• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Тамыз, 2020

Жетісуда жиын-терін қарқынды жүріп жатыр

303 рет
көрсетілді

Биыл Жетісу алабында күн райы құбылмалы болды. Аймақтың жер емген жұрты жаңбырлы күндер мен аптап ыстыққа қарамастан алқаптағы жұмысты тоқтатқан жоқ. Тіпті, еліміздегі карантин шарасы да диқан мен шаруаның ісіне айтарлықтай кедергі болмады. Жанқиярлық еңбектің нәтижесінде қазір қырдағы егін орағы қызып тұр.

Жалпы, биыл Алматы облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 7 мың гектарға ұлғайып, 968,6 мың гектарды құраған болатын. Мәлім болған дерекке сәйкес, диқандар 263 мың гектарға егілген дәнді-масақты дақылдың 56 пайызын орып үлгерген. Алдын ала есептеу бойынша 438 мың тонна дәнді дақыл жиналып, гектарына шаққандағы орташа өнімділік 16,7 центнерді құрауда. Ал орылған астықты сыйымдылығы 771 мың тонна болатын 265 астық қоймасы қабылдап жатыр екен. Оның екеуі астық сақтау үшін арнайы лицензия алған, бұл қоймаларға 58,6 мың тонна астық сыяды.

Сонымен қатар облыстың шаруа қожалықтары картоп дақылын жинауға да кірісті. Биыл орташа өнімділік 176,1 центнерді құрап отыр, бұл өткен жылға қарағанда сәл жоғары. Қазірге дейін картоп егілген 40,3 мың гектар алқап­тың 8,6 мың гектары жиналып, одан 150,8 мың тонна өнім алынған. Мұнан бөлек, егіл­ген қыстық және жаздық дақыл­дың 42,9 мың тоннасы оры­лып, қамбаға құйылды, өнім­нің көлемі облысқа қажетті мөл­шер­дің 54,1 пайызын құрайды.

Жалпы Жетісудың төл дақылы қант қызылшасы екені аян. Биыл 16,1 мың гектар алқапқа тәтті түбір тұқымы себілген болатын. Бұйырса, бұдан 500 мың тонна өнім алып, 48 мың тоннадан астам дайын қант шығару жоспарланған. Қазір облыс қызылша жинау науқанына толық дайын. Ақсу және Көксу қант зауыттары өнім қабылдауға кіріспек, ал қант қызылшасын қазу жұмысы қыркүйектің екінші жартысында басталады.

Егін орағының тоқтаусыз жүріп, өнімді дер кезінде жинап алуы үшін облыс әкімдігі тарапынан барлық шара жасалуда. Науқан басталғанға дейін барлық техника жөнделіп, астық жинауға 1409 комбайн, 180 механикалық қырман, 260 астық тиегіш, 203 дән уат­қыш, 160 астық тазалау маши­налары мен 249 автотаразы жұмысқа кіріскен екен. Ал өнім жинау науқанын дер кезін­де аяқтау үшін Энергетика министр­лігі бөлген 19,1 мың тонна дизельдік отын да кезең кезеңі­мен шаруашылықтарға жеткізі­луде. Диқандар да жеңіл­детіл­ген бағада берілетін жанар­майға қарап отырмай, өз қаражат­тарына қажетті өнімді сатып алуда. Бүгінге дейін 5 мың тонна жанар-жағармай алған екен.

Қырдағы еңбекшіл қауым қыстық мал азығын дайындауға да жанталасып жатыр. Қазірге дейін 2 млн тоннадан астам шөп және 983,7 мың тонна басқа да мал азығы жиналған. Бұл істің басы-қасында Қаратал ауданының шаруалары да жүр. Ауданда бүгінде 97 мың тонна жоңышқа жиналған. Жалпы мал азығына қажет 109,5 мың тонна шөп жинау жоспарлан­ған. Сондай-ақ 42,3 мың тонна пішендеме, 29,5 мың тонна сабан, 13,5 мың тонна жемдік азық әзірленген.

– Бес гектар жерге өскен шөп­ті шауып, тайлап жатырмыз. Биыл қырда қуаңшылық бол­ды. Жауын-шашын да аз түсті. Әзірге 1 мың орама шөп жина­дық. Шабындықта әлі 500-ге жуық орама шығатын шөп жатыр. Өзімнің азын-аулақ малым бар. Ауылда 5-6 бас жыл­қы, 2-3 бас сиыр, 30 басқа жуық қой-ешкі ұстаймын. Артыл­ған шөпті кеткен шығын­ды жабу үшін сатамын, – дейді Қаратал ауданындағы «К.Дүй­сен­баева» шаруа қожалығының басқарушысы Жандос Гисанов.

 

Алматы облысы