Жуырда Нұрсұлтан Назарбаев қоры мен «Елбасы академиясы» қорының салалық менеджерлері жобасы аясында өткен кезекті талқылау Қазақстандағы мектепке дейінгі тәрбие беруге арналды.
«Елбасы академиясы» корпоративтік қоры директорының орынбасары Әнуар Жанғозиннің айтуынша, мектепке дейінгі білім беру саласындағы жетістіктер мемлекет пен жеке сектордың табысты өзара іс-қимылын көрсетеді. Сонымен бірге өзекті мәселе де жетерлік. Мысалы, объективті деректердің болмауы, сыртқы бағалау мен зерттеулер жеткіліксіздігі ғалымдардың аталған саланың дамуы мен проблемаларын тұрақты негізде талдауына кедергі келтіреді. Мектепке дейінгі білім беру саласына берілетін басымдық жеткіліксіз. Бұл бойынша жүргізілген ұзақмерзімді зерттеулер аталған саланың экономикаға және жалпы адами капиталдың дамуына басқа білім беру салаларына қарағанда көбірек әсер ететінін көрсетеді.
BTS Education ЖШС бас директоры және «Қазақстанның жаңа мамандықтарының атласы» жобасының ұлттық үйлестірушісі Саясат Нұрбектің айтуынша, мектепке дейінгі тәрбие білім берудегі, адамның қалыптасуы мен дамуындағы негізгі кезең ретінде академиялық, сараптамалық қауымдастық және білім беруді ұйымдастырушылар тарапынан да ерекше назарға ие. Ол мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру саласындағы бес жаһандық трендті атады. Бірінші, қоғамдық білім беруді экономикалық тұрғыдан адами дамудың маңызды кезеңдерінің бірі ретінде қабылдау, адами капиталға инвестициялар, жеке тұлғаны қалыптастыру, когнитивтік, психологиялық дағдыларды қалыптастыру; екінші, міндетті мектепке дейінгі немесе мектепалды білім беру; үшінші, тәрбиешінің біліктілігі мен мәртебесіне қойылатын жоғары талаптар; төртінші, мемлекет-жекеменшік әріптестігі; бесінші, білім беру жетістіктерін бағалау.
Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығының төрайымы Лейла Құленова мектепке дейінгі білім беру мен педагогтердің білім сапасын арттыру қажеттігіне назар аударды. Төмен сапаны арадағы өзара байланыстың жоқтығымен салыстырған ол мемлекеттік органдардың шешімдері бір жақты, талдау мен статистикадан ада екенін айтады. «Әлі күнге дейін еліміздегі даму орталықтарында, қосымша білім беру орталықтарында қанша ұзартулардың бар екенін ешкім білмейді. Мұның тағы бір себебі, мұғалім мамандығы түсініксіз және көптеген мұғалім диплом алу үшін ғана педагогикалық саланы таңдайды. Мектепке дейінгі тәрбие мен білімнің сапасы ең әуелі қаржыландыруға байланысты», деді Л.Құленова.
Балалардың ерте дамыту саласындағы сарапшысы Гауһар Киікова барлық аспектілердің өзара байланысты екенін және бірінсіз екіншісін қарастыру мүмкін еместігін жеткізді. Мысалы, жалақыны көтеру мұғалімдердің білім беру сапасын жақсартуға әкелмейді. Оның айтуынша, осы мәселелердің барлығын қазір el Umiti бағдарламасының мектепке дейінгі білім беру тобы талдауда. Топ жұмысының нәтижесінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың сапасын арттыру бойынша ұсыныстар әзірленбек.
Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы №1 «Бәйтерек» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Гүлнар Бектұрғанова республиканың мектепке дейінгі ұйымдарын кадрмен қамтамасыз ету проблемалары туралы айтты. Яғни балалар мекемесіндегі негізгі өзекті мәселе – жұмыс істейтін мамандар жаңа сапаға әзір емес. «Ұжымда әртүрлі мамандықтағы 62 педагог бар, олардың көпшілігі 45-тен 50 жасқа дейін, ал 21-ден 30 жасқа дейінгі жас мамандар бар-жоғы үшеу. 50 жастан 60 жасқа дейінгі және 60 жастан 65 жасқа дейінгі қызметкерлер санаты бар, бұл ұжымның 18,6%-ын құрайды. Екінші мәселе, жас мамандарды даярлаудың деңгейі төмен. Саланың ең өзекті мәселелерінің бірі, тәрбиешілердің жалақысы аз – 78 мың теңгеден 104 мың теңгеге дейін ғана алады».
Тараз қаласындағы Indigo Preschool балабақшасының құрылтайшысы және негізін қалаушы педагог-психолог Мәдина Бисенованың айтуынша, кадрлардың жоқтығы, сондай-ақ тұрақтамауы мектепке дейінгі білім берудің жеке секторында да қатты сезіледі.
– Бүгінде жеке балабақшаға маманды тарту қиын, оны ұстап тұру да оңай шаруа емес, – деді ол. – Мектепке дейінгі білім беру сапасына әсер ететін негізгі факторлар – педагогикалық кадрлар, әдіснамалық база, білім беру стандарттары, мемлекеттік қолдау. Мемлекеттің қолдауы қаржылық және әдіснамалық көмекті білдіреді.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласындағы мәселелерді талқылаған ұйымдастырушылар аталған пікірталастың осы бағытта ғана емес, басқа бағыттар бойынша ұсыныстарды беруге де көмектесетінін жеткізді. Өзгерістерді басқару бойынша салалық менеджерлерді даярлау бағдарламасы Нұрсұлтан Назарбаев қорының бастамасымен Үкіметпен бірлесе жүзеге асырылуда. Бағдарламаның мақсаты – салалық сарапшыларды тарту және іріктеу, экономиканың негізгі салаларын трансформациялау мәселелерін шешетін өзгерістерді басқару жөніндегі менеджерлер тобын оқыту және қалыптастыру.