• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Тамыз, 2020

Орақ барысы ойдағыдай

474 рет
көрсетілді

Биыл солтүстікқазақстандық диқандар егіс даласына агротех­но­логиялық шараларды толықтай жасады. Соның ішінде егіс ал­қап­тарына 94 мың тонна минералдық тыңайтқыштар себілді, 3,5 млн гектар жерге химиялық өңдеулер жүргізілді.

Жаз ыстық, қуаң болса да егіс танап­тарын өңдеуге мүмкіндік болды. Жауынның ұзақ уақыт тамбауы бірқатар аудандардың астық түсімін азайтты. Десе де мамандар тек оптимистік болжамдар айтуда. Мәселен, тамыздың ортасында облыстық әкімдіктің отырысында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бастығы Ерболат Бекшенов биылғы астыққа шаруалар ерте кіріскенін айта келіп, гектар берекесі 24,7 центнерден айналатынын жеткізді. Ал облыс әкімі Құмар Ақсақалов орақ барысы туралы Үкіметте жаса­ған баяндамасында гектар өнім­ділігі 14 центнерден ғана айналып жатқанын айтты. «Бүгінгі таң­да астықтың 14,7 пайызы жинал­ды. Бұл барлық 2 988,5 мың гектардың 439,3-і гектары деген сөз. Бастырылған астық көлемі 498,6 мың тонна», деді ол. Былтырғы орақ маусымында гектар берекесі 18 центнерден айналған еді. Бірақ орташа көрсеткіш туралы айтуға әлі ерте, шығымдылығы дәстүрлі түрде жоғары болатын аудандар астық оруға енді ғана жаппай кірісіп жатыр.

Солтүстік Қазақстандағы бар­лық егіс алқабы – 4,2 млн гектар, соның 2,9 млн гектарына бидай егіледі. Ал майлы дақылдар көлемі – 922 мың гектар. Әкім әзірге 22,5 мың гектардың өнімдері ғана жиналғанын айтты. Бұл барлық майлы дақылдар егілген алқаптың 2,4 пайызы ғана. Қазір гектар берекесі 9 центнерден болып отыр екен. Барлық бастырылған майлы дақылдар көлемі – 18,6 мың тонна.

Өңір басшысының айтуынша, облыс диқандары орташа есеппен тәулігіне 160-170 мың гектардың астығын жинайды. Бұл озық техникалар арқылы қол жеткізіліп отырған табыс. Биылғы ораққа 7,5 мың комбайн қатысуда. Соның ішінде 3,3 мыңы жоғары өнімді, алыс шетелдің техникалары. Ас­тық тасымалына 5,2 мың жүк автомашиналары жұмылдырылған. Жалпы, биыл Қызылжар өңірінің диқандары 34,9 млрд теңгеге 1458 бірлік жаңа техника сатып алған. Соның ішінде 100-ден аса қымбат комбайндар бар.

Айта кететін жайт, биыл сол­түс­тіктік диқандар импорт алмас­тыру аясында қарақұмық алқабын 2,5 есеге, асбұршақты 30 пайызға ұлғайтты. Соның нәтижесінде бұрынғы 1,7 мың гектардың орнына 4,2 мың гектарға қарақұмық, бұрынғы 41 мың гектардың орнына 54 мың гектарға асбұршақ егілді.

Құмар Ақсақалов Үкіметтегі баяндамасында диқандар минералды тыңайтқыштар себуді алдағы жылы 10 пайызға дейін арттырып, тағы 30 мың тонна сатып алуды көздеп отырғанын жеткізді. Жерден ала беруді ғана ойламай, оған беру де қажет екенін қазір диқандар да түсінген. Жаңа техника сатып алу былтырғымен салыстырғанда 20 пайызға, ал ақшаға шаққанда 1,5 есе көбейген. Ал 2019 жылы 23 млрд теңгеге 1264 бірлік техника алынған еді.

Диқанға орақ кезінде қолбайлау болатын мәселенің бірі – жанар-жағармай жетіспеушілігі. Ұзақ жылдар бойы осы мәселе шешілмей, дәл орақ басталғанда күрт қымбаттап диқанның жүйкесін жұқартатын. Осыған байланысты Қ.Ақсақалов: «Биыл облысқа 75 мың тонна арзандатылған дизель бөлінді. Оның бір литрінің бағасы – 172 теңге. Сөйтіп, ЖЖМ қажеттілігін 84 пайызға өтейміз. Қалғанын диқандар өздері тауып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, жанар-жағармай бойынша түйткіл жоқ», деді.

Облыстағы астық сақтау қой­ма­ларының сыйымдылығы 6 млн 600 мың тонна. Бұл өңірдің қажет­тілігін толық қамтамасыз етеді. Қазір қамбалар астық қабылдауға дайын тұр. «Жалпы, қажетті іс-шаралардың барлығы уақытында және толық атқарылды. Бұл орақ науқанын белгіленген мерзімде өткізуге мүм­кіндік береді. Биыл бидайдың бағасы тағы да өсуі мүмкін. Сон­дықтан нанға қолжетімді бағаны ұстау мақсатында тұрақтандыру қорына қажетті 3 мың тонна ұн сатып алынды», деді облыс әкімі.

 

Солтүстік Қазақстан облысы