• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Білім 27 Тамыз, 2020

Жекеменшік мектептер «клиенттерін» жоғалтпау үшін бәріне дайын

885 рет
көрсетілді

Жаңа оқу жылы жақындаған сайын ата-аналардың мазасы кете бастайды. Биыл баласы мектеп табалдырығын алғаш рет аттайтын ата-аналардың көңілдері екі есе күпті болғандықтан, уақыт оздырмай, шешіп алуы тиіс мәселелелер шаш етектен.

Бұл күндері ата-аналардың ортақ чаттарында дау-дамай, түсініспеушілік жағдайлар жеткілікті. Мемлекеттік мектептердің күйі осындай болып жатқанда, жекеменшік білім орда­лары­ның да өз мүдделері көріне бастады.

Қазір Қазақстанда 182 жеке­меншік мектеп бар, онда 50 мың оқу­шы оқиды. Жекеменшік мектептерде 10 мыңнан аса педагог пен 4 мың қызметкер еңбек етеді. 2018 жылдан бері Қазақ­стандағы жекеменшік мектептерге 62 мектеп қосылса, Алматыда – 61 мектеп, Нұр-Сұлтанда – 22, Шымкентте – 17, Қазақ­станның басқа қалаларында 82 мектеп тіркелген.

Осы мақалаға түрткі болған екі бірдей баспасөз мәслихатында көте­ріл­ген мәсе­лелерді баяндамас бұрын, пандемия басталғалы бері Қазақстанда коро­навирус инфекциясын 2500-дей бала жұқтырғаны, оның ішінде 111 сәби бар екеніне тоқтала кеткен жөн. Бұл туралы «Педиатрия және балалар хирур­­гиясы ғылыми орталығы» АҚ басқар­ма төрайымы Риза Боранбаева ресми мәлімдеген болатын. Осындай жағдай­да қашықтан және дәстүрлі дәріс беру, сабақ өткізуге қатысты өтініштер, көзқа­растар қайшылығы, тілектер, ұсыныс­тар легі толастамай тұр. Әр ата-ана жағдайды өзіне қарай бейімдегісі бар. Нәтижесінде «кезекші сыныптар» ашу туралы шешім қабылданып отырғанын білеміз.

Ата-аналар Білім және ғы­лым министрінің де сөзін жақ­сы біліп отыр. «Жаңа оқу жылында оқыту үрдісі қалай жүр­гізілетіні туралы таяуда ғана ше­шім қабылдағанымызды біле­сіздер. Шешім мынадай: жаңа оқу жылының І тоқсанында 1-11 сы­нып оқушылары қашықтан оқиды. Алайда кейбір ньюанс­тар бар. Атап айтқанда, алыс ауылдардағы шағын жинақты мек­тептерге дәстүрлі түрде оқу­ға рұқсат береміз. Алайда ол ауыл­дардың өзінде біздің балалар мен педагогтерге ешқандай қауіп болмауы тиіс, – деген министр бастауыш сыныптарға дәстүрлі форматта оқу мүмкіндігі берілетінін жеткізді. – Қашықтан оқыту фор­матында ерекше қажеттілігі бар, аз қамтылған отбасылардың балаларына оңай тие қоймайтыны анық. Үшінші мәселе айналып келіп бастауыш сыныптардың оқыту жұмысына тіреледі. Сол себепті «кезекші сыныптар» деген енгізілді. Ол не? Бастауыш сыныпта (1-4 сынып) оқитын баласы бар ата-ана баласын дәстүрлі түрде мек­тепте оқытуға өтініш бере ала­ды. Онда оқушыларға ондай мүмкіндікті беруге дайынбыз», деді Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ министр дәстүрлі білім беру барысында нақты шектеу шаралары қандай болатынына қатысты: «Біріншіден санитарлық-эпидемиялық талаптар қатаң сақ­талуы керек. Әдетте бір сыныпта 20-25, тіпті үлкен қалаларда 40 ба­лаға дейін отырады. Осыған бай­ланысты ата-аналарының өті­нішімен І тоқсанда дәстүрлі форматта оқитын сыныптағы кабинетте 10-15 баладан артық отырмауы керек. Яғни бір сыныптың өзі топтарға бөлінеді. Екіншіден осы сыныптарға қоңыраулар әртүрлі уақытта соғылады. Үшіншіден дене қызуы тұрақты түрде өлше­ніп, балалардың денсаулығы қатаң бақылауға алынады. Ата-аналарға мектеп аумағына кіруге тыйым салынады. «Бір мұғалім – бір сынып» қағидаты енгізіледі. Әдетте ағылшын пәнін оқытарда басқа мұғалім келеді. Алайда бұл жерде ондай болмайды. Бастауыш сыныптың мұғалімі ғана сабақ өткізеді. Дәстүрлі форматта оқы­туға болады деген күннің өзінде сабақтың жартысын біз қашықтан оқыту форматына ауыстырамыз. Ағылшын тілі, мәселен қашықтан оқытылады», деді.

Осылайша, ұсыныстары ми­нистрдің шешімімен сәйкес кел­ген еліміздегі жекеменшік мек­теп­тердің мүддесі де оңай шешіл­гендей болып отыр. Өйткені ба­ла­лары жекеменшік мектептер­ге баратын ата-аналардың өз алаң­даушылықтары бар болатын. Өйт­кені оқу жылы басталғанда балаларын үйде қалдыру мүмкін емес. Ал жекеменшік мектептердің басшылары атынан сөйлеген «Аlpamys School» ағылшын моделі негізінде құрылған мектеп директоры Динара Құдайқұлова егер санитарлық дәрігерлер келіссе, кез келген форматына бейімделе алатынын айтады. Себебі белгілі, ата-аналардың көпшілігі жұмыс істеуге мәжбүр. Бәрінің бірдей бі­рінші сынып оқушыларына «екі­ге екіні қосқанданы» үйрететін әжесі жоқ, яки әке-шешесі жұмысқа кеткен жоғары сынып оқушысы сабақ басталғаннан кейін ұйықтамай­ты­нына көз жеткізіңіз. Ата-аналар да, мұғалімдер де келтірген тағы бір уәжі – байланыс сапасының төмендігі. Интернеттегі сабақтарда мектептер қолдана бастаған платформалар жиі істен шығады немесе дер кезінде жүктемейді.

TAMOS Education-ның бірлес­кен құрылтайшысы және директоры Дәурен Қаупынбаев қашықтан оқыту барысында бірнеше келеңсіз жағдайға тап болғанын, сабақ беру барысында орта жолда бейтаныс адамдар онлайн арқылы оқу процесіне қосылып, сабақтың үзіл­генін айтты. «Демек Zoom-дағы бейне-конференциялар қауіп­ті болып шықты, сонымен қатар олар тікелей байланысты алмастыра алмайды», деді Дәурен Каупынбаев.

Айналып келгенде, жекеменшік мектептер оқушыларынан айрылып қалудан қорқады. Өйткені балаларын мемлекеттік мектептерге ауыстыру үшін кейбір ата-аналар төлемдерді қайта есептеуді және қайтаруды сұрап отыр.

Ал «Архимед» мектебінің негізін қалаушы және директоры Архимед Ысқақов: «Меніңше, қыркүйектен бастап жекеменшік мек­тептерде қашықтан білім беру жал­ғасын табатын болса, онда оқу­шылардың 50%-дан 66%-ы мем­лекеттік мектептерге ауыса алады. Ата-аналар қазір жағдайдың аңысын аңдып отыр», дейді.

Сондықтан жеке мектептер штаттық режімде жұмыс істеуге мүм­кіндік беруді өтініп отыр. Ата-аналар қауымдастығының аты­нан сөйлеген Ольга Ким ата-аналар балалардың денсаулығы үшін жауапкершілікті өз мойындарына алуға, тиісті құжаттарға қол қоюға дайын екенін айтады. «Ата-аналардың 80%-ы балалардың offline режімде оқығанын қалайды, өйткені тікелей байланыс қажет әрі білім сапасы онлайн режімінде оқытудан зардап шегеді. Сонымен қатар көптеген ата-аналар өз би­з­несін жандандыру үшін жұ­мысқа шығуы керек, олар балаларын жал­ғыз қалдыра алмайды», дейді ол.

Қысқасы, жекеменшік мектеп­тердің құрылтайшылары мен ди­­ректорлары ата-аналар қа­уым­­дастығының пікірін ескере отырып, оқушылар үшін жеке­мен­шік мектептерде барлық қатаң санитарлық шараларды қамта­масыз етуге да­йы­н екендігін біл­дірді. Кейбір жеке мектептер­де қосымша меди­циналық қыз­мет­керлер қабыл­данған.

Республикалық Жекеменшік білім беру ұйымдары қауымдасты­ғының төрайымы Роза Садықова қауымдастыққа осылайша оқушы­лардың ата-аналарынан өтініштер келіп түсіп жатқанын, өздерінің бұл өтініштерді назардан тыс қалдыра алмайтынын айтады. Бұл қа­уым­дастық 2006 жылы құрылған, Қа­зақстандағы мемлекеттік және же­­кеменшік білім беру құры­лым­дары арасындағы байланыс­тырушы буын болып табылады. РЖББҚ жұмысының нәтижесінде экономиканың осы секторындағы қазіргі жағдайдың жай-күйін тал­дауға мүмкіндік беретін мәлі­меттер алынады.

«Оқушының күні бойы мектепте болуы – жеке мектепті таң­даудың маңызды өлшемі болған еді. Өз кезегінде жекеменшік мек­тептер барлық санитарлық талаптарды қамтамасыз етуге мүм­­кіндігі бар. Осы сәтті ескере отырып, қауымдастық Қазақстан Үкіме­тінен жеке мектептерге штат­­тық режімде жұмыс істеуге рұқ­сат беруді сұрайды», дейді Р.Са­ды­қова.

Айналып келгенде жекеменшік мектептер өз «клиенттерін» сақ­тап қалу үшін бәріне де дайын екен­діктерін білдіріп отыр. Яғни сыныптардағы оқушылар санын 10-15 адамға дейін азайту, оқу­шыларды сыныптарда бар­лық нормаларды сақтай отырып отыр­ғызуды қамтамасыз ету, пәнаралық үзілістерді әртүрлі уақытта  жасау, қызу өлшеу, желдету, кварцтау және ылғалды жинау режімдерін сақтау және күшейтуді ұсынып отыр. Дегенмен мұның барлығы баланың денсаулығын қорғауға 100 пайыздық кепілдік бола ала ма? Жекеменшік мектепке баратын бала да, мемлекеттік білім ордаларында оқитын бала да – бала.

Қазіргі таңда жаппай дерлік қашықтан білім беруге көшуге пандемиялық жағдай мәжбүрлеп отырғаны белгілі. Алайда дис­танциялық білім беруді жаһандық ін­детсіз-ақ жолға қойып алған елдер бар. Интернеттің заманында бұл шалғайда, алыс елді мекен­дерде тұратын жандар үшін баласының қатарынан қалмауына берілетін жақсы мүмкіндіктің бірі.

Қазақстанда тұрып, тама­ғын ішіп, тіршілігін осында жал­ғастырып отырып-ақ, он шақ­ты жылдан бері балаларын ресей­лік білім платформала­рында қашықтан оқытуды бастап кеткендер де кездеседі. Қысқасы, елден шықпай-ақ баласына көрші мемлекеттің аттестатын алып бе­реді. Балаларын пандемиясыз-ақ, қашықтан «Ресейде» оқытып жат­қан елімізде 1 мыңдай әке-ше­ше бар екен. Сондықтан олар да қарап қалмай, шетелдерде қашықтан білім алуды заңдастыруды сұ­рап отырған жайы бар. Біз бұл та­қырыпқа да келеміз.

Ендігі жерде, жекеменшік мектептер оқушыларын қалай сақтап қала алады? Бұл олардың оңтайлы қадамдарына тәуелді іс. Бірақ мұның барлығы да бала өмірінен қымбат емес.

 

АЛМАТЫ