Павлодар облысында «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдауымен кремний зауытын құру жобасы жүзеге асырылуда. Кәсіпорынды «ANSA Silicon» ЖШС (Canarax Trading LLC еншілес компаниясы) компаниясының араб инвесторлары іске асырып жатыр.
Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде, жақын арада қоғамдық тыңдаулар өткізу жоспарланып отыр. Инвесторлардың айтуынша, жалпы құны 100 млн доллар болатын кәсіпорынды 2023 жылға қарай толығымен пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бірінші кезеңде жылына 35 мың тоннаға дейін техникалық кремний өндірілетін болады, екінші кезең өндіріс көлемін жылына 70 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа кәсіпорынды 105 мың тоннаға дейін кеңейту перспективасы бар.
«Қазіргі уақытта бұл жобаны қандай факторлар басқа зауыттардан ерекшелендіретіні белгілі. Техникалық кремнийді өндіру кезінде бұрын Қазақстанда қолданылмаған қоршаған ортаны қорғаудың озық технологиялары пайдаланылады. Компанияның негізгі ерекшелігі – жоғары деңгейдегі шикізатты пайдалану. Бұл жоғары технология тұтынушылардың талаптарына сәйкес жоғары сапалы дайын өнімге әкеледі. Бұл өнім толық экспортқа бағдарланады. Сондай-ақ зауыт өзінің рекреациялық аймағымен, жасыл желектермен, тоғанмен жабдықталады. Қызметкерлер үшін йога орталығы және емдеу-сауықтыру кешені салынады», деді компанияның бас директоры Паниграхи Бхакта.
Жаңа зауыттың құрылысы аймақтағы ТМК саласын дамытуға үлкен серпін береді. Өндіріс салық базасын кеңейтеді, экспорттық әлеуетті арттырады және экономиканы әртараптандыруға оң әсер етеді. Дайын өнім Қазақстан үшін жаңа тауашаларды игеруге технологиялық мүмкіндіктер ашады. Күн панельдерін, электрониканың жаңа түрлерін, қорытпаларды және т.б. өндіру мүмкіндігі пайда болады.
«Бастапқы кезеңде компания 377 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Жергілікті тұрғындарды ғана емес, сонымен қатар еліміздің басқа өңірлерінен мамандарды да тарту жоспарланып отыр. Өндірістің дамуымен жұмыс орындарының саны да артады. Инвесторлар алғашқы пайданы өндіріс іске қосылғаннан кейін бірнеше жылдан кейін ғана алады. Зауыт әлі салынбағанына қарамастан, компания инвестициялау сатысында тұрса да, «ANSA Silicon» ЖШС қала өміріне белсенді қатысуда», деп хабарлады «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Павлодар облысы бойынша аймақтық директоры Мәдияр Данияров.
Ұлттық компанияның өңірлік директорының айтуынша, осы жылдың ақпан айында компания «Екібастұз қаласындағы аутист балалардың ата-аналарының бірлестігі» қоғамдық бірлестігімен және «Ерекше үй» балаларды оңалту орталығымен келісімшарт жасасқан.
«Біздің ұйымның қызметін қолдауға шетелдік демеушілер 19 млн теңгеден астам қаражат бөлді. Енді орталық 2020 жылы 120 баланы тегін оңалтумен қамтамасыз ете алады, сондай-ақ сенсорлық ынталандыру үшін аппараттар сатып ала алады. Инвесторлар әкімдікпен бірлесіп, ерекше қажеттіліктері бар балалардың дамуы үшін барлық жағдайдың болуына күш-жігерін салады. Сондай-ақ мамыр айында Ansa Silicon қолдауымен ғимараттың шатыры жөндеу жұмыстарынан өтті», деді «Ерекше үй» балаларды оңалту орталығының жетекшісі Адина Сейітова.
«Ansa Silicon» ЖШС COVID-19 пандемиясына байланысты көмек қорына 1 млн теңге көлемінде үлес қосты. Сонымен қатар компания өкілдері екі апталық үй карантинінде болған пациенттерге 150 килодан астам ет таратты. Болашақта зауыт қаланы әлеуметтік қамтамасыз етуге қомақты қаражат салуды жоспарлап отыр. Денсаулық сақтау, білім беру, санитария және т.б. салаларын дамытуға арналған шығыстар жоспарланған.