• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Тамыз, 2020

Су тасқынынан зардап шеккен оқушыларға сыйлады

293 рет
көрсетілді

Жаңа оқу жылы қарсаңында «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының өкілдері NIS ұжымының атынан Түркістан облысындағы су тасқынынан зардап шеккен екі ауылдың оқушыларына сыйлықтар табыстады. Оның ішінде 719 мектеп формасының жиынтығы, 36 ноутбук, балаларға арналған көркем әдебиеттер мен педагогтерге арналған әдістемелік әдебиеттер бар.

Өргебас ауылында алғашқылардың бірі болып жаңа мектеп формасын алған Жа­нар Мамрежепова. Ол сыныптастарымен бірге еліміздің барлық балалары білім алуды армандайтын Назарбаев зияткерлік мектептері жүйе­сінің қолдауын мақтан тұтатынын жет­кізіп, ұстаздары мен ата-аналардың алдында бала арманымен бөлісті, келешекте педагог болғысы келетінін айтты.

Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан кейін На­зарбаев зияткерлік мектептері жүйе­сі­нің ұжымы зардап шеккендерге көмек көрсету қорына қаражат аударған болатын. Қайырымдылық науқанына бар­лық зияткерлік мектептердің ұстаздары мен қызметкерлері, төрт бірдей орта­лық – педагогикалық шеберлік, педаго­гикалық өлшеулер, ақпараттық технологиялар, сондай-ақ орталық аппарат үлес қосты. Екі ауылға атаулы көмек көрсету туралы шешім қабылданып, Өргебас ауылындағы Қ.Аманжолов атын­дағы орта мектептің және Жеңіс ауы­лындағы Қ.Мүсірепов атындағы орта мектептің оқушыларына қол ұшын созды. Су тасқынынан кейін екі мек­тептің де ғимараттары қатты зар­дап шеккен еді. Қазір Өргебас ауы­лын­да күрделі жөндеу жұмыстары әлі де жалғасуда, ал Жеңіс ауылының оқу­шылары қашықтан оқыту жүйесі аяқ­талған соң жаңа ғимаратта білім алмақ.

Санитарлық-эпидемиялық жағдайға байланысты сыйлықтарды табыстау бірнеше ұстаздар мен оқушының, сон­дай-ақ ата-аналар комитетінің өкіл­дерінің қатысуымен шағын ортада өтті.

Мақтаарал ауданының әкімі Ба­қыт Асанов Назарбаев зияткерлік мектеп­терінің жүйесі балаларға атаулы қолдау көрсету арқылы қуанышқа бөлегенін айтты:

– Мектеп формасы, компьютерлік тех­ника жиынтығы, көркем және әдіс­те­мелік әдебиеттер – білім беру саласында жаңа оқу жылы қарсаңындағы ең маңызды көмек, – деді аудан басшысы.

Ал Шымкент қаласы химия-био­­ло­гия бағытындағы Назарбаев зият­керлік мектебінің директоры Балқан Қасымовтың айтуынша, шалбарлар, пенжактар, жейделер, жәкеттер, кеу­дешелер – барлық мектеп формасы отан­дық тауарөндірушілерді қолдау мақ­сатында шымкенттік «SABTEX» ЖШС-да тапсырыспен тігілді. Өргебас ауылындағы орта мектептің директоры Дәуренбек Әбдіғали балаларға арналған ноутбуктар мен мұғалімдерге арналған әдістемелік әдебиеттерге риза­шылығын білдіріп, мамырдағы су тас­қыны өңір үшін сынақ болғанымен тұрғындар елмен бірге екенін жете түсіне түскенін жеткізді.

Айта кетелік, кездесуге келген Өр­ге­бас ауылындағы орта меткепте алты баласы білім алатын көпбалалы ана Айман Батырбекованың тұң­ғышы жаңа оқу жылында мектепті тәмамдағалы отырса, кенжесі бірінші сыныпқа барады екен.

– Еліміздің түкпір-түкпірінен сан мың­даған бейтаныс адам біз үшін қам жеп, балаларымыз бен немерелеріміздің оқуына ең қажет сыйлықтар дайындады. Қуанышымда шек жоқ, – дейді Қ.Мүсірепов атындағы орта мектептің оқушысы Рүстем Жандостың әжесі Сәрсенкүл Ақтөреева.

Жиында «Назарбаев зияткерлік мек­­тептері» дербес білім беру ұйы­мы­­ның басқарма төрайымы Кү­ләш Шәмшидинова осыншама қиын­дық­тыр­ға қарамастан еліміз білім беру саласына қолдау көрсетіп жатқан кезде өмірдің өз арнасымен жалғасатынын айрықша атап өтті.

– Біз балалардың оқуға шабыттанып, мектепке асыққандарына, ата-аналардың балалары мен немерелерінің бі­лім алуын бағалайтындарына куә болып қайттық. Өргебас және Же­ңіс ауылдарындағы мектептермен ын­тымақтастықты қолдауды жал­ғас­ты­ратын боламыз, – деді Күләш Ноға­тайқызы.

 

Түркістан облысы