• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Оқиға 26 Тамыз, 2020

Сирияда газ құбыры жарылды

168 рет
көрсетілді

Сирияда газ құ­быры жарылып, бүкіл аймақ жарық­сыз қалды. Ел билігі жарылыстың қолдан жасалғанын, оны ұйымдастырған ДАИШ террористік ұйымы болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

«Энергетика министрі Зухаир Харботлидің сөзіне сүйенсек, Дамаск маңындағы жарылыс салдарынан бүкіл ел аймағында электр қуаты сөніп қалған. Ал мұнай министрі Әли Ганем жарылған газ құбыры үш электр стансасын көгілдір отынмен қамтамасыз етіп отырғанын хабарлады.

Билік өкілдері жарық жүйесі қайта қалпына келтірілгенін айтып отыр. Жарылыс Араб газ құбыры желісінің бойында, Ад-Думаир және Адра қаласының ортасында болған», деп хабарлайды Reuters агенттігі.

АҚШ-тың Сириядағы арнайы өкілі Джеймс Джефрей кейінгі уақытта ДАИШ содырлары қайтадан күшейе бастағанын айтып, дабыл қағып отыр. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда террористер елдің оңтүстік-шығыс аймағында көбейіп барады.

«Жарылыстың салдарын зерттеп жатырмыз. Бірақ шабуылды ДАИШ терроршылары ұйымдастырғаны анық», дейді Д.Джефрей.

Жарылыс болған Араб газ құбыры Египеттен басталып, Иордания мен Сирия аумағынан өтеді. Оқиғадан кейін жергілікті арналар отқа оранған газ құбырының видеосын жариялаған. Reuters агенттігінің мәліметінше, Дамаскіде жарық көп ұзамай қайта жанған. Жалпы, Сирия бірінші рет жарықсыз қалып отырған жоқ. Бұған дейін 2013 жылы содырлар газ құбырын зақымдап, біраз уа­қыт тұрғындар электр энергиясынсыз қалған еді.