Жағымды жаңалық туралы қорық директорының орынбасары Жанат Жұртбаев жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жалпы құрылғанына жарты ғасырдан астам уақыт өткен қорықтың аумағы 700 мың гектар жерді құрайды. Мұнда балықтың 15 түрі, құстың 357, өсімдіктің 443, жан-жануардың 45 түрі мекендейді. Соның ішінде қадірлісі – киік. Биылғы жылы киік басы айтарлықтай көбейді.
Төлдеу уақыты сәтті өтті. Шығын болған жоқ. Сол себепті киік қарамы бұрнағы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай өсіп отыр. Мәселен, 2018-2019 жылдары бұл өңірде 18 мыңға жуық киік болса, биылғы саны 45 мыңға жеткен.
Киіктің көбеюіне браконьерлердің бұрынғыдай басынуына жол берілмеуі де оң ықпалын тигізуде. Қорық аумағында соңғы екі жылда бірде-бір мәрте киік атуға қатысты оқиға тіркелмепті. Аракідік құқық бұзушылық оқиғалары қылаң беріп тұратыны да бар. 2019 жылы 33 құқық бұзушылық оқиға орын алған екен.
Қорық қызметкерлері киік санының көбеюі адам санасының жақсаруына да байланысты дейді.