Дана Абайдың ғибратты қара сөзін жатқа айтатындар көп. Соның бірі – Асылым Ізғали. Атырау қаласындағы №40 орта мектептің 5-сыныбына баратын ол сабақтан тыс уақытта қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын оқығанды ұнатады. Жақында ақынның қара сөздерінен үзінді оқып, сыныптастарына челлендж ретінде жолдады.
Ұлы ойшылдың өлеңдері мен қара сөздерін түгелге дерлік жатқа айтады. Қазақ ертегілерін де біледі. Би үйірмесіне қатысады. «Жайық қызы» би ансамблінің құрамында «Қазақстан таланттары» І республикалық рухани-патриоттық байқауына қатысып, бірінші дәрежелі дипломмен марапатталған.
– Абайдың шығармалары – мәңгілік мұрамыз. Алғаш рет ақын шығармаларымен таныстырып, көркем сөз оқуға баулыған ұстаздарым Айнұр Исағалиева мен Зоя Меңдіғалиева болатын. Қызылқоға ауданының Қарабау орта мектебінде тарих пәнінен дәріс беретін Ізғали атам ел тарихымен, әдеби шығармалармен кеңірек танысқанымызды қалайды. Әсіресе ұлы ақын Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін жатқа айтып жүрмін, – дейді Асылым Ізғали.
Атырау облысы