2019 жылдың 2 қыркүйегінде Парламенттің бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын арнаған еді. Бір жыл ішінде Президент Жолдауында айтылған аграрлық-өнеркәсіптік кешеннің әлеуеті қаншалықты артты? Атқарылған жұмыстар барысына шолу жасап көрелік.
Мемлекет басшысы Жолдауда: "Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар. Біз суармалы жер көлемін кезең-кезеңмен 2030 жылға қарай 3 млн гектарға дейін ұлғайтуымыз керек. Бұл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есе арттыруға мүмкіндік береді", деп нақтылап өтті.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша, Президенттің тапсырмасын орындау барысында суармалы жерлердің көлемін ұлғайту жұмыстары жалғасын тауып келеді. Бүгінде суармалы жерлердің көлемі 1 млн 546 мың гектарды құрайды, соның ішінде 210,4 мың гектар жер жаңбырлатып және тамшылатып суару секілді ылғал үнемдегіш технологиялармен қамтылған, бұл өнімділікті бірнеше есе арттырады.
Бұдан өзге, заманауи суару жүйелерін енгізуді ынталандыру үшін ауыл шаруашылығы өндірушілеріне инфрақұрылым жүргізу мен суару жүйелерін сатып алуға жұмсаған шығындарының 50%-ы өтеледі. Бұдан басқа, сыйақы мөлшерлемесі 10%-ға төмендетілетіні туралы айтылды.
Президенттің өңделген өнім экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе ұлғайту жөніндегі тапсырмасы бойынша, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы маңызды міндеттің бірі – ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу үлесін арттыру және қосылған құны барынша жоғары өнімді өндіру.
Мәселен, "ҚазАгро" холдингі былтыр жалпы сомасы 230,8 млрд теңгеге өсімдік шаруашылығы өнімдерін өңдеу, жылыжай, көкөніс және астық сақтау орындарын салу, қарқынды бақтар отырғызу секілді бағыттар бойынша жаңа өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеу жобаларын қаржыландырды. Сонымен бірге мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру аясында өсімдік шаруашылығындағы барлық субсидиялар "Субсидиялаудың бірыңғай қағидаларына" біріктіріліп, өсімдік қорғау құралдарын субсидиялау кеңейтілді. Енгізілген басты жаңалықтардың бірі – субсидияларды күнтізбелік жыл шеңберінде емес, тұқым, тыңайтқыш, пестицид сатып алған күннен бастап, 12 ай ішінде алуға болатыны көңіл көншітеді.
Әлемді дүрбелеңге салған коронавирустық пандемияның салдарынан елде азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығын дамыту секторы басты мәселелердің бірі болғанын көрсетті. Қазіргі таңда көптеген ел ішкі нарықты толықтыру мен импортты алмастыруға баса назар аударды. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту стратегиясын қайта жандандыруды қарастырып отыр. Сұраныстың артқанын ескере отырып, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары алаңы 237,7 мың гектарға ұлғайтылып, 22,5 млн гектарға жетті.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сүйенсек, тұқымдарды, пестицидтер мен тыңайтқыштарды субсидиялауға 11,4 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат бөлінді. Импорт алмастыру шеңберінде бақ отырғызу жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру және жабық топырақ алаңдарын кеңейту жұмыстары жалғастырылады.
Суармалы жерлердің көлемі 60 мың гектарға ұлғаймақ. Бұған қазіргі заманауи суару жүйелерін сатып алуға арналған инвестициялық субсидиялау нормативтерін 1 гектарға 500 мың теңгеден 800 мың теңгеге дейін ұлғайту шаралары ықпал етпек.
Биыл мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі: тірідей салмақтағы ет бойынша 1,9 млн тоннадан 2,1 млн тоннаға дейін (7%); сүт бойынша 5,8 млн тоннадан 5,9 млн тоннаға дейін (2%); жұмыртқа бойынша 5,5 млрд данадан 5,6 млрд данаға дейін (1,6%) ұлғаятын болады. Жыл соңына дейін 88 мың тонна құс етін өндіретін 8 құс фабрикасы іске қосылады, бұл импорт үлесін 44%-дан 39%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
114 мың тонна шикі сүт өндіретін 25 өнеркәсіптік және 30 отбасылық тауарлық сүт фермасын салу жоспарланып отыр. Ірі қара мал және ұсақ мал сатып алуға шағын фермерлік қожалықтар құру мен дамытуды қаржыландыру басталып кетті. Яғни ет кластері үшін шикізат базасы дамытылады.
Айта кетейік, биыл өсімдік шаруашылығындағы міндетті заңнамалық сақтандырудың күші жойылды. Орнына агроөнеркәсіптік кешендегі ерікті сақтандыру жүйесі іске қосылды. Ағымдағы жылдың маусым айында тиісті министрлік ерікті сақтандыру бойынша барлық заңға тәуелді актілерді қабылдады. Оператор ретінде Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры сақтандыру өнімдерін іске қосты. Сол арқылы сақтандыру сыйақысының 50%-ын субсидиялау көзделген.
Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.