Білім мен біліктілік саудаланбауы керек
Осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде алдымен Шымкент қаласында мектеп директорларын ашық конкурс арқылы тағайындау жобасы қолға алынған. Білім саласындағы осы игі бастама жалғасын тауып, енді үшінші мегаполисте педагог мамандарды жұмысқа қабылдау заманауи цифрлы жүйе арқылы жүзеге асуда. Осылайша республикада алғаш рет Шымкентте педагогтер мен білім беру ұйымдарының қызметкерлерін жұмысқа қабылдау бойынша «HR-Process» цифрлы жүйесі іске қосылды.
Бүгінде білім беру мен денсаулық сақтау саласын жемқорлық жайламаған мемлекеттердің дамуы қарқынды екенін көз көріп, құлақ естіп жүр. Ендігіде әлемнің озық елдерінің жақсы үрдістерін жанымызға жақын тұтсақ, Орталық Азияда ғылым мен ілім жарыстырған нағыз көшбасшы елге айналарымыз сөзсіз. Бұл үшін кез келген салада шын мәніндегі тазалық керек. Біз сөз еткелі отырған білім беру саласынағы цифрлы жүйе – сол жарқын болашаққа бастайтын даңғыл жолдың бір тармағы ғана.
«HR-Process» – педагогикалық мекемелердегі бос жұмыс орнына орналасуға өтініш беру және оны өңдеу барысын автоматтандыруға, үміткерлер мен бос орындардың деректер қорын құруға, сонымен қатар заманауи ақпараттық технологияларды қолдану негізінде педагогикалық құрамды іріктеудің тиімділігін арттыруға арналған цифрлы жүйе.
Оқушылар сарайында өткен іс-шарада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жаңа жүйені таныстырды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Шымкентте барлық саланы автоматтандыру және цифрландыру бойынша бірқатар жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осы сайт арқылы оқытушы лауазымына үміткерлер онлайн режімде жұмыс таба алады. Педагогикалық құрамды іріктеуді автоматтандырудың мақсаты мен артықшылығы – үміткерді таңдауда меритократия, жариялылық және айқындық қағидаларын сақтау. Жүйе конкурстық әдіске негізделеді, педагогикалық қызметке үздік кадрларды іріктеп алуға мүмкіндік береді, жемқорлықтың алдын алады. Мұғалім болып жұмысқа орналасқысы келетін маман порталға өтініш қалдырады. Ол адамның талапқа сәйкестігі балдық шкала бойынша анықталады. Цифрлы жүйе мұғалімнің біліктілігі қандай екенін 75 пайызға анықтап береді. Ал мектепте құрылатын мемлекеттік комиссия түпкілікті шешімге 25 пайыздай ғана әсер етеді», дейді қала әкімі.
Арнайы комиссия құрамына білім беру ұйымының директоры, тәжірибелі пән мұғалімдері, психологтар кіреді. Әлеуметтік желілерде конкурстық комиссия отырысының онлайн трансляциясы жүргізіледі. Конкурстың барлық нәтижелері сайтта ашық жарияланады.
Қазір www.hr-process.kz сайтында педагогтер мен қызметкерлерді жұмысқа қабылдау бойынша 137 білім беру ұйымы тіркелген. Онда 78 бос жұмыс орны бар екені көрсетілген.
Аталған жобадан тыс білім саласындағы жемқорлық іс-әрекеттерін жою үшін қала әкімдігі білек сыбана кірісіп отыр. Өзі шетелдің іргелі жоғары оқу орнын тәмамдаған Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қала мектептеріндегі жемқорлықты біржола болдырмауды көздейтінін жеткізді. Қала әкімінің бірінші орынбасары Шымкентте мектепке жұмысқа кіру үшін ақша сұрағандарды әшкерелеу керек деп санайды. Осы мақсатта өз телефонын қалдырып, келеңсіз жайтты хабарлаған тұрғындардың талабына құлақ аспақ.
«Бір өзгеріс болуы керек. Мектепке ақша бермесең, жұмысқа тұра алмайсың. Мұғалім болып па, жоқ тазалық сақтаушы болып па? Маңызды емес. Осылай болып келді, осылай кете береді деп ойлайтындарымыз да бар. Өміріңізде тым болмаса бір рет белсенді болыңызшы. Шымкент қаласында мектепке жұмысқа кіру үшін ақша сұраса, төмендегі телефонға хабарласыңыз. Телефон: 8(700)7007091. Қысылмай көргеніңізді баяндай беріңіз. Сіз «сатқын» емессіз, заңды сыйлап тұрсыз! Мың асқанға бір тосқан міндетті түрде болады. Айналаңыздың өзгергенін күтпеңіз. Бұл бекершілік. Өзіңіз өзгеріңіз», деді әлеуметтік желідегі тікелей эфирде Шыңғыс Мұқан.
Мектептер оқу жылына дайын
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Шымкентте білім ұйымдарында жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Осы ретте Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов С.Ерубаев атындағы №24 мектеп- лицейіне барып, 2020-2021 оқу жылына дайындық жұмыстарының барысын пысықтады.
Қалада жаңа оқу жылы 742 білім беру мекемесі және 320 мыңға жуық білім алушымен басталғалы отыр. Қала әкімінің айтуынша, биыл 13 мектеп (6 жаңа, 7 қосымша) және 2 өнер мектебінің құрылысы жүруде. Жыл соңына дейін 5 100 орындық 8 мектептің (4 жаңа, 4 қосымша) және 300 орындық 2 өнер мектебінің құрылысы аяқталады. Ал 5 мектептің құрылысы (2 жаңа, 3 қосымша) 2021 жылы аяқталады. Нәтижесінде апатты мектептер саны 2-ден 1-ге, үш ауысымды мектептер саны 19-дан 14-ке азаяды.
«Биыл 1-сыныпқа 24 мыңнан аса бала келеді деп жоспарлануда. Білім мекемелерінің жылыту жүйелерін жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Жеке қазандықпен жылытылатын 25 мекемеге 4 793 тонна қатты және 190 тонна сұйық отын жеткізіліп жатыр. Қазір ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталып, 15 мекемеге күрделі жөндеу жүргізілуде. 17 мектепке спорт алаңдары, 36 мектепке ішкі әжетханалар орнатылуда. Сондай-ақ соңғы үлгідегі бейнебақылау камералары мен 30 мектепке турникеттер орнату үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр», деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Сонымен қатар жаңа оқу жылында сатып алынатын 11-сынып оқулықтары мен қалған сыныптар үшін қосымша оқулықтардың 60 пайызы тасымалданды. Бұл туралы білім басқармасының басшысы Жанат Тажиева мәлімдеді. Басқарма басшысының айтуынша, 1-сыныпқа 24 мыңнан аса оқушыны қабылдау жоспарланған. Бүгінге дейін 17 401 өтініш берілген. Құжаттар электронды үкімет Egov.kz порталы және mektep.shymkent.edu.kz сайты арқылы қабылданып жатыр.
«Шымкент қаласы жаңа оқу жылын 745 білім беру мекемесімен бастағалы отыр. Олардың қатарында мектеп, балабақша, колледж бен қосымша білім беру мекемелері бар. Қаладағы 172 мектепке 18 мың жаңа парта, соңғы үлгідегі бейнебақылау камераларын орнату жоспарлануда. Ал білім мекемелерінің жылыту жүйелерін жөндеу жұмыстары толық аяқталды», деді басқарма басшысы.
Биыл әлемді жайлаған індет салдарынан қауіпсіздік шараларын ескеріп, білім беру ұйымдары жұмыстарын онлайн оқу форматында жүргізетіні баршаға белгілі. Ендігі басты мәселе – техника тапшылығы мен интернет мұқтаждығын жою. Бұл мақсатта жергілікті әкімдік, қалалық білім басқармасы тарапынан бірқатар нақты жұмыстар қолға алынды.
Басқарма басшысының айтуынша, А.Құнанбаев атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназия мектебі мен «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында дарынды балаларға арналған мамандандырылған IT лицей-интернаты және кластер санатындағы 5 «IT мектеп-лицейі» қайта құру негізінде ашылмақ. Қалалық білім басқармасына қарасты білім ұйымдарындағы жалпы компьютер саны 20 405 екені белгілі болды. Өткен шілде айында 10 975 дана компьютер сатып алынса, қосымша қажеттілікке байланысты жергілікті бюджет есебінен қыркүйектің біріне дейін тағы 5 мыңға жуық данасын жеткізу жоспарланған.
Білім саласы толық цифрлы жүйеге көшті
Шымкент қаласы білім басқармасының баспасөз қызметінің дерегіне сәйкес жергілікті әкімдіктің қолдауымен жаһандық желінің жылдамдығын ұлғайту жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Қашықтан оқыған жағдайда интернетке мұқтаж оқушыларға мемлекет бюджеті есебінен «Қазақтелеком» ақционерлік қоғамының қалалық филиалы арқылы арнайы тарифтегі әмбебап-нөмірлерді үлестірудің мүмкіндіктері де қарастырылды. Сондай-ақ топтық конференция трансляциясын арнайы сервер орнату арқылы ұйымдастыру көзделген.
«Осы оқу жылында балалардың онлайн режімде сабақ алуын қамтамасыз ету үшін қаладағы барлық білім беру ұйымы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылып жатыр. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейту мақсатында қала аумағы бойынша 11 базалық станса орнату орындары айқындалып, қазір тиісті жер телімдерінің координаттары белгіленді және мемлекеттік актілері рәсімделді. Сонымен қатар өзге де құжаттары заңдастырылып, осы аптаның аяғына дейін электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесі нақтыланады. Келесі аптаның соңына дейін байланыс операторлары тарапынан тиісті базалық стансаларды орнату жұмыстары жүргізіліп, нысан толық іске қосылады. Қала аумағынан анықталған 11 жер телімі Google maps картасында белгіленген. Олар жоспар бойынша Н.Назарбаев даңғылы, Арғынбеков пен Айша бибі көшесінде, Қайтпас, Шымсити-Асар қиылысы, Қайнарбұлақ шағын ауданы, Асар шағын ауданындағы ішкі айналма жолы, Шымкент – Алматы тас жолынан Достық шағын ауданы бағытына қарай, Төлеметов – Өтегенов көшелерінің қиылысына қойылады», дейді қалалық цифрландыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досан Әлібеков.
Бүгінде Шымкент қаласына қарасты мектептер «Bilim Iand – Onlinemektep.orq» интернет платформасында қашықтан оқытуға толығымен дайын. Білім мекемелері толығымен интернет желісіне қосылған. Қала сыртындағы елді мекендерде және білім ұйымдарында интернет жылдамдығын 8 Мб/с-тан 12 Мб/с-қа дейін ұлғайту жөнінде арнайы тапсырма беріліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар мұғалімдер мен оқушыларға заңнамаларда белгіленген тәртіптегі ғаламтор қызметіне қаралған қаржы есебінен «Қазақтелеком» АҚ арқылы интернет желісіне қосылған арнайы «әмбебап-нөмірлер» және қажетті роутерлер беріледі. Қаладағы жалпы 30 колледжде қашықтан оқыту «Smart Nation College» интернет платформасында басталады. Білім беру процесі кезінде педагогикалық, ІТ, әлеуметтік-гуманитарлық бағыттардағы мамандықтар қашықтан оқытылады.
Осы орайда салалық басқарма өкілдері жеке секторларға интернет желісін орнатарда ата-аналарға бірқатар байланыс операторының қызметін ұсынып отыр. Шымкент қаласында кабель арқылы интернет орнатумен Қазақтелеком, Транстелеком және Картел компаниялары айналысады. Үш оператордың да қызмет көрсету сапасы жақсы.
«Шалғай елді мекендерде оқитын оқушыларға интернет қаншалықты қолжетімді болмақ?» деген сұрақ жаңа оқу жылы қарсаңында баршамызды алаңдатары анық. Түйткілді сауалға аталған басқарманың өкілі жауап берді.
«Бұл мәселе – қала әкімінің қатаң бақылауында. Шаһардағы шалғай тұрғын алаптарды қысқа мерзімде сымсыз интернетпен қамтамасыз ету шаралары қабылдануда. Яғни жеке инвесторларды тарту есебінен антенна-матчталық құрылыстар салынады және ол жерге базалық стансалар орнатылады. Базалық станса орнату мүмкіндігі болмаған жағдайда қамту аймағын ұлғайту жұмыстары жүргізіледі. Қала аумағындағы 105 шағын аудан мен тұрғын алаптар интернет желісімен қамтамасыз етілген. Оның ішінде мобильді интернетке – 74, сымды интернетке – 79, талшықты-оптикалық байланыс арнасына 49 шағын аудан қол жеткізген. Бүгінде интернет желісіне қатынау мүмкіндігі бар үй шаруашылықтарының үлесі 90,7 пайызды құрайды. Оның ішінде 98,5 пайызы мобильді кең жолақты байланысқа, ал 21,8 пайызы сымды кең жолақты байланысқа қосылған. Ал интернет желісін пайдаланушылар үлесі 80 пайызды, тіркелген интернет абоненттерінің саны 75,5 пайызды құрайды. Бұған қоса 20 шағын ауданда интернет желісі, ал 16 тұрғын алапта мобильді интернет сапасы нашар екенін де атап өтуге тиіспіз», дейді Досан Әлібеков.
Жуырда шаһар басшылығы карантиндік шаралардың ұзартылуына байланысты жергілікті бюджетті оңтайландыру нәтижесінде 11,2 млрд теңге үнемделгенін жариялаған. Осы қазына қаржысының біраз бөлігі, нақтырақ айтқанда 989,8 млн теңгені мектептер мен мектеп-интернаттарды материалдық-техникалық жаңғыртуға жұмсау жөнінде шешім қабылданып, мұны қалалық мәслихат депутаттары бірауыздан мақұлдаған.
Жаңа технология – заман талабы
Жыл сайын күз мезгілінде еліміздегі білім беру мекемелерінде мектеп формасы мен оқулық мәселесі туындайтыны жасырын емес. Биыл ғаламдық індет салдарынан оқушылар жаңа оқу жылында мектепке бара алмайтын болды. Сондықтан қазір мектеп формасына деген қажеттілік жоқ. Ал Шымкент қалалық білім басқармасы оқушылар мектеп оқулықтарынан таршылық көрмейді деп сендіруде. Дегенмен жаңа маусымда онлайн оқудың қажетті құралдарына деген сұраныс арта түспек. Себебі балаларда интернет желісіне қосылатын смартфондар болмаса, онлайн оқуға қосыла алмайды.
Көрші елдермен шекара тарс жабылғасын елдегі техника бағасының құны да аспандап кетті. Оны сатып алуға кез келген ата-ананың қалтасы көтере бермейтіні тағы бар. Осыны ескерген қалалық білім басқармасы әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына техника жағынан бір реттік көмек көрсетуді бастап кетті.
Үшінші мегаполисте әлеуметтік осал топтағы отбасы балаларының саны 35 798-ді құрайды. Оның ішінде аз қамтылған отбасы балалары – 28 445, жетім балалар – 685, ерекше білім беруді қажет ететін балалар – 6 668. Жанат Арысбекқызы аталған қажеттілікті қамту мақсатында 35 798 компьютерлік техника (оның ішінде, компьютер – 3 470, ноутбук – 31 556, планшет – 772) және 35 798 мобильді байланыс модем алу үшін республикалық бюджетке сұраныс берілгенін мәлімдеді.
Қаланың бас ұстазының айтуынша, қашықтан білім алуға қажетті техникалық құралы жоқ 40 мыңға жуық оқушы анықталған. Олардың басым көпшілігінің ата-аналары жаңа оқу жылы басталғанға дейін планшет немесе интернет желісіне қосылатын қалта телефон алып беруге келіскенін айтады.
«Үкіметтің №64 қаулысына сәйкес, әлеуметтік көмекті қажет ететін 42 368 балаға 1 271 040 теңге қаржы қаралып, жаңа оқу жылында «Мектепке жол» акциясы аясында әр балаға 30 мың теңге көлемінде бір реттік көмек беріледі. Биыл мектеп формасын кимеуге рұқсат етілді. Жаңа оқу жылына дайындықты бастаған ата-аналарға айтатыным, осы қаражатты алған соң, егер балаңыздың қашықтан оқуға смартфон немесе ноутбук сынды техникалық мүмкіндіктері болмаса, алдымен балаңызға қажетті құралдарды алып беруге асықсаңыздар», дейді Жанат Арысбекқызы.