Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі. Шағын, әсіресе микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сол себепті Президент:
– Біз шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдауымыз керек. ...Үкіметке микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеуді тапсырамын. Заңнамаға енгізілетін тиісті түзетулер 2020 жылдан бастап күшіне енуі керек, – деген болатын.
Бүгін еліміздегі шағын және орта бизнестің жалпы саны 1,6 млн-нан асады. Үкімет 2050 жылға қарай экономикадағы ШОБ-тың үлесін 50%-ға дейін арттыру туралы стратегиялық міндетті алға қойып отыр.
Ұлттық экономика министрлігінің дерегіне сүйенсек, экономикадағы ШОБ-тың үлесі біртіндеп жоғарылап келеді. 2019 жылы ол 29,5 %-ды құрады. 2020 жылға межеленген міндет ІЖӨ-дегі үлесті 30%-ға дейін көтеру. 2025 жылға қарай 35%-ға дейін, ал 2050 жылға қарай 50%-ға дейін жеткізу көзделген. Бұл дамыған елдердің деңгейіне сәйкес келеді.
Бір жыл ішінде кәсіпкерлікті дамыту үшін келесідей шаралар жүзеге асырылды. Біріншіден, бизнес ортаны дамыту мәселелері бойынша 100-ге жуық түзетуді көздейтін заңнамалық бастамалардың 7 топтамасы қабылданды. Соның нәтижесінде биыл Қазақстан әлемнің 190 елінің ішінде бизнес ахуал бойынша ең қолайлы ТОП-25 елдің қатарына қосылды.
Екіншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша микро және шағын бизнес үшін салық төлеуге және оларға тексеру жүргізуге мораторий енгізілді. Жалпы 1,2 млн микро және шағын кәсіпкерлік субъектісі үш жылда салық бойынша 382 млрд теңгені үнемдейді.
Сондай-ақ мораторий нәтижесінде 3 жылдың ішінде 100 мыңға жуық тексеріс өткізілмейді. Бұл әкімшілік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді және бизнесті жүргізу тұрақтылығына жәрдемдеседі.
Үшіншіден, тағы да Президент тапсырмасы бойынша әділдік презумпциясы қағидатын енгізу бойынша нормалар ұсынылады. Барлық реттелмеген даулы мәселелер бизнестің пайдасына қарай шешіледі.
Бизнес-қауымдастық алдында бақылау-қадағалау органдарының бірыңғай есеп беру күні енгізіледі. Мұндай есеп жыл сайын жүргізіледі.
Үкіметтің болжамы бойынша, жасалған мемлекеттік қолдау шаралары, заңнаманы және реттеушілік ортаны жақсарту алдағы 5 жылда шағын және орта бизнестің өсуіне ықпал етеді.
2025 жылға қарай шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндер саны 4 млн адамға дейін жетеді. ШОБ-тың өнім шығару көлемі 35 трлн теңгені құрайды, шағын және орта бизнестің ІЖӨ-дегі үлесі 35%-ға дейін артады. Бизнес жүргізу шарттарын жақсарту Қазақстанның Doing Business рейтингінде 20-орынға ие болуын қамтамасыз етеді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі наурыз айында енгізілген төтенше жағдайға, сондай-ақ карантин режіміне байланысты кәсіпкерлер мен халықты қолдау аясында несие төлемдерін уақытша тоқтата тұру бойынша шаралар қабылдады. Кәсіпкерлердің несиелері бойынша төлемдерді 90 күнге – 16 наурыздан 15 маусымға дейін кейінге қалдыру тәртібін қабылдады. Осы кезеңде банктік қарыздары бар 12 мың кәсіпкерлік субъектісі жалпы сомасы 164,8 млрд теңгеге несие төлемдерін кейінге қалдырды (барлық қарыз алушылардың 42%-ы).
Карантин шілде айында жалғасуына байланысты кәсіпкерлерді қолдаудың қосымша шаралары қабылданды. Атап айтқанда, қызметі уақытша тоқтатылған кәсіпкерлер үшін төлемдерді кейінге қалдыру өтінімін қарау мен мақұлдаудың неғұрлым жеңілдетілген тәртібі енгізілді. 10 тамыздағы жағдай бойынша банктер 6 236 жуық өтінішті мақұлдады, оның ішінде 1 542-сі қайта қаржыландырылды және 4 694-ке жуық кәсіпкердің төлемдері 1 қазанға дейін кейінге қалдырылды.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының бюджеті 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды. Аталған бағдарлама аясында жылдық 6% мөлшерлеме бойынша несиелер беріледі. Сонымен қатар кәсіпкерлерге өте ыңғайлы «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы жұмыс істейді.