Еліміз егемендік алған алғашқы жылдардан бастап бүгінге дейін болған өміршең өзгерістердің барлығы да Ата Заңымыздың аясында жүзеге асып келе жатыр. Өйткені Қазақстанның өсіп-өркендеуі мен қарқынды дамуының негізі – биыл қабылданғанына 25 жыл толып отырған еліміздің Конституциясы. Халқымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруы мен мемлекетіміздің саяси тұрақтылығының да алтын арқауы – Ата Заңымыз. Бұл басты құжат еліміздегі орнықтылықтың, халқымыздың ырысты ынтымағының кепілі. Сондықтан Ата Заңның әрбір тарауы, әрбір бабы, әрбір тармағы біз үшін аса қадірлі де қастерлі.
Қолданыстағы Ата Заңымыз еліміздің тәуелсіздік алған жылдарынан бергі аралықта өмірдің талап тілегіне орай, сынаптай сырғыған уақыттың сұраныстарын ескере отырып, өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жетілдірілді.
Ата Заң біздің ұлттық құндылықтарымыздың, рухани кодымыздың, діліміздің берік қорғаны және негізгі кепілі.
Еліміздің Негізгі Заңының алғашқы бабында «Мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» екені айтыла отырып, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық болып саналатынына баса назар аударылды. Конституциямыздың ІІ-бөлімі «Адам және азамат» деп аталады. Онда адамға қажетті рухани игіліктерге айрықша мән берілген.
Ұлттық құндылықтарымыздың ендігі маңызды саласы – дін. Оның белгілі бір халықтың, ұлттың өмірінде үлкен рухани-идеологиялық рөл атқаратыны еш дәлелдеуді қажет етпейтін жайт. Бұл «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң аясында реттеледі. 6 тарау, 25 баптан тұратын аталған заң Ата Заңнан туындап отырғаны мәлім. Діни сенім-нанымға байланысты мәселелер Конституциямыздың бірнеше (19, 22) бабында айрықша аталған. Оларда – әркімнің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға хақылығы, кез келген адамның ар-ождан бостандығына құқы бар екені, оны жүзеге асыру жалпыадамзаттық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс екені ескерілген.
Рухани кодымыздың келесі бір сүбелі тармағы – ұлттық мәдениетіміз. «Мәдениет туралы» заң 8 тараудағы 40-бапта сараланып қарастырылған. Мұнда халқымыздың мәдени құндылықтары мен ұлттық мәдени игіліктері, мәдени мұралар мен оларды сақтау, салт-дәстүр, тарихи-мәдени маңызы бар өнер жәдігерліктерін қорғау, қамқорлық жасау мәселелері жіліктеп берілген. Әрине мұның да басты кепілі еліміздің Ата Заңы. Өйткені Конституцияның 37-бабында; «...Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарих пен мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғауға міндетті», деп ерекше ескертілген болатын.
Осы аталған мәселелердің қатарында 38-баптағы Қазақстан азаматтарының табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға міндетті деген қағиданы да ұлттық құндылықтар қатарында атап өтуді орынды деп білеміз. Себебі туған жер, оның әсем табиғаты, бүкіл – жерасты және жерүсті байлықтары халықтың баға жетпес игілігі әрі аса маңызды құндылығы екенін еш уақытта ұмытпағанымыз жөн.
Еліміздің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны мемлекеттік және ұлттық құндылықтар ретінде Ата Заңның 9-бабында атап көрсетілген. Олардың сипаттамасы және пайдалану тәртібі Конституциялық заңмен белгіленген. Ал 34-баптағы екі тармақта әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдар құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге, әркім Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті екендігі қадап айтылған. Бұл мәселеге де еліміздің әрбір азаматы ерекше мән бергені орынды.
Біздің бүгінгі егемен еліміздің негізгі құндылықтарының бірі – отбасы. Ол мемлекеттің шағын бөлшегі іспетті. «Отан – отбасынан басталады», деген аталарымыз. Сондықтан бұл жайт Қазақстан Республикасының Конституциясында арнайы баппен қорғалған. 3 тармақтан тұратын 27-бапта көрсетілгендей, неке мен отбасы, ана мен әке мемлекеттің қорғауында болатыны, балаларға қамқорлық жасау және тәрбиелеу ата-ананың етене құқығы әрі міндеті екені, кәмелетке толған, еңбекке қабілетті балаларға еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасау міндеттелетіні тайға таңба басқандай жазылған.
Әрбір елдің, әрбір халықтың, кез келген мемлекеттің өсіп-өркендеуі, табысты болуы білім мен ғылымға тікелей байланысты екені айтпаса да белгілі. Сол себепті де бұл салаларды рухани игіліктердің, ұлттық құндылықтардың қатарында атағанымыз жөн. Қоғамдық өмірдің аталған екі саласына екі бірдей заң арналған. Оқу-білім саласы – «Қазақстан Республикасының Білім туралы» заңымен реттеледі. Ол 12 тарау, 68 баптан тұрады. Ал «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының заңы (5 тарау, 22 баптан тұрады) ғылым және ғылыми-техникалық саладағы қоғамдық қатынастарды реттейді. Бұл екі заңның да іске асырылуына Ата Заңымыздың тиісті баптарында кепілдіктер берілген.
Осы ретте аталған екі маңызды мәселеге де ел Президенті Жолдауының «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» атты IV тарауында баса назар аударылған.
Жиыны ІХ бөлім, 98 баптан тұратын Қазақстанның Ата Заңы – «Президент», «Парламент», «Үкімет», «Конституциялық кеңес», «Соттар және сот төрелігі», «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару», сондай-ақ қорытынды мен өтпелі ережелерді қамтыған аса маңызды тарихи мәні бар құжат. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында Ата Заңға:
«... Конституция – конституциялық құрылыстың құндылықтары, институттары мен нормалары, әлеуметтік байланыстар мен мемлекеттік биліктің қатынастарын мемлекеттік – құқықтық реттеу негіздері ресми түрде баянды етілетін ең жоғарғы құқықтық нысан. Конституция осы заманғы мемлекеттіліктің маңызды белгісі болып табылады», деген анықтама берілген. Олай болса, еліміздің әрбір азаматы, әрбір тұрғыны, Ата Заңымызды және одан туындайтын басқа да салалық заңнамаларды көздің қарашығындай сақтап, оны қадірлеп-қастерлеуі керек. Өйткені, мемлекетіміздің басты Заңы – Конституциямыз бүкіл қазақстандықтардың өмір сүруі мен өсіп-өркендеуінің, мемлекетіміздің қарқынды дамуының берік негізі, республика халқының жарқын болашағының бірегей кепілі, сонымен бірге тұғырлы тәуелсіздігіміздің темірдей тірегі. Сондықтан мұны әрқайсымыз жадымызда ұстағанымыз абзал.
Ақмарал СМАНОВА,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті,
заң ғылымдарының кандидаты