• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Тамыз, 2020

Түзеу мекемелеріндегі азаптауға қатысты шағым көбейді

368 рет
көрсетілді

Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың деректеріне сәйкес, Қазақстанда қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде және қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін өзге де арнаулы мекемелерде орналасқан адамдарды азаптауға және қатыгездікпен қарауға қатысты шағымдар саны артты. Бұл туралы Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлттық алдын алу тетігінің жұмысы нәтижесінде бірқатар осындай жағдайлар анықталды. 2020 жылғы тамыздағы жағдай бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімованың атына 97 тиісті өтініш түсті, ал 2019 жылы барлық есепті кезеңде 83 өтініш түсті.

Жалпы биыл 8 ай ішінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілге азаматтар құқық бұзушылық туралы әртүрлі өтініштермен 705 рет жүгінді (өткен жылы 1090 шағым түсті).

Түскен өтініштердің ішінде антисанитариялық жағдайларға, ар-ождан және діни сенім бостандығына құқықты шектеуге, білікті медициналық көмектің жеткіліксіздігіне, еңбек құқығын бұзуға, гендерлік белгісі бойынша кемсіту жағдайларына, тамақ, киім және аяқ киім сапасына қатысты шағымдар бар.

Сондай-ақ бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу шарттарының тым милитаризациялану практикасына байланысты өтініштер де орын алып отыр. Бұл әскери казармалық атрибутиканы қолдануда, тұтқындардың марштық құрылысында, оларға қатысты әскери командаларды ұсынуда көрінеді.

Бірқатар шағым бас бостандығынан айырылған азаматтарға қатысты қатыгездікпен байланысты болды. Тіпті, науқастарға қатысты зорлық-зомбылықты қолдана отырып, санкцияланбаған тінту, ұрып-соғу және қорлау жағдайлары кездескен.

Барлық алынған өтініштердің қорытындысы бойынша тексерулер жүргізілуде, уәкілетті органдардың атына хаттар дайындалып, жолданып жатыр.

Сотталғандардың аталған барлық өтініші БҰҰ-ның Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенциясының бұзылуынан белгі береді, біздің еліміз – оны сақтауға міндеттеме алған қатысушы мемлекет.

Қазіргі уақытта Қазақстанда Азаптауларға қарсы ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ) тұрақты негізде жұмыс істейді, соның нәтижесінде уәкілетті органға түскен сотталған адамдардың көптеген өтініші тіркелді. Тұтқындардың барлығы әкімшілік тарапынан жасалған санкциялар мен жазалар туралы қауіптерге байланысты түрме режіміне шағым жіберуге шешім қабылдай бермейді, өйткені олардың өтініштері қандай да бір жолмен пенитенциарлық мекемелер басшылығының инстанциясынан өтеді.

ҰАТ – азаптауларды және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерін анықтау және алдын алу мақсатында жабық мемлекеттік мекемелерді қоғамдық бақылаудың бір түрі. ҰАТ жұмысына тартылған сарапшылардың міндеті – адамдарды қоғамнан оқшаулау орындарына үнемі бару және ондағы адамдардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуына мониторинг жүргізу. Мұндай мекемелердің қатарында түрмелерден басқа тергеу изоляторлары, полиция учаскелері, наркологиялық диспансерлер, жетім балаларға арналған денсаулық сақтау ұйымдары, қарттар мен 1, 2-топтағы мүгедектерге арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары бар.

ҰАТ қатысушыларының құрамына Адам құқықтары жөніндегі уәкілден басқа азаматтардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын қоғамдық бақылау комиссиялары мен қоғамдық бірлестіктердің қазақстандық азаматтар арасынан іріктелетін мүшелері, заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер, дәрігерлер кіреді. ҰАТ мандатымен қамтылған әрбір мекемеге құрамында 4 қатысушы бар ҰАТ тобы келеді. Жыл сайын ҰАТ қатысушылары 500 мекемеге барады.

Осылайша адам құқықтары жөніндегі уәкілге жыл сайын адам құқықтарын қорғау және бұзылған құқықтарды қалпына келтіру жөніндегі уәкілетті органдардың атына ұсынымдар мен өтініштерді талдау және әзірлеу үшін ҰАТ қатысушыларының 500-ге дейінгі есептері қарауға түседі. Алайда барлық ұсыныс уәкілетті мемлекеттік органдардың қолдауына ие бола бермейді. Мәселен, соңғы жылы ұсынылған ұсынымдардың бір бөлігі ғана іске асырылды: Қылмыстық-атқару жүйесі комитетімен 48 ұсынымның 10-ы орындалды, 19 ұсыным орындалу сатысында, 19 ұсыным қолдау таппады.

Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректеріне сәйкес, 2019 жылы ҚР ҚК 146-бабы бойынша СДТБТ-да азаптау туралы қылмыстар үшін 86 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. 2020 жылдың 5 айында аталған бап бойынша Қазақстанда 131 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. 2020 жылдың 3 айында азаптағаны үшін 16 адам сотталды. 2020 жылдың 3 айында азаптағаны үшін сотталған полиция қызметкерлері – 1, ҚАЖК қызметкерлері – 10, бұрын сотталған адамдар – 5.