы. Қазір өзен арнасы тарылып барады. Бұл әрине, мемлекетаралық деңгейде шешімін табуы тиіс. Өйткені, Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарының аумағымен ағатын өзеннің бастауы Ресейде жатыр. Көршілес ел жыл сайын шөміштен қысып, суды аз жіберетін болды.
– Көктемде балық ағысқа қарсы жүзеді. Ал Жайық өзенінде су азайған сайын ағыс та баяулайды. Осының салдарынан Жайыққа балық та аз шығады, – дейді Артур Сәдібекұлы.
Атырау балықшыларының толғауы тоқсан тіршілігіне қан жүгіртер осындай қадау-қадау мәселелер алаңдатады. Ал оның түйінін тезірек тарқатар шешім Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ұсынатын балық шаруашылығын дамыту тұжырымдамасына байланысты болып отыр. Тұжырымдамада балықшылар базынасы ескеріліп, Үкіметтің назары саланы дамытуға ауады деген үміт бар. Сонда ғана балықшылардың басынан бұлт сейілер еді.
Атырау облысы