• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 27 Тамыз, 2020

Алматы облысында суармалы кезең сәтті аяқталды

400 рет
көрсетілді

Журналистер Ислам Даму Банкі қаржыландырған Көксу су қоймасын қайта жаңғырту жобасымен танысып, сол жерден суармалы су алатын шаруа қожалықтарының басшыларымен сұхбаттасты. Сондай-ақ Ескелді ауданы бойынша су тасымалдау жүйесінің жұмысымен танысты. Бұдан бөлек, Қызылағаш су қоймасы құрылысының аяқталу шегіндегі жұмыс барысын бағамдап қайтты. Бұл туралы пресс-тур барысында "Қазсушар" РМК Алматы облысы бөлімшесінің директоры Смайыл Қуметов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz

Биыл Алматы облысындағы өзендерінің су деңгейінің төмен болуына байланысты «Қазсушар» РМК өңірдегі шаруа қожалықтарын суармалы сумен қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыстар жүргізген болатын. Атап өтсек, бірқатар гидробекеттер мен су тораптары салынды. Су деңгейі тәулік бойы бақылауға алынды. Арнайы мамандардан құрылған комиссия су тапшылығы байқалған аймақтарға барып, суармалы судың тең бөлінуін қадағалады.

"Су деңгейінің төмен болуына байланысты "Қазсушар" РМК Алматы облыстық бөлімшесінің мамандары өңірдегі өзендер бойынша су берілу тәртібін әзірледі. Жергілікті шаруа қожалықтарының басшыларымен бірлесе отырып, су беру кестесін дайындадық. Соңғы бір айдың ішінде өңірде су тапшылығы жойылып, жағдай тұрақталды деп айтуға болады", деді Смайыл Қуметов.

Күрделі кезеңде қалыптасқан Ақсу ауданындағы су тапшылығы мәселесін оңтайлы шешкені үшін "Келешек", Квитко және "Қылышбеков" сынды жергілікті шару қожалықтарының басшылары да гидротехник мамандарға алғысын айтты. Тәулік бойы кезекшілік жасап, суармалы жерлерге су жеткізгені үшін ризашылығымызды білдіреміз деді шаруалар.

Бүгінгі таңда облыс бойынша төрт ауданда суармалы су тасымалдау желілерін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Олар Алакөл, Ақсу, Көксу және Ескелді аудандары. Аталмыш елді мекендердегі суармалы жерлердің жалпы аумағы 35,4 мың гектарды құрайды. Ислам Даму Банкі осы өңірлердегі су нысандарын қалпына келтіру үшін 18 млрд. теңге қаражат бөлген. Осылайша бүгінгі таңда Ескелді ауданындағы механикалық тазарту жұмыстары 80%-ға, бетон каналдарды жаңарту жұмыстары 90%-ға аяқталған. Ал, Ақсу ауданындағы қайта жаңғырту жұмыстары 2021 жылдың үшінші тоқсанында мәресіне жетеді деп жоспарлануда деді С.Қуметов.

Айта кетейік, "Қазсушар" РМК Алматы облыстық бөлімшесі 7 аудан мен 2 қалаға су арналары арқылы суармалы су береді. Олар Алматы облысының Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Көксу, Панфилов, Ұйғыр аудандары мен Қапшағай және Талдықорған қалалары. Бөлімше балансында 15 су жинау торабы, 9 су қоймасы және 5 мың шақырымдық су тарату желілері бар. Ол арқылы 8 ауданның шаруа қожалықтарына суармалы су жеткізілуде. 

Биылғы жылдың алғашқы 6 айында "Қазсушар" РМК Алматы облыстық бөлімшесі 7 мыңнан астам шару қожалығымен келісімшарт жасасқан. Қазіргі таңда көрсетілген қызмет шеңберінде 441 880,0 мың текше метр су таратылған. Ал межеленген жоспар 397 526 мың текше метр болатын. Осылайша жоспарды орындау көрсеткіші 120%-ды құрады.

 

Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.