• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Экономика 26 Тамыз, 2020

Миллиондаған бонусқа кім лайық?

253 рет
көрсетілді

Әлемді қыспаққа алған коронавирустық пандемияның денсаулықтан бөлек, экономикаға тигізген кері әсері оңай болмай тұр. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметінше, пандемияның салдарынан дүниежүзі бойынша 400 млн-ға жуық адам жұмысынан айырылды.

 

Сыйақының берілу тәртібін түсіндірді

Алайда осы уақытқа дейін ақшадан таршылық көрмей, керісінше қаржылық ахуалын жақсартып алған белгілі бір контингент бар. Олар ұлттық холдингтер мен ірі компаниялардың топ-менеджерлері мен басқарма мүшелері. Соңғы уақытта квазимемлекеттік компаниялардың өкілдеріне берілетін көтер­ме сыйақыға қатысты мәселе жиі талқы­ланып, бұл қоғамда әжептәуір пікір­талас тудырды.

Қазақстанда бас менеджер қыз­метінде жұмыс істейтін адам әдетте айына 672 мың теңге көлемінде жалақы алады. Осы орайда еліміздегі топ-менеджерлердің ең төменгі еңбекақысы 349 мың теңгеден басталып, ең жоғарғысы 1 млн 30 мың теңгеге дейін жетіп қалатынын айта кету керек. Мұндай дерек әлем елдерінде түрлі салада жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысы мен өмір сүру құнының статистикасы қамтылған Salary Explorer порталында көрсетілген. Сандар мен деректерге кейінірек оралармыз, алдымен қоғамның ашуын тудырған негізгі мәселені қаузап көрелік.

Таяуда Қазақстан қор биржасында (KASE) «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ-тың басқарма мүшелеріне 2019 жылдың қорытындысы бойынша 267,3 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы төлен­гені жарияланып, бұл қоғам бел­сен­ділері мен блогерлердің әлеу­меттік желідегі сөз тартысының басты тақыры­бына айналды.

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ құрамында 2019 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап, 31 жел­тоқсанға дейінгі аралықта болған атқарушы орган мүшелерінің жиынтық сыйақысы 267 350 302 теңгені құрады», делінген банктің Қазақстан қор биржасында (KASE) жарияланған хабарламасында.

Әлеуметтік желі қолданушылары басқарма өкілдерінің мұндай көлемдегі сыйақыны не үшін алғанын түсінбей дал болуда.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ бан­кі­нің» жеті мүшесіне 2019 жылы сыйақы ретінде шамамен 300 млн-дай теңге төленді. Бұл нөлдерді иелену үшін басқарма мүшелері соншалықты қандай іс атқарды?» деген пікірлерін білдіріп жатты ғаламтор қолданушылары.

Көп ұзамай банк басшылығы түрлі мессенджерлерде тарап жатқан әңгі­ме­лердің бос дақпырт екенін алға тар­тып, ақшалай сыйақының тағайын­далу тәртібін түсіндірді. «Қазақ­станның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибра­ги­мованың айтуынша, банк жыл сайын басқарма мүшелеріне тиісті сыйақының жиынтық мөлшері жөнінде ақпаратты жариялап отырады. Соған сәйкес, сыйақы есептік кезеңде орындалған барлық төлемнен құралады. Оның ішіне жалақының жалпы сомасы, сондай-ақ ақшалай сыйақының барлық түрлері кірсе керек.

«267,3 млн теңге мөлшеріндегі жиын­тық сыйақы еңбекақыдан, жылдық бонустардан, сол секілді емделуге арналған жәрдемақыдан, еңбек демалысы, іссапар және еңбекке жарамсыздық парағынан құралады. Осылайша кейбір блогерлер таратқандай, басқарма мүшелеріне 267 млн теңге көлемінде жыл­дық сыйақы төленгені туралы ақпа­рат шындыққа жанаспайды», деп жауап берді әлеуметтік желідегі парақ­шасында Л.Ибрагимова.

Банктің төрағасы тиісті заңнамадан хабарсыз болу жауапкершіліктен босатпайтынын ескертті. Бірақ бұл жауапқа қанағаттанбаған әлеуметтік желінің белсенділері қаржы ұйымын өздерін ақы­мақ деп санамауға шақырды.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі­нің» төрағасы Ләззат Ибрагимова кей­бір блогерлерді «өтірікші» деп атады. Себебі банк басқармасындағы жеті мүшеге тиесілі сыйақы туралы ақ­паратты бұрмалап таратты деп есеп­тейді. Кешіріңіз, алайда айтылған соманы негізге алып, әр мүшеге қаншадан берілетінін есептеп көруді шештім. Алдымен жетіге, сосын он екі айға бөлдім. Шамамен ай сайын 3,2 млн теңгеден келеді екен. Біз болсақ, депутаттарды млн теңге үшін кінәлаймыз», деді өз парақшасында блогер Ғалым Байтұқ.

 

Квазимемлекеттік ұйымдарды жекешелендіру қажет

Ал мамандар не дейді? Экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жобаевтың айтуынша, ұлттық әл-ауқат қорлары мен холдинг басшыларының ақшалай сыйақыны орташа айлық нормадан артық алуы сыбайлас жемқорлық белгілері бар екенін байқатады. Сон­дық­­тан да осы мәселені реттеудің ам­а­лы ретінде – квазимемлекеттік ұйым­­дар­ды жекешелендіру керек деп есеп­тейді.

«Қазақстандағы квазимемлекеттік компаниялардың, сондай-ақ мемле­кет­тік қаржы ұйымдарының басшылары­на орташа айлық жалақымен салыс­тырғанда ірі көлемдегі еңбекақының тағай­ындалуын сыбайлас жемқор­лық­тың заңды түрі деп есептесек те болады. Өйткені мемлекеттік акционерлік қоғам болғандықтан Үкімет оларға жа­ла­қыны белгілеу еркіндігін өздеріне берді. Сол себепті медициналық сақ­тан­дыру қоры немесе ұлттық ком­па­ния­лардың басқарма мүшелері қала­ған жалақының мөлшерін өздері бел­гілейді. Ал қатардағы қызметкерлер төмен айлыққа жұмысын жалғастыра береді. Мұны шешудің жалғыз жолы – жекешелендіру. Неге десеңіз, бұл компаниялар мемлекеттің қарамағында болған соң, тамыр-таныстыққа жол беріліп, басшылық орындарға жақын туыстарын қою себептері содан болса керек. Осылайша мемлекеттік деңгейде сыбайлас жемқорлықтың бір көрінісі байқалғанын жоққа шығара алмаймыз. Жекешелендіру саясаты жүзеге асырылса, менеджерлер жақ­сы айлықтан қағылып қалады деп түсін­сеңіз, қателесесіз. Керісінше, лайықты еңбекақыны өз қарым-қабілетіне байланысты алатын болады. Қалыптасқан ахуал өзгермесе, салық төлеушілердің ақшасы жөн-жосықсыз жұмсала бермек», деді С.Жобаев.

 

Жемқорлық деректері азаймай тұр

Сарапшының сөзінің жаны бар. Мәселен, осыдан бір ай бұрын Әлеу­меттік медициналық сақтандыру қорының топ-менеджерлері 92 млн теңге көлеміндегі қаражатты сыйақы және бонус ретінде алғаны айтылған еді. Бұл туралы фейсбуктегі парақшасында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы арнайы мони­­торингтік топтың өкілі Мәлік Жұма­ғалиев жазған-ды.

Ол 2018 жылдың қорытындысына сәйкес, атқарушы органның белгісіз бес мүшесі жалпы сомасы 92 млн теңгеден асатын қаражатты сыйақы және бонус түрінде алғанын жеткізді.

«Сыйақыны алғандар оны Әлеу­мет­тік медициналық сақтандыру қорына қайтарып, өз жалақыларын төмендетеді деп үміттенудің қажеті шамалы», деді М.Жұмағалиев.

Тамыздағы мәліметке сәйкес, ӘМСҚ орталық аппаратында 230 қыз­меткер және облыстық филиалдарында 620 қызметкер жұмыс істейді.

«Штаттық кесте бойынша басқарма мүшелерінің, оның ішінде басқарма төрағасының жалақысы салық шегерімдерін есептемегенде 850 мың теңгеден басталады», делінген Қордың хабарламасында.

Шілденің басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «СК-Фарма­ция» және Медициналық сақтандыру қоры­ның басшыларына қатысты тергеу жұмыстарын бастауды тапсыр­ған еді. Арада көп уақыт өтпей квази­мем­лекеттік ұйымның басшылары қызметімен қош айтысты.

Ал осы айдың басында «СК-Фар­ма­цияның» бұрынғы басшысын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұстап, уақытша тергеу изоляторына қамады. Анықталғандай, экс-басшыға төтенше жағдай кезінде қызмет бабын асыра пайдалану айыбы тағылып отыр.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «СК-Фармация» ЖШС басқар­масының бұрынғы төрағасын ТЖ режі­мінде медициналық өнімдердің сатып алу кезінде ауыр зардаптарға әкел­ген қызметтік өкілеттікті асыра пайда­лану фактісі бойынша ұстап, 14 тамызда соттың санкциясымен күдікті Нұр-Сұлтан қаласындағы полиция департаментінің уақытша ұстау изоля­торына қамалды. Қорытынды шешімді сот шығарады», деген еді Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бірінші департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров.

 

Ұлттық экономиканың дамуына кедергі

GSB UIB директорының орынбасары, экономист Мақсат Халықтың пікі­ріне сүйенсек, отандық квазимем­ле­кеттік сектор экономиканың ірі теже­гіш күшіне айналып отыр. Демек, бұл бағытта еңбек өнімділігі төмен бол­ғандықтан ішкі және сыртқы бәсе­келестіктің қабілетсіздігі байқалуда.

«Ішкі нарықта кәсіпкерлер өз салаларын дамытуға күш салып жатқан кезде, квазимемлекеттік ұйымдардың еншілес компаниялары мемлекеттік қаражат есебінен бәсекелестерін «тұншықтырып» жатыр. Өкінішке қарай, осының салдарынан экономикамыз дамымай келеді. Пандемияның салдарынан мемлекеттік бюджет біраз қаржылық тапшылыққа ұшырағаны рас. Халық та Үкіметтен әлеуметтік кө­мек­ті көптеп сұрай бастады. Көпші­ліктің талабы күшейгеніне байланысты бюджет қаражатының қайда жұмсалып жатқаны, сондай-ақ қай жер­де дұрыс игерілмей жатқаны туралы біле бастады. Оның жарқын мысалы «СК-Фармацияға» қатысты жағдай, сол секілді футбол клубтарының бюд­жет есебінен қаншалықты қаржы­лан­дырылып келе жатқаны әшкереленді. Енді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» басқарма мүшелеріне берілген ақшалай сыйақыға таңырқап отырмыз. Бұл таңғалатындай құбылыс емес. Өйткені бұрыннан бар үрдіс. Өкініштісі сол, оған енді ғана көзіміз жетіп отыр», деді М.Халық.

Сарапшының айтуынша, мемле­кеттік шығыстар мен кірістердің орындалуын қадағалайтын талаптың болғаны маңызды. Сонымен қоса халықтық ба­қы­лауды күшейтіп, үкіметтік емес ұйым­дардың белсенділігін арттыру қажет.

«Ұлттық компанияларда мұндай фактілердің орын алуы өкінішті-ақ, әрине. Десе де аталған көлемдегі қара­жат тек қана басшыларға беріліп отыр­ған жоқ. Айталық, қазір «Самұрық-Қазынада» кімдердің жұмыс істеп жатқаны белгілі. Ел ішінде оларды «па­рашютшілер» деп атайтынын бар­лығы біледі. Яғни бір қоңыраумен жоға­ры жалақылы қызметке отыра қала­ды. Ал іс жүзінде атқарып жүрген жұ­мыс­тары мардымсыз», дейді экономист.

 

Ер басшылардың табысы жоғары

Salary Explorer порталындағы мәлі­метке сенсек, отандық топ-менеджерлер арасында жүргізілген сауалдаманың нәтижесінде респонденттердің 23%-ы былтыр бірде-бір бонус алмағандарын жеткізсе керек. Сауалдамаға қатыс­қан­дардың қалған 77%-ы кем дегенде бір мәрте ақшалай сыйақы алғандарын жасырмаған.

Қазақстанда жеке секторға қара­ғанда, мемлекеттік сектордағы қызмет­кер­лердің табысы орташа есеппен 11%-ға көп. Елімізде топ-менеджерлердің орташа сағаттық жалақысы – 3880 теңге. Енді осы санды орташа 8 сағат­­тық жұмыс уақытына көбейтіп, нәтижесін бағамдай берсеңіз болады. Рес­публикада бір жыл ішінде жалақы­ның орташа өсімі 5%-ға жеткен.

Сонымен бірге қызметтік мансапқа жыныстық ерекшеліктер де әсер етеді. Мәселен, еліміздегі ер басшылар әйел әріптестеріне қарағанда жалақыны шамамен 7%-ға көп алатыны мәлім болып отыр.