• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Экономика 26 Тамыз, 2020

Көлік салығы үшін 6 млн теңге қарыз

291 рет
көрсетілді

Мемлекеттік кірістер комитеті жер, көлік және мүлік салығы бойынша 250 млн теңгеден асатын қарызы жиналып қалған, өсімпұлын есептен шығаруға мүмкіндігі бар 100 азаматтың тізімін жариялады.

Бұл азаматтардың салық бо­йынша жалпы берешегі 263 845 620 теңгені құрайды. Оның ішінде негізгі қарыздың үлесі – 166 150 674 теңге. 97 694 946 теңге – есептелген өсімпұлдар.

Антирейтинг тізімінің басында Алматы қаласының азаматы тұр. Оның төлеуге тиіс көлік салығының жалпы сомасы 11 млн теңгеге жуық. Бұл сома бо­йынша негізгі қарыз –  6 314 141 теңге. Ал жинақталған  өсімпұл – 4 618 660 теңгені құрайды, – деп хабарлады. Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.

Жер салығы бойынша борышы ең көп адам Ақтөбе қаласында тұрады. Ол жалпы сомасы 723 455 теңге қарызын өтеген жағдайда 73 719 теңге өсімпұлы өшіріледі.

Мүлік салығы бойынша да қарызы қауғаланып қалғандар аз емес. Салықтың бұл түрі бо­йынша нұрсұлтандық тұрғын көш басынан көрініпті. Оның жалпы қарызы – 1 165 033 теңге. Негізгі қарыз сомасын төлеген жағдайда 422 287 теңге өсімпұлы есептен шығарылмақ.

Борышкерлердің толық тізім комитеттің ресми сайтында жарияланғанын айта кетейік.

Еске сала кетейік, салықтық рақымшылық 2020 жылдың соңғы күніне дейін жалғасады. Берешектің орнын толтырып, өсімпұлды есептен шығару үшін азаматтарға ешқайда барудың қажеті жоқ. Борыштың негізгі сомасын төлесе болды, өсімпұл автоматты түрде есептен шығарылады. Мемлекеттік кірістер органдарының барлық аумақтық бөлімшелерінде осы іспен айналысатын арнайы комиссия бар.

Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай, алдағы уақытта да жауапсыз салық төлеушілер тізімі жарияланып тұрады.