• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 27 Тамыз, 2020

Рухани азық нәрі үзілмейді

673 рет
көрсетілді

Төрткүл дүниені жаман тұмаудың жан түршіктірер лебі жайлағалы кітапқұмар қауым жан серігімен ажырап қала жаздап еді. Рухани нәрдің тінін жалғастырар жақсы жол төтеннен табылды.

Көкшетау қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесі тамыз айынан бастап жан жадыратарлық осындай жобаны қолға алып, жүйелі жүргізе бастады. Негізі бұл елде карантин басталған кезде ойға оралған оңды жоспар болатын. Тыңнан табылған тәсіл арқылы қалың оқырман мен рухани азық ордасының ежелден қалыптасқан байланысы үзілген жоқ. Қайта бұрынғыдан да жақындаса түскендей.

Электрондық кітапханаға оқырмандар тарапынан күн сайын бірнеше қоңырау түседі. Олар өздерін қызықтыратын, оқысы келген шығармаларына тапсырыс береді. Кітапхана қызметкерлері болса қауіпсіздікті сақтау мақсатында барлық талаптарды мұқият орындай келіп, шырайлы шығармаға,  рухани нәрге шөлдеп отырған оқырмандардың тілегін орындап, қалаған кітаптарын жеткізіп береді. Міне, осындай оң шаруа бірнеше айдан бері мүлтіксіз жүзеге асырылуда.

- Біздің ең басты мақсатымыз көркем әдебиеттен нәр алатын көпшіліктің кітаптан қол үзіп қалмауы. Кешегі карантин кезінде бұрынғы оқырмандарымызға жаңа лек қосылды, – дейді кітапханашы Назгүл Дәуренбек.

Байланыссыз кітап жеткізудің бір тиімділігі, оқырман көңілі қалаған дүниесін өз шаңырағынан қарғаадым жер ұзап шықпай-ақ, таба алады. Кітапхана қызметкерлері оқырмандардың өтінішіне орай сұраған кітаптарын мекенжайына алып келіп, есігіне іліп кетеді. Бар болғаны сол-ақ.

Өздерінің міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, оқырмандарының кәдесіне қысылтаяң кезде де жарап тұрған рухани қазына орталығының оңды шаруасы өзгеге үлгі боларлық-ақ. Қазір қалалық кітапханалар ақпараттық жүйесіндегі 12 мекеме осылай жұмыс істеуде. Күні бүгінге дейін кітапханашылар қала тұрғындарына мыңнан артық кітап жеткізіпті. Алдағы уақытта тиімді әдістің шарапатын қариялар мен жүріп-тұруы қиын адамдар көре бермек.

Шын мәнінде көп көңілінен шығатын жоба емес пе?!

Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.